АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ САБАҚТАС ҚҰҚЫҚТАР

Автор – шығармашылық еңбегімен ғылым, әдебиет, өнер туындысын жасаған жеке тұлға. Авторлық құқық автордың мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтары болып табылады. Авторлық құқықтың жаңа кезеңі еліміздің тәуелсіздігімен тікелей байланысты, 1992 жылы бүкілодақтық агенттіктің Қазақ бөлімшесі негізінде Қазақстанның авторлық құқық және сабақтас құқықтар жөнінде Мемлекеттік агенттігі құрылды.
Сабақтас құқықтар – орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарының мүліктік құқықтары және орындаушының жеке мүліктік емес құқықтары. Сабақтас құқықтар авторлық құқықпен қорғалатын шығармалар төңірегінде қалыптасады. Сабақтас құқықтың авторлық құқықтан айырмашылығы дайындау, жазу, тарату, барысында делдал қызметін атқаратын адамға тиесілі болады. Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау ісінде елімізде біршама жұмыстар жасалуда. Сабақтас құқық саласындағы заң бұзушылықтар үшін азаматтық, әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктер көзделген. Айталық, интернет желісінде туындыларды заңсыз пайдалану фактілерін болдырмау мақсатында ҚР Қылмыстық кодексінде, және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте авторлық құқықты бұзғаны үшін жауапкершілік туралы көрсетілген.
Авторлық құқық объектілерін заңсыз пайдалану мақсатында интернет ресурсын ұйымдастыру және жасау арқылы авторлық құқық объектілерін заңсыз пайдаланғаны үшін тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде туындыларды заңсыз пайдаланғаны үшін ӘҚБтК-нің 129-бабында интернет желісінде пайдалануды қоспағанда, авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерін заңсыз пайдалану, сол сияқты өткізу мақсатында авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерінің контрафактілік даналарын сатып алу, сату, тасымалдау және дайындау, авторлықты иеленіп алу немесе тең авторлыққа егер бұл іс-әрекеттерде қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері болмаса, жеке тұлғаларға айлық есептік көрсеткіштің оннан он беске дейінгі мөлшерінде лауазымды адамдарға жиырмадан отызға дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаларға бір жүзден бір жүз елуге дейінгі мөлшерінде айыппұл салынатыны көрсетілген.
Құқықтық мемлекет құруда қай салада болмасын қоғам мүшелерін қорғау және бұл салада азаматтардың белсенділік көрсетуі заман талабы. Бұл орайда елімізде оның ішінде Қызылорда қаласында атқарылып жатқан жұмыстар жеткілікті деуге болады.
Алмат ЖЕЛДЕРБАЕВ,
Қызылорда қаласы әділет басқармасының зияткерлік меншік құқығы саласы бойынша инспекторы.

ҚОҒАМ 19 қараша 2013 г. 5 809 0