МАҚСАТЫМЫЗ БІРЛІКТІ НАСИХАТТАУ

МАҚСАТЫМЫЗ БІРЛІКТІ НАСИХАТТАУ

Қазақстан – көпұлтты ел атанған бірден-бір мемлекет. Қазіргі таңда елімізде 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар мекендейді. Олардың арман, мақсат, тілегі бір. Сонау тарих көшінің белгілі бір кезеңінде тағдыр тауқыметін арқалап, солақай саясаттың құрбанына айналып, елімізге келіп қоныстанған олар үшін қазақ жері киелі алтын бесікке айналды. Ұлтаралық татулық арқасында елімізде тыныштық пен бейбіт заман орнады. Ұлттық-мәдени бірлестіктер құрылып, өз жұмысын бастады. Бұл бірлестіктер бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатып, қоғамдық іс-шараларға белсене араласып келеді. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын атап өтпек. Бұған үлкен әзірлік жасалуда.

Осы орайда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы хатшылығының ұйымдастыруымен кездесу болып өтті. Оған облыстық ассамблея хатшылығының өкілдері, этно-мәдени бірлестіктердің жас мүшелері, өңіріміздегі жастар ұйымдарының белсенді жастары мен оқу орындарының оқытушылары қатысты.

Шараның негізгі мақсаты – облыс жастарының толеранттылық деңгейін көтеру, саларалық қарым-қатынасты нығайту, этно-мәдени бірлестіктермен бірлесіп, қоғамдық шараларға белсене қатысу және де алдағы атқарылатын шараларды кеңінен талқылау болып табылды.

Сонымен қатар кездесу барысында облыстық ассамблея хатшылығының жас мүшелері өздерінің ой-пікірлерімен бөлісіп, алға қойған мақсаттарын да айтып өтті. Сондай-ақ, этно-мәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының биылғы жылға арналған жоспарлары тыңдалып, талқыланды. Алдағы уақытта жастардың қатысуымен түрлі форматтағы шаралар да ұйымдастырылатын болады.

 

Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.


ҚОҒАМ 24 қаңтар 2015 г. 831 0