ТУҒАН ЖЕРДІ АЯЛАУ ҰРПАҚ АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗ

Дана халқымыз «Аққан су астындағы топырағына қарай лайланып тазарады, адам барлық асыл қасиетін туған жердің топырағынан алады» дейді. Туған жердің топырағы киелі. Ол бірнеше ғасырдан бері ата-бабаның қан-терімен тұздықталған. Сол туған жердің топырағында бүгінгі ұрпақтың да ризығы жатыр. Сондықтан атамекенді аялау ұрпақ алдындағы парызымыз. Жаратушы иеміз төменгі Сыр елінің несібесін жердің бетінен де, астынан да мол етіп берді. Кеңес дәуірінде оған қаржы мен техника аямай төгілді. Құнарлы жерді аздырып, өндірген мол өнімге құнықтық. «Табиғаттың бермесін тартып алып, Қызылорданың сапалы күрішімен Одақ халқын қамтамасыз етеміз» деген жалаң ұранмен табиғатты қиратып, экология дағдарысына тап болдық.
Егемендік алғалы бері шет елдердің көмегімен жерасты байлығын игеріп, барлық жағдай жасап жатырмыз. Жерасты байлығы да шексіз емес. Ол да сарқылады. Жерасты байлығында да ұрпақтың несібесі бар екенін ескеріп, өндірген қаржының есебінен келешек үшін жер бетіндегі байлықты неге қайтадан қалпына келтірмеске деген ой туады. Сыр елінің тарихын, жері мен суының, табиғаты мен ауа райының өз ерекшелігін жетік білмей, бұрынғы қателік пен кемшіліктен іс жүзінде нақты қорытынды шығармай, облысымыздың келешегін болжауға да, жақсартуға да болмайды. Сол себепті осы бағытта өз ойымды ортаға салуды жөн көрдім. Су бар жерде өмір бар. Сырдың бойында өсімдік әлемі мен жан-жануар дүниесі тым ерте заманнан дамыған. Алғашқы адамдар да осы жерде топтасқан. Сол дәуірден бері егістік жерді суландыру жұмысы күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Суландыру дегеніміз – өсімдік әлемінің өркендеуіне және екпе дақылдан тұрақты мол өнім алуға қажетті топырақтың ылғалдығын табиғи су айналымы қамтамасыз ете алмайтын өлкеде сол ылғалдықты толтыру үшін қолдан суландыру жұмысын жүргізу болып табылады.
Өлкеміздің ауа райы қытымыр, жауын-шашыны аз, құрғақ желді болып келеді. Сондықтан екпе дақылға қосымша мол су беру қажет етіледі. Оған кері жағдай да кездеседі. Егістік жердің сортаң, жерасты тұзы жақын болуы да едәуір қиындық алып келеді. Осының салдарынан әр дақылдың өсу кезеңіне қарай қажетті мөлшерден артық берілген су өнімділікті азайтады. Егістік жерді істен шығарады. Демек, біздің өлкемізде су көптеген түйткілді шешетін құдіретті күш екені көрініп тұр. Халқымыз «Ел тағдырын жер шешеді» дейді. Сыр бойында елдің де, жердің де тағдыры тиімді пайдаланған су арқылы шешілген. Өткен тарихқа назар аударып көрелік. Ерте дүниеден бері біздің өңір бірнеше мәрте өркендеген жоғары мәдениетті суармалы аймақ болып, қайтадан құлазыған қу мекенге айналған екен. Сыр елінің осылайша біресе бағы жанып, біресе соры қайнағанын Кеңес үкіметінің ғалымдары С.Т.Толстов пен Б.В.Андриановтар ұзаққа созылған жаугершілік және Шыңғысханның жорығымен байланыстырады. Атақты ғалым Г.К.Ризенкампф оның себебін өлкеміздің құбылмалы қатыгез табиғатымен сабақтастырады.
