Бестам ауылдық округінің әкімі Нұржан Жақыпов үстіміздегі жылдың үш тоқсанының қорытындысымен Шиелі ауданы бойынша үздік ауыл әкімі атанды. Басшылыққа осыдан үш жыл бұрын ауыл ақсақалдарының ұсынысымен тағайындалған еді. Содан бері жас жігіт расында сенімнен шығып келеді. Биылғы жылғы барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау барысында да өзге үміткерлерден басым дауыс алып, өз округіне қайта сайланды. Міне, енді «Алтын күз» мерекесінде озаттар қатарында сахна төріне көтеріліп, аудан әкімі қолынан арнайы марапат алды.
– Еліміздегі заңдарды басшылыққа ала отырып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсартуға, алға қойған міндеттері мен тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында жұмыстар атқарып келеміз. Бұл орайда аппарат қызметкерлерінің және де осындағы қоғамдық ұйымдардың бірлесе жұмыс атқаруының мәні зор. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Ыбырайұлы үнемі ақыл-кеңесін беріп, дұрыс жұмыс істеуімізге тілектес болып жүреді. Біз де өз кезегімізде тыңғылықты шаруа атқаруға құлшыныстамыз, – дейді ауыл әкімі бізбен әңгімесінде.
Бүгінгі таңда Бестам ауылдық округінде 326 отбасы, 1898 адам тұрады. Аталған ауыл тұрғындарының 145-і зейнеткер, 41-і еңбек және бала жасынан мүгедектер. «Алтын алқалы» – 46, «Күміс алқалы» 32 ана бар. Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек еткен 15 ардагер болса, 2 азамат ауған және 1 азамат тәжік соғысының ардагерлері. Ардагерлер арасында зор беделге ие Қалдыбек, Жорабек, Елтай қариялар ауылдың ынтымағы, жамағаттың ауызбіршілігі жолында тер төгіп жүреді. Бірлесе атқаратын шаруалар шыққанда жұмыла кететін жақсы әдеттері бұл ауылдың атын жақсы жағынан шығарып жүр. Мектептегі 70 мұғалім 375 оқушы да елді мекеннің көркейе түсуіне белсене атсалысады. Туған мекендерінің үлгілі ауыл атануына олардың да біршама үлестері бар екендігін айтқан жөн болар.
Ауылшаруашылық саласы ауыл адамдарының негізгі тіршілік көзі екендігі белгілі. Осы орайда Бестам ауылындағы іріленген «Ақниет-2», «Алтын дән» шаруа қожалығы, «Жаңа Бестам» ЖШС-ның бір өндіріс бригадасы, 8 жанұялық шағын шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығы жұмыстарымен айналысып, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Аталмыш шаруашылықтар биылғы жылы 604 га күріш, 96 га картоп, 53 га көкөніс, 97 га бақша өнімдерін егіп, жоғары өнім алуға қол жеткізді. Сонымен бірге ауыл тұрғындарында 1305 ірі қара, 290 жылқы, 49 түйе, 2150 қой-ешкі, 1200 тауық бар. Округ бойынша 3127 гектары ауылшаруашылық жер бар болса, оның 2340 гектары егістік, 136 гектары шабындық, 954 гектары жайылымдық.
«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауылдық округтегі бар тұрғын үйлерге ауыз су жүйесі жүргізіліп, пайдалануға берілгендігі жұртшылықты марқайтып отыр.
Ауылдық округте «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының І-бағыты бойынша 33 адам қатысып, оның ішінде кәсіптік даярлауға – 7 адам, қайта даярлауға – 2 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 15 адам, жастар тәжірбиесіне 9 адам тартылған. Осы бағдарлама аясында 5 шағын несие серіктестігі құрылып, 1 шағын несие серіктестігінің мүшелері ауыл шаруашылығын және шағын кәсібін дамыту мақсатында 16 млн. 400 мың теңге несие алды.
Ауыл әкімінің ізденісі нәтижесінде облысқа белгілі азаматтар ауыл көркін сәулеттендіруге атсалысып тұрады. Мәселен, облыстық мәслихат депутаты Тілеуберген Шәутай мырзаның демеушілігімен ауылдық «Досман қажы» мешітінің жаңа құрылысы басталуы елдің алдағы үмітін нықтай түсті.
– Елді мекенде орналасқан Абай Құнанбаев, Сайыпназар Төлебаев және Әбілаш Әбуов көшелеріне және екі жыл бұрын жөндеу жұмысы жүргізілген М.Әуезов көшесінің қалған жерлеріне жөндеу жұмыстарын және осы аталған көшелерге жарықтандыру жұмыстарын жүргізуге сметалық құжаттарды дайындадық. Тиісті мекемелер арқылы алдағы уақытта аталған жұмыстар атқарылады, – дейді ауыл әкімі Нұржан Тәліпханұлы.
Иә, жетістіктер еңбекпен келеді. Мемлекеттік бағдарламаларды тиянақты орындай білсе, ауылдың берекесі тасып, сәні кіреді. Біз әңгіме еткен азамат көптің көңілін маңызды бағдарламалардың бабын тапқан басшының бірі.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.