
Қармақшылық Жарбосын
Құндақбаевтың есімін жерлестері әркез
мақтанышпен еске алып, оның әр ісін
құптап отырады. Өйтпегенде ше?! Өзінің саналы ғұмырын спорттың сиқырлы
әлеміне арнаған Жарбосынның өмірі, спорттағы табысы көпке үлгі-өнеге болғандай.
Оның омырауында дене шынықтыру спортын дамытуда сіңірген еңбегі үшін "Құрмет белгісі” ордені мен "Халық ағарту ісінің үздігі”, "КСРО спорт
шебері”, "Ғасыр спорт тарланы”, "Спорт
ардагері” белгілері жарқырайды.
Көп жандарға бұйыра бермейтін осынау спорт атақтарын
иеленген Жарбосын қарт кісілер арасында өткізілетін жарыстарға елеңдеп отырады.
Реті келсе жол жүруден шаршамайды. Өткен жылдың
тамыз айында Белоруссияның
Витебск қаласында гір көтеруден өткен дүниежүзілік ІІ олимпиадаға барып
қайтты. Ол арада тек олимпиада ғана емес,
Ресей мен Белоруссия мемлекеттерінің ұйымдастыруымен Ломоносов пен Ушаков атындағы халықаралық турнир, Витебск
облысы губернаторының кубогы үшін сайыс өтті. Осы сапарында Жарбосын аға
Құндақбаев барлығы 7 медаль олжалап қайтты. Оның бесеуі олимпиаданың алтыны болатын. Осы
жолы 75-90 жас аралығындағы қарттар
арасында салмағы 10 келі тартатын гір тасын 2 минут ішінде 70-80 рет серпи
көтеру бәсекесі тігілген болатын-ды. Жарбосын ағаның алдына ешкім түсе алмады.
– Жарысқа қатысқан спортшылардың алдымен 70-79 жас, сосын 75-90 жас аралығындағыларын топтап шығарды,– дейді
Жарбосын Әбсатұлы. – Маған осы жолы Ресей мен Беларусь қалаларында қарт
спортшылар арасында гір көтеруден өткен әлемдік додаларда бірнеше рет әлем чемпионы атанғаным үшін
Гиннестің рекордтар кітабына енуге сертификат табыс етілді.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының соңында Жосалы
қыстағында теміржолшы отбасында дүниеге келген Жарбосынның өмір жолы өзгеше
басталды. Бұған дейінгі балалары
тоқтамаған ата-анасы жалғызының үстінен
құс ұшыруға құлықты емес-ті.
Кенттегі Молотов атындағы мектепте білім
алды. Оның өзге балалардан көп айырмашылығы болмады. Ләңгі теуіп, доп қуалап
ержетті. Мектепте күреске қатысты. Түп
нағашылары жауырыны жер иіскемейтін палуан болған екен, әкесі Әбсат та
өз заманының айтулы палуандарының қатарында болды. Қанмен берілген қасиет Жарбосынды талай-талай
жарыстарда жеңіс тұғырына көтерді. Ол
күрескенін алып та, шалып та жығатын, әйтеуір өзі жеңілмеуші еді. Мектептен кейін
Ашхабадтағы спорт техникумына оқуға түсті, сонда жүріп сол ел спортшыларымен
бірге талай додаларға қатысты. Өзге елде шыңдалып, спорт әлемінде аты таныла
бастаған, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас спортшыны түркімен жерінде
қалдырудың айла-шарғылары жасалды. "Жалғыздың жары құдай” деп жүрген
ата-анасының тілегі шығар ештеңеге алаңдамай елге оралды. Ең алғашқы еңбек жолы "Қайрат”
ерікті спорт қоғамы аудандық
бөлімшесіндегі нұсқаушылықтан басталды.
Араға уақыт салып, бөлімше басқарушысы болған Жарбосын өз күшімен классикалық
және еркін күрестен үйірмелер ашып, оған спортқа бейім балаларды
тарта білді. Ауданның спорт саласында он сегіз жыл басшылық жасады. Осы жылдар
ішінде ол 12 спорт шеберін, 33 спорт шеберлігіне
үміткерді тәрбиеледі. Оның бер жағында
одан күрестің сан алуан тәсілдерін меңгеріп, түрлі
дәрежедегі палуан атанған жандар қаншама?!
Жарбосынның аудан жастарын еркін күреске жаттықтырған
өмір жолы кенеттен өзге арнаға бұрылып кетті. Спорттың сиқырлы әлемінде бірде
жеңіп, бірде жеңіліп жүргенінде екі аяғы бірдей сыр берді. Нағашылары көріпкел
құмалақшы еді, сол жолға түсуі керек болды ма, әлде ата-баба аруағының қысқаны
ма, табан астынан қан қысымы көтеріліп, аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ
шықты. Аяғын басып жүре алмай, бойын тіктеп ұстай алмай, қоларбаға танылды.
Әулие-әмбиелердің басына тәу етіп,
бабасы Марал ишанның басына еңбектеп жетті. Имандылық жолға бет бұрып, намазға
жығылды. Алланың нұры жауғаны әрі өзінің ертеңге деген зор сенімі болар араға
уақыт салып, аяғынан тұрып кетті. Бойындағы ерекше қасиеті ашылып, халық емшісі
атанды. Талай жанның дауасыз дертіне
шипа дарытты. Дегенмен, бұрынғыдай күреспен айналысуға дәрмен жоқ, спорттың
өзге саласын ұстануға бел буды. Зілтас көтеруден әлемнің 12 дүркін чемпионы
болған Оразбек Медеубаев қол арбаның тұтқынына айналған Жарбосынды өрге ұмтылдырды. Отағасының
қарапайым жүріп көтеріліп кетер қан қысымынан қорыққан жары Ақрәш пен балалары
оның зілтас көтеруіне қарсылық білдірді. Қашанда өз дегені болмаса қайтуы жоқ
Жарбосын аға өзін өзі аямастан зілтемір көтерумен шындап айналыса бастады.
Алыс-жақын шетелдерге сапарға шығып, түрлі жарыстарға қатысты, жеңістің дәмін татты. Кейін келе-келе бұл оның өнері
ғана емес, өмірлік ұстанымына айналып кетті.
Өзінің бар
ғұмырын ел спортын өркендетуге арнаған, жасы келген жандар арасында жаңа
қырынан танылған Жарбосын Құндақбаев бұл
салада да шәкіртсіз емес. Кезінде кент әкімінің орынбасары болған, қазір зейнет
жасындағы Серік Құлмырзаев Жарбосын ағаның ізін басып, гір тасын көтеруден түрлі
жарыстарға қатысып келеді. Алғашқы чемпиондық тұғырға да көтерілді. Шәкіртінің
жақсы бастамасына ақ жарыла қуанған бапкер оның келешектегі алар биіктерінің мол болатындығына сеніммен
қарайды.
Жұмагүл
ОРАЛБАЕВА.