Атамыз қазақ «Өмірдің жер – денесі, су – қаны, еңбек – жаны» дейді. Біздіңше, өмірдің қан тамыры – су жолдарын ақаусыз жұмыс істету басты міндет. Сол арқылы жаратылыс әлеміне жан бітіре аламыз. Су мен жерді қадірлей білсек, өңірдің бағы жанады. Егер олай болмаған жағдайда ел ішінен береке-бірлік кетіп, адал еңбектен божырайды. Өмірдің осы шындығын өз дәуірімізден дәлелдесек, өткен ғасырдың отызыншы жылының басында Сыр бойы телегей-теңіз суға толы жерұйық мекен еді. Құнарлы жер, жер қайысқан аң мен құс, суға сыймайтын балық, еңбек ететін қайратты ер азаматтар түгел болды. Жер мен судың тілін білетін кәсіби шеберлігі мол Сыр мұрабтары мен диқандары баршылық еді. Өкінішке орай, «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген жалаң ұран сол берекелі тіршілікті бұзып жіберді. Халықтың қолындағы күнкөріс малы тартып алынды. Жер мен су күтімсіз қалды. Қаншама халық аштықтың құрбаны болды. Қолдан жасалған аштық 1937 жылы «Халық жауы» деген жаламен жалғасты. Қарапайым жұрт қаншама зорлықтың зардабын шегіп, таршылықтың тақсыретін тартты. 
1938 жылы Қызылорда өз алдына облыс болып құрылды. Осыдан кейін өмірдің қан тамыры – су жолдарын тәртіпке келтіру бүкілхалықтық екпінді құрылыс ретінде жарияланып, бұл бағытта ауқымды істер атқарылды. Бүкіл ел білектің күшімен, қара кетпеннің құдіретімен су жолдарын тәртіпке келтірді. Жұмыла егін екті. 1940 жылы елдің еңсесі түзелгендей болды. Сол кезеңде Қызылорда плотинасының құрылысы басталды. Сол кезде балалық шағы Ұлы Отан соғысына тап болған ауыл жастары жан азабымен егін егіп, барлық ауыр бейнетті көрді. Қайғы-қасіретті елмен бірге бөлісіп, өмірден үйренді. Еңбекпен ширап, ерте есейді. Көбісі жоғары оқуға түсті. Суармалы егіншіліктің ортасында өскен мен 1950 жылы Ташкенттегі ауыл шаруашылығын суландыру және механизациялау инженерлік институтына түстім. Институтты бітірер алдындағы диплом жұмысына «Қызылорда плотина құрылысының ерекшелігі, Қызылорда қаласын Сырдария өзенінің жебірінен сақтау әдісі» деген тақырыпты бекітіп алдым. Содан кейін 1954 жылы Қызылордаға келіп, плотина құрылысындағы жергілікті халықтың ерен ерлік еңбектерін көріп қайран қалдым. Біз өз халқымыздың жанкешті тірлігін елемей, өзгені дәріптеуге әуеспіз. Сол әдетпен плотинаны жапон солдаттары соқты деген әңгіме айтылып қалады. Шындығында, Кеңес үкіметінің заңына байланысты жапон тұтқындары плотинаның негізгі жұмысына қатыспаған. Сырдария өзенінің ұйығына соғылатын, Қызылорда плотинасы Орта Азиядағы ірі су құрылысы болатын. Мұндай тәжірибе дүниежүзінде бұрын-соңды кездескен жоқ. Плотина соғыстан кейінгі таршылықта соғылды. Ол уақытта халық ішсе тамаққа, кисе киімге жарыған жоқ. Сондай жанкештілікпен соғылған плотина жарты ғасырдан астам уақыттан бері елімізге ырыс-береке, байлық беріп келеді. Міне, өмірдің жаны – еңбектің құдіреті деген сөз.
