ТҰМАНДЫ АЛЬБИОННАН ЖЕТКЕН СЫЙЛЫҚТАР...

балғындарға қуаныш сыйлады
Қазақстан Республикасының өткен жылы қабылданған «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзету арқылы қолдау туралы» Заңына байланысты мүгедек және мүмкіндігі шектеулі балаларды түзете дамыту, оңалту, әлеуметтік бейімдеу мақсатында аудандық білім бөлімі жанынан заңды тұлға статусы берілмеген психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылған болатын. Қазіргі уақытта Сырдария ауданының психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мемлекеттік мекемесі көмекке мұқтаж мүгедек және мүмкіндігі шектеулі 25 баламен жұмыс жасауда. 
2005 жылдан бері психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінен 122 бала түзету көмегін алды. Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап 25 бала аталмыш кабинетке келіп, қажетті көмектерін алып жатыр. 
– Бізбен бірге бұл балалардың ата-аналары да жұмыс істейді. Олар балаларымен бірге кабинетке келеді, сондай-ақ үй жағдайында балалардың уақытылы дәрі-дәрмек қабылдауына, түрлі жаттығулар жасауына көмектеседі. Міне, осындай белсенді қимыл жасаудың, ата-анасының қамқорлығы арқасында өз аяғына тұрып жатқандары да бар,-дейді бізбен әңгімесінде кабинет жетекшісі Жанар Сағындықова. – Әрине, қолымнан келсе, бұл жерді осы балалар үшін жұмаққа айналдырар едім. Қол қысқа. Бюджеттен кабинет үшін көп көлемде қаржы бөлінбейді. Мысалы, сабақ үшін қажетті құрал-жабдықтар көбіне демеушілер арқылы келеді. 
Демеуші демекші, жақында тұманды Альбион елінен арқаланып, «PROTRADE» Central Asіa компаниясының атқарушы директоры Кевин Робертс аудан орталығына келіп, аталған кабинетте мүмкіндігі шектеулі балалармен, олардың ата-аналарымен кездесті. Балғындарға алты қол арба, жұмсақ ойыншықтар сыйға тартты. Бір қызығы Кевин Робертс мырзаның жары, екі баланың анасы Айна Бөлебайқызы – Тереңөзектің тумасы.
– Осында туып өскен Айнаның туған жерін көру, қаймағы бұзылмаған ұлттық құндылықтарды сақтап қалған Сыр елінің халқымен танысу мен үшін үлкен қуаныш, – дейді ол,  – Осында келуіме себепкер болған Айнаға алғысым шексіз. Әрине, өмірдің қызығын әлі көріп үлгірмеген балалардың осындай жағдайларға тап болуы өкінішті. Біздің қолымыздан оларға осылайша көмектесу ғана келеді. Бұл сапар біздің іскерлік байланысымыздың бастауы болатынына сенемін. 
Қол арба Сәтбай Аяжанға, Болатбекова Нұрайға, Мейрамбекқызы Нұрайға тапсырылып, 2 қол арба кабинетте қалдырылды. Себебі, үйінен көлікпен келетін кейбір балаларды кабинетке дейін әкелу де қиындық тудырады екен. Сондықтан осы арбалармен оларды кабинетке дейін алып келу жоспарлануда. 
– Болашақта осындай жүріп-тұруы қиын балалар үшін арнайы жабдықталған көлік әперу ойда бар, – дейді Айна ханым. 
Айтпақшы, қайырымдылық сапармен келген Кевин мырза жары Айнамен бірге үлкен ұлы Тимучинді, қызы Сараны ала келіпті. Баланың аты бала емес пе, кабинетке келген өзге балалармен бірге қазақтың жиендері асыр сала ойнап, тіпті ойыншыққа таласып та алды. Ал, Тимучин болса үш тілде: қазақ, ағылшын, орыс тілінде ағып тұр...
Қайырымдылық акциясы кезінде ата-аналар атынан Света, Ақнұр есімді аналар сөйлеп, сонау қиырдан келіп, тағдыр тәлкегіне ұшыраған балаларға көмек қолын созған атымтай жомарт азаматқа алғысын білдірді.
С.СҰЛТАНҚЫЗЫ,
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.

ҚОҒАМ 16 қараша 2013 г. 1 709 0