« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кан Елена Семеновна Шиелі ауданының Авангард колхозына келіп жұмысқа орналасқан кезінде жап-жас келіншек еді. Ол ұзақ жылдар бойы аталмыш шаруашылықта есепші болып қызмет атқарды. Өмірлік жолдасы Тен Александр екеуі Қазалыдағы техникумда қатар білім алып, сонда жүріп көңіл жарастырды. Қызметтерін де осында бірге бастады. Содан бері де көш- керуеннің соңында жарты ғасыр уақыт қалыпты. Елена апаңыз қазір жетпіс сегізінші қысты қарсы алып отыр. Әрине, бұл аз уақыт емес.
«Мен кезбеймін, несібем кезеді» деп қазекем айтпақшы сонау 1937 жылдан бастап, Қиыр Шығыстағы шекара аумағынан кәріс ұлтының өкілдері Орта Азияға жер аударыла бастады. Олардың басымы Өзбекстан Республикасы мен Қазақстанның Оңтүстік Қазақстан облысына, Арал мен Балқаш теңізінің жағалауындағы елді мекендерге орын тепті. Бір шоғыры Сыр бойының Шиелі ауданына келіп қоныстанған болатын-ды. Сталин мен Молотов қатар қол қойған қаһарлы құжат жалма-жан жүзеге асырылып, Примор аумағының кешегі тұрғындары колхоз-колхоз болып түп көтеріліп, осында келді. "Большевик”, "Авангард”, "Гигант” аталатын колхоздар кіл кәрістерден құралған шаруашылықтар еді. Бұрыннан да өздеріне қолайлы кәсіп санайтын олар егіншілік ісін дария жағалауында да жалғастырды. Диқаншылықтың көзін білетін еңбекшіл халық көкөніс пен бақшаны жайнатып, күрішіңізді де тербелтіп қойды. Сол кездегі мәліметтерге мән берсек, жоғарыдағы департациялау жарлығы бойынша 172 мың кәріс ұлты өз отанынан жер аударылған екен. Бұл дүрбелеңнің басты себебі – Жапон мен Қытай арасындағы кикілжің салдары болатын. Корея сол кездері жапондықтардың бір бөлігі саналатын еді. Кім біледі, күндердің күнінде іштен шыққан жау жаман демекші зобалаңды күндер туа қалса, сырттан көз алартқандарға бүйректері бұрып кете ме деген қауіп ойлағаны болар, жаңадан керегесін керген Кеңес үкіметінің. Өйткені бұлайша халықты ұлттық ерекшеліктеріне қарай өзге мекенге жер аудару расында сол кездері алғаш қолға алынған шаралардың бірі еді. Хош, сонымен Шиелі ауданына келіп жайғасқан кәрістердің үш шаруашылығы егіншілік саласынан өзге мәдени өмірде де үлкен сілкініс әкелді жергілікті жерге. Бұрындары мал бағумен айналысатын шашыраңқы халық ұйымдасқан шаруашылық маңына біртіндеп топтаса бастады. Азаматтары мал шаруашылығымен қатар егіншілікке де бой үйретті. Бастысы, жергілікті халық пен теңіз асып келген адамдар тату, ынтымақты өмір сүрді. "Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі таңдайдан кетпейді” демекші, жылы қабақ танытып, қамқор қолын созған қазақтарды кәріс ұлтының өкілдері өмір бойы сыйлап, құрметтеуінен танған жоқ. Диқаншылықтың тиімді технологиясын меңгерген олар жылма жыл мемлекеттік жоспарларды асыра орындап, қырманды Сыр маржанына толтырумен болды. Соғыстан кейінгі елу, алпысыншы жылдары осы ауылдың өзінен 16 бірдей Еңбек Ерінің шығуы расында таңқаларлық оқиға еді. Қазақтар да сол кезде күріш өсіруге зейін аударып, оның қыр-сырын жете үйренуге күш салды. Ыбырай Жақаевтың екі мәрте Еңбек Ері атанып, соңынан көптеген ізбасар ертуі жергілікті халықтың да бейімділігімен бірге, адал бейнетті арда санайтындығының белгісі болса керек.