Өлкеміздің өткен тарихын, ерекшелігін естен шығаруға болмайды. Елбасымыз «Сыр – Алаштың анасы» дейді. Шындығында, қырдағы жұртты ашыққанда арпа-бидай ектіріп тойындырды, жаугершілікте ну орман тоғайына паналатты. Алаштың қамқоршысы біздің аймақ болған. Сондықтан ел мен ұрпақ келешегі үшін оны насихаттау өмір талабы екені белгілі. Елдің аузында «Таза су – тірі қан, тамшы су – түйір нан» деген нақыл айтылады. Осыған байланысты суға бүкілхалықтық бетбұрыс жасап, ел мен жер байлығын молайтуға атсалысуымыз қажет. Келешек ұрпаққа бай табиғат пен құнарлы жерді мирас еткеніміз артық емес. Су саласы маманы ретінде айтарымыз, өлкемізде адамзаттың қандай бір күнкөріс қорегі тек қана суландыру арқылы егістік жерден алынады. Сыр мұрабы – ежелгі дәуірден бері Алладан су сұрап, елі мен жерін байытқан, табиғатынан қарапайым, жеке басын күйттемейтін, шаршап-шалдығуды білмейтін, судың тілін, жаратылыс әлеміне қатысын жетік білетін, жауапкершілікті жақсы сезінетін, ел мен жердің қамқоршысы болған бірден-бір маман.
Алғашқы жергілікті инженер-гидротехниктер 1952 жылдан бастап келіп,  содан кейінгі оншақты жылда 50-ден астам инженер-гидротехник жемісті еңбек етті. Мен 1962-1966 жылдары Қызылорда су торабы басқармасын басқардым. Қызылорданың сол жаға егістік алқабын игерудегі қайнаған еңбектің ортасында болдым. Сол кезеңде төрт ауданның шаруашылықтарына егістік су жеткізіп берілді. Жан-жақты терең білімді инженер-гидротехниктер Сыр мұрабтарының елі мен жеріне жасаған өнегелі ісін жалғастырды. Олар 1960-1980 жылдарда облысымызды өркендеген жоғары мәдениетті суармалы аймаққа айналдырды. Өңірдегі су құрылысы шаралары бүкілодақтық екпінді құрылыс деп бағаланды. Барлық су шаруашылығына Мәскеуден қаржы бөлінді. Қажетті техника құрылыс материалдары да сол жақтан бөлінді. Облыс халқы күндіз-түні аянбай, су мен жерге еңбек етті. Осылайша суға бүкілхалықтық бетбұрыс жасалды. Нәтижесінде барлық суландыру жүйелері мен қашыртқылар инженерлік жүйеге келтіріліп, жаңадан күріш шаруашылықтары ұйымдастырылды. Осының нәтижесінде 200 мың гектардан астам егістік алқабы күрделі тегістеліп, егіс көлемі 254 мың гектарға жеткізілді.
Мал жайылымын суландыруда Жаңадария, Ботабай, Көксу каналдары тәртіпке келтірілді. Қаншама скважина құдықтары қазылды. Өзгесін айтпағанның өзінде, мен 1966-1968 жылдары Сырдария құрылыс-жөндеу мекемесіне басшылық жасаған уақытта Сарысу өзенінің бойындағы Қонысбекте, Балажармада тоспа шлюз, өзеннің екі бетіне көшірме бөгеттер соғылды. Облыста су құрылысын атқаратын төрт ірі құрылыс-монтаж тресі болды. Олар – ПСМО «Қызылордамелиорация», «Монтажспецстрой-3», «Кызылордасовхозстрой», «Қызылордаремзаводстрой» мекемелері еді. Сонымен қатар, біздің өңірде «Союзгипрорис» және «Южказгипроводхоз» зерттеу-жобалау институттарының ірі бөлімшелері болды. Ел мен жер тағдырын шешетін күрделі жұмыстарды алғашқы инженер-гидротехниктер айрықша білімділігімен, жоғары жауапкершілікпен атқарып шықты. Білікті мамандар жерге аянбай еңбек етті. Жердің де, ердің мәртебесін көтерді. Олардың кейбірінің кейіннен лауазымы да жоғарылады. Мәселен, алғашқы инженер-гидротехниктер саналатын Мұстахим Ықсанов облыстық партия комитетінің бірінші, Сұлтан Сәрсенбаев екінші хатшысы болды. Облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне Шәймерден Бәкіров тағайындалса, тағы бір маман Әубәкір Тыныбаев төраға орынбасары қызметін атқарды.  