ҰЛАҒАТТЫ ҰРПАҚ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Қызылорда қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығында «Ұлағатты ұрпақ – ел болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.
Облыстық ішкі саясат басқармасы, «Мәртебелі Қазақстан» қоғамдық қоры және қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты жас ұрпақтың адамгершілік, имандылық қасиеттерін арттыруға ықпал ету, жастарды елін, жерін сүюге, тілін, дінін, ата-анасын құрметтеуге, рухани құндылықтарымызды бағалауға насихаттау, қоғамда ұрпақ тәрбиесіне қатысты атқарылып жатқан өнегелі істерден хабардар етіп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру болып табылады. 
Басқосуға облыстық ішкі саясат басқармасының, облыстық тілдерді оқытудың өңірлік орталығының қызметкерлері мен дін өкілдері, мектеп оқушылары мен ата-аналар және ұстаздар қатысты. 
Дөңгелек үстел отырысын облыстық ішкі саясат басқармасының сарапшысы, дінтанушы маман Жеңісбек Дәрібаев ашып, тақырыптың өзектілігі, оның маңызы жөнінде және дін саласында, әсіресе дәстүрлі дінді насихаттау барысында аймақта атқарылып жатқан шаралар жайында айтып өтті. Өз кезегінде сөз алған «Мәртебелі Қазақстан» қоғамдық қорының төрайымы Нұрсәуле Мұсаева ұрпақ ұлағаттылығы, жастарды білімге, елжандылыққа тәрбиелеудің маңызы турасында әңгімелесе, дінтанушы ғалым Тұрар Әбуов бүгінгі таңдағы діннің қоғамдағы рөліне тоқталды, жастарды түрлі діни ағымдардың шырмауына түсуден сақ болуға шақырды. Басқосудың қонағы, қала тұрғыны қажы Күләй Ибраимова биыл қажылыққа барған сапары, ондағы алған әсерімен бөлісіп, жас буынды имандылыққа үндеді.  Дөңгелек үстел барысында оқушылар дінге, тілге, адамгершілікке, тәрбиеге қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті, тақырыпқа байланысты ақпараттық-танымдық бейнематериалдар көрсетілді.  Соңында өскелең ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеуде белсенділік танытып жүрген бір топ ұстаз арнайы Алғыс хатпен марапатталды.
Дөңгелек үстел отырысын қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастырушы - педагогы Бағдагүл Нақышова жүргізді.
Айнұр БАТТАЛОВА.

ҚОҒАМ 16 қараша 2013 г. 2 297 0