ЖҮРЕГIНЕН ЖЫЛУ ТӨГІЛГЕН

Айналаға мейірімділікпен қарап, қамқорлық таныту, жылағанды жұ­ба­тып, жығылғанды демеу – адам баласының бойындағы асыл қасиет­терінің бірі. Десек те, бүгінгідей мейі­рімділігінен қатыгездігі қалың болып тұрған мына қоғамда мұқтаж жандарға болысу, мұңайғанның маңдайынан сипау екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Осы орайда қауқарсыз жандарға көмек қолын созатын қалалық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар бөлімі үйге әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің қызметін ерекше ықыласпен атауға болады. Бұл аты айтып тұрғандай жалғызілікті, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсететін бірден-бір мекеме. Мұнда жүрегі мейірімге толы, бойында жанашырлық сезімі басым, сабырлы, қызметіне жауапкершілікпен қарайтын адал жандар ғана жұмыс істей алар еді деп ойлаймын. Өйткені жаны жаралы адам қашан да кірпияз, кінәмшіл келері сөзсіз. Олардың «еркеліктерін» көтеріп, кірпияздықтарына төтеп беру тек сабырлы, қызметіне адал жанның ғана қолынан келмек. Осындай жауапкершілігі мен бейнеті көп қызметті алғаусыз атқарып жүрген жанның бірі – Күлзира Жылқайдарова.

Күлзира Мұқанғалиқызы жоғарыда біз атап өткен қалалық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйге әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің әлеуметтік қызметкері. Осы салада табаны күректей 20 жылқызмет атқарған оны ұжымы білікті маман ретінде бағалайды.

Жалпы, берілген мәліметтерге сүйенсек, қалалық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде жалғызбасты бөгде адамның көмегіне мұқтаж қарт пен мүгедек есепте тұрады. Оның ішінде біреуі Ұлы отан соғысының ардагері болса, 46-сы мүгедек жан, 128-і зейнеткер. Бұлардың 122-сі өзге ұлт өкілдері екен. Міне, осы кембағал жандарға мекеменің 26 әлеуметтік қызметкері аптасына кемінде екі рет барып күнделікті қажетті азық-түліктерін, ыстық тамақ, тұрмыстық заттарды сатып алуға және үйлеріне жеткізіп беру, пәтерлеріне тазалық жұмыстарын жүргізу, коммуналдық төлемдерді төлеуге көмектеседі. Сонымен қатар, медициналық әлеуметтік қызмет көрсету, соның ішінде мүгедектерді оңалту бағдарламасына сәйкес қажетті құралдармен қамтамасыз етіп, үйге дәрігер шақыру және денсаулық ұйымдарына дейін қызмет алушыға ілесіп жүру, қызмет алушымен әңгімелесу, басқа да мәдени іс-шараларға қатысуын қамтамасыз етеді. Қысқасы, олардың өмір сүруіне, қоғаммен араласуына ықпал жасайды.

Біздің кейіпкеріміз – Күлзира Мұқанғалиқызының қарамағында 12 қарт кісі бар. Жабырқаулы жандарға көмек қолын созу Күлзираның басты жұмысы.

– Қарт кісілер көбіне беймаз келеді. Оның үстіне ауру-сырқауға бейім. Бір күні басы ауырса, екінші күні қан қысымы көтеріледі. Ауырған адам мазасызданады ғой. Ондай жағдайда бізге де оңайға түспейді. Әр істеген ісімізге мұқият болуымыз керек, әйтпесе жақтырмай қалуы мүмкін. Ондайда ас-суын дайындап, қастарында отырып, әңгімелесіп, көңілін аулауға тырысамын. Дәрі-дәрмегін жеткізіп, қажет болғанда өздерімен еріп жүріп емханаға барамыз. Коммуналдық қызмет ақыларын төлеп, азық-түліктерін сатып әкеп береміз. Осындай жүріспен өзіміз де шаршаймыз. Жас кезімізде білінбейтін, қазір өзіміз де жасымызға жас қосып келеміз,– дейді Күлзира бізбен әңгімесінде.

Бір қуанарлығы, осы уақытқа дейін бұл кісінің қызметіне реніш айтқандар болмапты. Керісінше, өзінің сабырлы да салмақтылығының әрі қызметіне жауапкершілікпен қарауы нәтижесінде Күлзира қарамағындағы қарт кісілердің ризашылығына бөленіп, алғысын алып келеді.

Күлзира Мұқанғалиқызы тек білікті маман ғана емес, ол сонымен бірге үлкен отбасының ақылшысы, көпбалалы ана. Өзі тәрбиелеп, өсірген алты баласының алды бүгінде қызмет істеп жүрсе, арты студент. Балаларынан өрген алты немересінің сүйікті әжесі.

Күлзира Жылқайдарованың жиыр­мажылдық еңбек жолындағы өнегелі ісі, ұжым ортасындағы абыройы өз кезінде лайықты бағаланып та жүр. Мәселен, оның 2008 жылы қала әкімінің алғыс хатына ие болуы, 2012 жылы облыс әкімінің алғысына бөленуі осы сөзіміздің дәлелі. Өткен 2014 жыл да Күлзира Мұқанғалиқызы үшін жемісті жыл болды. Өйткені ол облыс әкімінің «Жыл қамқоршысы» деген атағын иеленді.

– Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды. Осы номинациямен марапатталғанда қатты қуандым. Негізі, адал еңбек ешқашан зая кетпейді. Менің еңбегімді елеп, бағалаған ұжымыма, басқа да құзырлы орындарға алғысым шексіз. Облыс әкімі қарапайым еңбек адамын құрметтеп, еңбегіне лайықты сый көрсетуді жақсы қолға алды. Бұл барлық басшыларға үлгі болуы керек деп ойлаймын. Ал бұл марапат маған үлкен күш-жігер береді, қызметіме деген жауапкершілікті онан әрі күшейте түсті, – дейді ол ағынан жарылып.

 

Айнұр БАТТАЛОВА.

ҚОҒАМ 17 ақпан 2015 г. 1 028 0