Облыстың ауылшаруашылық басқармасын Елтай Тыныштықбаев сынды азамат ұзақ жылдар бойы жемісті басқарды. Суармалы егіншіліктің отаны – төменгі Сырда тәжірибе жинақтап, Ықсановтың мектебінен шыққан Еңбек Ері Эрик Гукасов, Балтабай Сәрсенов, Сұлтан Сәрсенбаев, Әубәкір Тыныбаев,  Виктор Гончаров, Болат Ниязовтар республика деңгейінде басшы қызметтер атқарды. Бірсыпыра алғашқы инженер-гидротехниктер мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіне көтерілді. Сондай-ақ, олардың арасынан республикаға еңбек сіңірген гидротехник, құрылысшы құрметті атақтарын алған азаматтар шықты. Бұл кезең су шаруашылығының шарықтаған, мамандарының жоғары деңгейде жетілу шағы еді. 
Өкініштісі, Мәскеудегі кейбір шенеуніктер өлкеміздің ерекшелігі мен шаруашылықтардың мүмкіндігін елеместен біржақты мемлекеттік жоспар жасағаны да жасырын емес. Аталмыш жоспар дұрыс болса да, бұрыс болса да, партия айтқанынан қайтқан жоқ. Халықпен, маманмен есептеспей, айтқанын орындатып, орны толмайтын көптеген қателік пен кемшілікке жол берілді. Атап айтқанда, Кеңес үкіметінің басты саясаты – жылма-жыл күріш дақылының көлемін, тың жермен кеңейту арқылы өнімін молайтып, сапалы күрішпен халықты қамтамасыз ету еді. Осының салдарынан күрделі тегістеу жұмысы бітпеген жерге де күріш еккізіп, сапасыз тегістелген жерді қабылдатып, жаңа тегістелген жерді үш жыл қатарынан қайтадан тегістеу жұмысы жасалмады. Барлық су құрылысы пайдалануға берілген күннен бастап, тұрақты күтімге алынуы керек еді. Бұл жағдаймен ешкім есептесе қойған жоқ. Қаншама инженерлік жүйеге келтірген жерлерді шаруашылықтардың күтімге алуына мүмкіндігі болған жоқ. Сібір өзендерінен мол су әкелеміз деп өзеннің бар суы күріштікке беріліп, егістік жерді аздырса, бір тамшы су бермей, Сырдарияның бай табиғатын құртты. Сыр еліне жасаған қиянат аздық еткендей, Кеңес үкіметінің соңғы қайта құрудан басталып қайта құртумен аяқталған саясатында судың тілін, бүкіл жаратылыс әлеміне қатысын жетік білетін инженер-гидротехник мамандығын бірнеше тар мамандыққа бөліп, білімсіздікке айналдырды. Одақ тарағаннан кейін суға байланысты барлық қуатты басқармалар қаржысыз қалып, үлкен күйзеліске ұшырап, көбісі жұмысын тоқтатты.
Еліміз егемендік алғалы бері «Арал тағдыры – адам тағдыры» деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен халықаралық Аралды құтқару қоры құрылып, теңіз төңірегінде теңдесі жоқ құрылыстар соғылып, ғасырдың ірі жобалары жасалуда. Арал өңірінің экологиялық ахуалын сауықтыруда жасалып жатқан күрделі жұмыстарды ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен, Кеңес үкіметінің қайта құру саясатынан қалған су шаруашылығына кадрлар дайындау аясын тар мамандықтарға бөлу үрдісі дұрыс емес. Соның салдарынан біліктілігі төмен мамандар қауқарсыз мекемелердің ұзақ жылдан бергі суға байланысты қордаланған экология зардабын жақсарта алмайды. Өлкеміздің өзіндік ерекшелігіне байланысты республикадан көмек, жергілікті жерден бүкілхалықтық бетбұрыс қажет.