Елена Семеновна мен Тен Александрдың отбасына Шиелі құт-береке әкелді. Тұңғыштары Виканың соңын ала өмірге Евгений, Жанна, Мила, Сергей келді. Қазір бәрі де осы ауылдан қанаттанып ұшып, кең әлемнің түкпір-түкпірінде тіршілік етіп келеді. Бәрі де жоғары білім алған, қалауларынша шаңырақ көтерген. Бір қызығы, Сыр өңірін, оның ішінде Шиеліні жанындай жақсы көретін кәрістің балалары қазақтармен әлі қарым-қатынастарын үзген емес, дос көңілмен араласып, кейбірі құда-жекжат дегендей, біте қайнасып жатыр. Осы өзіміз әңгіме етіп отырған отбасының үлкен қызы – Вика қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан. Қостанайдың қазағы Әділхан Ысқақовтың жары, екі-үш бала тауып берген отанасы. Ал Ақтөбе медициналық инстиутын бітіріп, дәрігер мамандығын алып шыққан Сергей де қазаққа күйеу бала. Оның келіншегі Ләззат өзіміздің қаракөз қыздарымыздың бірі. Жанна есімді ортаншы қыздарының ұлы Александр да қазақ қызын жар етіпті. Бізге дастарқан жайып, шәй қойып зыр жүгіріп жүрген осы үйдің келіні, қазақ қызы Зульфия – Сарыағаштан. Мейлі, қосағымен қоса ағарсын дейміз, қашанғы қонақжайлық әдетімізбен. Олардың да Валерий мен Виктор есімді екі ұлы бар. Тен қария өмірден өткенімен шаңырағы орнында, балалары өсіп-өніп ұрпағын көбейтуде.
Тілшіге жол басшы болып келген Сәрсенбай Көбегенов ауыл шаруашылығының білгірі. Тоқсаныншы жылдары ауыл әкімі қызметін де атқарып, шаруашылықтың бас маманы қызметтерін де үйлестіріп, көптің қамы үшін зыр жүгіретін азамат. Сол үшін де ол жерлестеріне қадірлі.
– Көбегенов, – дейді Елена Семеновна, – көктемде егін егетін жерді бізге осы бастан дайындай бер, капуста көгертіп, пияз отамаса кәрістердің ауырып қалатынын білесің ғой, – дейді оған өзіне іштарта сөйлеп. Мұның өзі ауыл тұрғындарының ерекше жарасымдылығын сездіретін секілді.
– Шаруашылықта бас бухгалтер болған Раушанбек Әшіров, бас экономист Яхия Әлиев, директорымыз Жолдыбай Ақмолдаев бәрі де жұмысқа жаны ашитын, жұртты алаламайтын асыл жандар еді, ертерек кетіп қалды ғой, – деп қамығыңқырап қалды әжей.
– Шаруашылықтың алғашқы басшыларының бірі Хан Виктор, күріш өсірудің шеберлері Цой Ен Сун, Чагай Гейсеби, Цон Максим, Те Василий, Хегай Александр, Ли Вера бәрі де нағыз азаматтар еді, Қанша ауыр жұмыс істесе де үнемі көңілді жүруші еді, – дейді Сәрсекең де қашаннан бірге келе жатқан ауылдастарын еске алып.
Авангардта әлі де жиырмадан астам кәріс отбасысы тұрады. Ким Александр, Пак Герасим, Ким Алеша, Мун Адольф, Ким Элла, тағы басқалар әлі де қызу еңбектен қол үзбеген жандар. Жергілікті халықпен біте қайнаса тіршілік ететін олар мемлекетіміздің дамып, әлемдегі озық елдердің қатарынан көрінуіне өз еңбектерімен үлес қосып келеді.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы,
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |