Бір кездері 13000-ға дейін жеткен кәсіподақ мүшелері, кейіннен қысқартуларға ұшырап, қайта ұйымдастыруға байланысты саны азайып кетті. Қазіргі таңда 4000-ға жуық кәсіподақ мүшелерін біріктіретін облыстық комитет құрылымында 7 аудандық кәсіподақ комитеті, 220 бастауыш ұйым бар.
Мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитетінде кәсіподақ мүшелерін ынталандыру мақсатында көптеген шаралар атқарылуда. Комитет штатында заңгер қызметі сақталып, тегін заңгерлік көмек көрсетіледі. Кәсіподақ активтерін оқыту, семинарлар мен практикум-кеңестер үнемі өткізіледі.
Сондай-ақ, еңбекшілер мен олардың балаларын сауықтыру да облыстық комитеттің басты шараларының бірі. Балаларды жазғы демалыс лагерьлеріне жіберіп, еңбекшілердің шипажайда емделуіне кеткен шығынын 30 пайызға дейін өтеп отыр.
Кәсіподақ ұйымдарының алға қойған басты міндеті – өз мүшелерінің кәсіби, еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғауды облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің және денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіподақ комитеттерінің заңгері Інжу Жүсіпәлиқызы жүзеге асырып келеді.
Өз ісінің үздігі, білікті де білімді заңгердің 32 жыл бойы кәсіподақ саласына сіңірген еңбегі, қосқан үлесі зор.
Жуырда облыстық кәсіподақтар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен кеште «Кәсіподақ тарланы» номинациясымен заңгер І.Жүсіпәлиева, «Жанашыр» номинациясымен әрдайым кәсіподақ мүшелеріне жанашырлық танытып, қамқорлық көрсетіп, олардың мүддесін қорғауда өз үлесін қосып келе жатқан Жалағаш аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ажаркүл Каюпова, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтарының Федерациясының «Құрмет» грамотасымен Жаңақорған аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Қалмақан Тәжіғұлов, Қызылорда облыстық кәсіподақ кеңесінің «Құрмет» грамотасымен Суда құтқару қызметінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Сара Жақанова марапатталды.
Салық департаментінің ұжымы арасында кәсіподақтар күнін атап өту мақсатында кеш ұйымдастырылды. Кеште кәсіподақ ұйымында атқарылған істері, орындалған жұмыстары жөнінде баяндалып, кәсіподаққа үнемі қолдау көрсетіп, белсенді басшы бола білген А.Б.Тілегенов, зейнеткерлік жасқа жеткен департамент қызметкерлері Г.С.Щербакова, Н.Ыдырысов облыстық кәсіподақ комитетінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Сәуле ТҰРСЫНБАЕВА,
облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің қызметкері.