Шындығында, судың тілін біліп, жауапкершілігін сезініп, жоғын жоқтап, жоғалғанын іздеп, республика басшыларына судың өмір екенін түсіндіретін білікті маманның жоқтығынан болса керек, республиканың су шаруашылығы ұзақ жылдардан бері неше түрлі орынсыз өзгерістерге тап болып, нақты бір жүйеге түспей келеді. Басқасын айтпағанда, барлық күнкөріс қорегі тек қана үлкен бейнетпен, қыруар қаржы, техникамен, суландыру арқылы егістік жерден алынтын Қызылорданың облыстық су шаруашылығын табиғаты және барлық егінін қосымша шығынсыз табиғи су айналымы арқылы қамтамасыз ететін өзге облыстармен теңестіріп, заңды мекемеде емес, филиалға айналдыру ешқандай ақылға қонбайды. Ел арасында су – тек қана су мамандарының ісі деген ұғым бар. Шындығында, су тіршілік ететін барлық тірі адамдардың ортақ жұмысы екені белгілі. Өйткені, бүкіл тіршілік әлемі өзінің өсу дәуіріне қарай қажетті су көлемінен тұрақты нәр алып тұрмаса, ол өзінің өсу дәуірін тоқтатады.
Экология дегеніміз – қоршаған ортаның суға байланысты барлық аурулары бір-біріне қосылып асқынған түрі. Біз экология дағдарысынан шығамыз десек, ең алдымен бар судың тиімділігін арттырып, қоршаған ортаны емдеуіміз керек. Кеңес дәуірінде бір тамшы су бермей қуратқан, төменгі Сыр бойына мол су беріп жоғалтқан өсімдік әлемін, аң-құсын, жан-жәндігін қайтадан қалпына келтіріп, мал шаруашылығын өркендету қажет десе, «су жоқ» деген бір ауыз сөз алдыңнан шығады. Шындығында, ерте көктемде өзеннің тасыған суын қураған табиғатқа жіберетін жолы болғандықтан, барлық су дарияның арнасына қамалып, Қызылорда қаласына қауіп төнгендіктен, өзбектерге өтініш айтып, Арнасайға 38 текше шақырым ауадай қажет суды жібертуге мәжбүр болдық. Осы қателіктер қайталанбау үшін жаз айларында өзеннің жоғарғы ұрма иіндерінен қураған табиғатқа баратын арықтар қаздырып, көктемде өзен суы тасыған кезде, қазған арықтардың сағасын ашып, қураған табиғатқа мол су жіберіп, тасқын судың қарқынын азайтса, қалаға да қауіп төнбейді, табиғи жайылым да суландырылады.
