«Біз қазақ мал
баққан елміз. Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын
деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз» деген ғой қаз
дауысты Қазыбек би. Бұл – біздің жұрттың бүкіл болмыс-бітімін ашатын сөз.
Кеңпейілдігін, жомарттығын, қонақжайлығын, бейбітшіліксүйгіштігін дәл
көрсеткен, анық айтқан, көркем кестеленген осы суреттеу бүгінгі қазаққа да тән.
Сын сағатында
бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, елдің тыныштығы мен тұрақтылығын басты
құндылық санайды біздің жұрт. Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс
президенттік сайлау өткізу туралы ұсынысын халқымыз мемлекетіміздің баянды
болашағы, кемел келешегі үшін жасалған жақсы қадам ретінде қабылдады. Сондықтан
біртұтас қолдап, қуаттап, Елбасына арнайы хат жолдап, саяси шешімді қабылдауды
сұрады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев халықтан түскен өтініш-тілектерді тыңдап,
ой елегінен өткізіп, терең сараптап, өзінің кесімді сөзін айтты. Сонымен,
президенттік сайлау 26 сәуірге белгіленді. Бұл дер шағында, дәл уақытында
қабылданған шешім болды.
Елбасы өз
Үндеуінде президенттік мерзімді референдум арқылы созғаннан гөрі кезектен тыс сайлау
өткізген дұрыс деді. Әлемдік саясат қым-қиғаш кейіпке еніп, дағдарыстың дауысы
зорая түскен мына шақта елдің болашағын алдын ала айқындап алмаса болмайды.
Мұндай кезеңде бізге ең алдымен тыныштық пен татулық керек. Алауыз болмай,
араздыққа бармай, бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай ауызбіршілікте
болсақ қана алда тұрған қиындықтарды еңсере аламыз.
«Жер бетінде
саны қанша миллион болса да туын тігер ұлтарақтай жерді, ұрпағына мирас етер
елді арман еткен ұлттар қаншама! Елі болғанмен бағдары жоқ, бағдары болғанмен
берекесі жоқ халықтар да көз алдымызда. Қазақстан даму көшіне ілескен елдерден
суырылып шығып, көш тізгінін ұстаған елдердің санатына бет алды», – деді
Мемлекет басшысы. Шекарасы бекітілген жеріміз бар, біртұтас еліміз бар.
Бағытымыз айқын. Бағдарымыз анық. Сондықтан дамудың көшіне еркін енген халқымыз
алдағы саяси сәтте өзінің болашағын адаспай таңдайды деп ойлаймын.
Сейілбек
ШАУХАМАНОВ,
облыстық
ардагерлер кеңесінің төрағасы.