ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫ ЖИІЛЕП КЕТТІ

Аптаның алғашқы  күні аймақ әкімшілігінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарованың жетекшілік етуімен  кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия отырысы болып өтті. Оған  комиссия мүшелері, қала әкімінің орынбасары, облыстық, қалалық білім және ішкі істер басқармаларының  басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі істер  бөлімдерінің басшылары селекторлық режимде қатысты.
Облыстық комиссия отырысында аймақ балалары арасында жол-көлік оқиғасының алдын алу мәселелері қаралды.  Атап айтқанда, білім беру ұйымдары жанындағы көше бойына орналасқан анық көрінетін қауіпсіздік белгілерінің орналасуы және автокөлік мектептерінің жұмыстарына жүргізілген зерделеу жұмыстары,  жол қозғалысы Ережелері бойынша мектептерде ҚР Білім және ғылым министрінің 2007  жылғы 24 тамыздағы №404 бұйрығының орындалу барысы бойынша облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Арман Қаржаубаев, облыстық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары Әмірбек Шаймағанбетов және облыстық білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамов хабарлама жасады.
Хабарламашылардың айтуынша, бүгінгі таңда балалардың жол-көлік оқиғаларына ұшырауы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бұған дейін бұл мәселелер облыстық деңгейде бірнеше рет көтерілгенімен де әлі нақты нәтижеге қол жетпей келеді. Автокөлік жолына жақын орналасқан білім беру ұйымдары жанындағы анық көрінетін қауіпсіздік белгілерінің қойылуы көңіл көншітпейді. Мүдделі мекеме мамандарының жүргізген рейд қорытындысы көше бойына орналасқан 75 мектептің айналасында 358 анық көрінетін қауіпсіздік белгілерінің орнатылғанын көрсетті.  Бұл бұған дейінгі жағдаймен салыстырғанда  60 пайызға артық болғанымен, әлі  кемшін түсіп жатқан тұстар жетерлік екені анық. Тексеру қорытындысы Жаңақорған ауданының қауіпсіздік белгілерін орнатуды 20 пайызға орындап, ең төменгі көрсеткішке ие болғанын көрсетсе,  Сырдария ауданының бұл тапсырманы 66 пайызға орындап, облыс көлеміндегі ең жоғары көрсеткішке жеткенін паш етті. Солай бола тұрғанымен де, үстіміздегі жылдың 10 айында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда балалар мен жасөспірімдер арасындағы жол-көлік оқиғалары 23-тен 72-ге өсіп отыр. Қайғылы қазаға ұшырағандар саны – 10. Осының 68-де, яғни 90 пайызында оқиға негізінен жүргізушілер, 4-де балалар кінәсінен болған. Бұдан шығатын қорытынды не? Демек, өңірдегі жүргізушілер даярлайтын 29, яғни облыс орталығындағы 14, аудан орталықтарындағы 15  автомектептің жұмысын жетілдіру, материалдық базасын нығайту, ондағы білім беретін мамандар сапасын арттырып, олардың жеке жауапкершілігін көтеру қажет. Ал мектеп жасындағы балалардың жол қауіпсіздігі ережелерін жетік меңгеруіне күш салу  керек.
Жол-көлік оқиғаларының себептерін зерделей келгенде, біздегі көліктерде  ана мен баланы отырғызатын арнайы орынның жоқтығы, заман талабына сай  жол белгілерінің қойылмауы, патрульдік бекеттердің аздығы қынжылтады. Сонымен қатар, жүргізушілердің рульге мас күйінде отыруы, жылдамдықты шамадан тыс арттыруы, қарсы бетке шығып кетуі мен бағдаршамға жете назар аудармайтыны  да көлік апатына әкеп  соқтырады.
Аймақта жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларына орай түрлі жұмыстар  жүргізіліп келеді. Мәселен, қыркүйек айында жүргізушілермен «Абайлаңыз, балалар!» атты кездесулер, әрбір мектеп оқушылары және ата-аналарымен  жолда жүру ережелері бойынша  жиналыстар мен сынып сағаттары, «Жолдас көмекке асығады» атты анимациялық мультфильмнің көрсетілімі, сондай-ақ оқушылар арасында   сурет салу, шығарма жазу байқаулары, әртүрлі тақырыптағы сауалнама, пікірталас  жүргізіліп, арнайы сабақтар  ұйымдастырылды. БАҚ-та ақпараттық-насихаттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда «Дарын» орталығы қызметкерлерінің күшімен балалар үшін әртүрлі видиокөрсетілімдер дайындалуда.
– Елбасының өзі ел адамдарының жол бойындағы апаттан қаза тапқандары көбейгенін қынжыла айтқан еді,– деді облыс әкімінің орынбасары А.Әлназарова. – Жүргізушілерді тәртіпке шақыру, балалар мен жасөспірімдер арасында  жол қауіпсіздігі ережелерін жете  түсіндіру қажеттігі туындайды. Жол белгілерін қоюға  бөлінген қаражат жеткілікті. Ең бастысы,  жауапты мамандардың жанашырлығы мен шалт қимылы, жас буынға деген  қамқорлығы керек.
Облыстық комиссия  мүшелері  кәмелетке толмаған жасөспірімдердің құқықтарын қорғау бағытындағы ой-пікірлерін ортаға салды.  Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жүргізушілер мен жүргіншілердің көшеде жүру, жолды қиып өту  мәдениетін жете меңгеруіне күш салу қажеттігіне тіреледі. Жол қауіпсіздігі белгілерінің орнатылуы  осы айдың 15-не дейін аяқталуы тиіс. Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру мақсатында қала мен аудан әкімдеріне, тиісті сала басшыларына нақты ұсынымдар берілді.
Жұмагүл  ОРАЛБАЕВА.

ҚОҒАМ 16 қараша 2013 г. 2 006 0