Егемендік алғалы бері өзен суы мол болып тұр. Лайым аз болмасын, егер де өзен суы аз болса, қазіргі су жолдарының нашар, су шаруашылық мекемелерінің қауқарсыз, мамандардың білімсіз, су көтеретін насостардың жоқ кезінде еккен егін судан қалып, егінші қауымы үлкен шығынға тап болуы мүмкін. Халқымыз «От пен су – тілсіз жау» дейді. Табиғаттың апаты адамға айтып келмейді. Күтпеген жерден, кенет ауа райы күрт өзгеріп, оқыс оқиғаға душар етуі мүмкін. Сондықтан Сырдария суының көптігінен де, аздығынан да алдын ала бүкіл ел болып іс-шаралар жасап сақтану қажет. Өйткені, қазірдің өзінде суға деген қажеттілік көбейіп, судың проблемасы мемлекетаралық саясатқа айналуда. Өзгесін айтпағанда, Сырдария өзенінің жоғарғы және төменгі ағысындағы мемлекеттердің мүдделерінің қарама-қайшылықтары жылдан жылға күшейіп, түсіністікпен келісімге келу қиындап барады. Осындай келіспеушілік салдарынан қырғыздар Тоқтағұл су қоймасының суын электр энергиясын өндіру режиміне көшіріп, Сырдарияның төменгі бөлігінде керісінше қыста су тасып, жазда қайтып, облыс үлкен қиындыққа, қосымша шығынға душар болып келеді. Демек, өзенге егелік жасап, арнасын реттеп, автоматты су өлшейтін, бір жерден басқаратын инженерлік жүйеге айналдыруға көңіл бөлгеніміз артық емес. Шардара су қоймасына келген суды қысы-жазы тиімді пайдаланып, аз су шығынымен облысымыздың елі мен жеріне, табиғат мен теңізіне мол су әкелу керек еді. Өкінішке орай, бұл іс өз шешімін таппай келеді.
Басқасын айтпағанда, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы деп аталғанымен, ол бойынша өзен арнасын реттеу жұмысы жасалған жоқ. Аралдың қамқоршылары теңізге де, адамға да мол таза су қажеттігін естен шығарып, оның төңірегінде сусыз күрделі құрылыстар соғуда. Өмірдің қан тамыры су жолдарын ақаусыз жұмыс істетіп, суармалы жерді тәртіпке келтіріп, жер бетіндегі судың тиімділігін арттырып, жер астына орынсыз су сіңірмеуге ақша бөлудің орнына, керісінше «жерасты суын тәртіпке келтіреміз» деп қыруар қаржы қаралып, жерасты ыза суын жинайтын  дренаж қашыртқылар қазылуда. Біздіңше, айтылып жүрген мал шаруашылығы жайылымсыз, шабындықсыз, жемсіз өркендемейді. Ауыл шаруашылығында суармалы егіншілікке өз дәрежесінде мән берілмей дамымайды. Ғылыми негізде ел экономикасын көтеруде төменгі Сыр бойының озық тәжірибесімен тұздықталмаған, өлкеміздің өзіндік ерекшелігіне негізделмеген ғылым бос болжам. Сондықтан өлкеміздің суы мен жерінің, табиғаты мен ауа райының ерекшелігінен тәжірибе жинақтап, оны ғылыми негізде жетілдіріп, суармалы жердің мелиоративтік жағдайын жақсартатын, екпе дақылдан тұрақты мол өнім алатын суландырудың тиімді тәсілін тауып, іске асырғанда ғана ел мен жер байлығы молаяды. Осы мақсатта ұйымдастырылған «Сыр шежіре» мұрағат-мұражайын кеңейтіп, жетілдіріп, су мен жерді қалың бұқараға насихаттайтын, мамандардың білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасатын, судың проблемаларын ақылдасатын дербес орталыққа айналдыру – өмір талабы.
Сондай-ақ, жарты ғасырдан астам облысымыздың елі мен жеріне ырыс-береке, байлық беріп тұрған Орта Азиядағы ірі су құрылысы Қызылорда плотинасының айналасын шежіресі ұшан-теңіз Сырдың мұрабағына айналдырып, өсер жастарға өнеге ету де толғағы жеткен мәселе.
Бір сөзбен айтқанда, өз шешімін таппай, облысымыздың өркендеуіне кері әсерін тигізіп жүрген, су мен жерге байланысты проблемалық мәселелер баршылық. Сондықтан су мен жерге, табиғат пен теңізге, ауа-райына қатысты мамандар мен ғалымдар ақылдасып, жергілікті басшыларымен келісіп, суландырудың ұзақмерзімді жоспарын жасау кезек күттірмейтін күрделі іс.
Мәделхан НӘЛІБАЕВ,
Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген гидротехник, 
Сырдария ауданының құрметті азаматы.

ҚОҒАМ 16 қараша 2013 г. 3 677 0