ЗАҢ ЖӘНЕ ЗАМАН

Құқық саласындағы сұрақтарға Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат С.Д.Жұбатов жауап береді.

Сұрақ: Егер мемлеттік қызметкердің жеке меншігінде магазині болып, оны ол жалға беріп отырса бұл жағдай заңға қайшы келмей ме? Мемлекеттік қызметкер не кәсіпкерлікпен, немесе мемлекеттік қызметпен айналысуы керек емес пе?

Д. Әлиев Қызылорда қаласы.

Жауап: Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 10-бабы бойынша мемлекеттік қызметте болуға байланысты бірқатар шектеулер қойылған. Оның ішінде мемлекеттік қызметкердің кәсіпкерлікпен айналысуға және ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға құқы жоқ.

Мемлекеттік қызметші қызметкер кіріскеннен кейін бір ай ішінде, оған заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы, өзінің меншігіндегі үлестерді, акцияларды, және пайдаланылуы табыс алуға әкелетін өзге де мүліктік мемлекеттік қызметті өткеру уақытына ҚР-ның заңнамасында белгіленген тәртіппен сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Мүлікті сенімгерлік басқаруға арналған шартты нотариаттық түрде куәландыруға, ол шарттың нотариат куәландырған көшірмесін нотариат куәландырған күннен бастап он күн мерзімде жұмыс орны бойынша кадр қызметіне ұсынуы міндетті.Осылай заңдастырылғаннан кейін мемлекеттік қызметшінің мүлікті сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен кіріс алуға құқы бар.

Сұрақ: Біреуге сатқан автокөлігімді мемлекеттік есептен шығарайын деп облыстық автоинспекцияға барып едім, МАИ қызметкерлері қарызың бар деп есептен шығармай қойды. Қарызым бар екені рас, бірақ оның менің автокөлігіме қандай қатысы бар? МАИ қызметкерлерінің осы әрекеттері заңсыз емес пе?

С.Мырзағұлов, Шиелі қыстағы.

Жауап: Қазақстан Республикасының 2014 жылдың 17 сәуірінде қабылданған және осы күнге дейін өзгертулер және толықтырулар енгізілген «Жол жүрісі туралы» Заңының 68-бабының талаптарына сай, көлік құралын мемлекеттік тіркеуден немесе көлік құралының тіркеу деректерін өзгертуден бас тартуға (басқа да негіздермен қатар) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тағайындалған (енгізілген) тіркеу әрекеттерін жасауға тыйым салулардың және шектеулердің болуы негіз болады. Шамасы Сіз Уәкілетті орган, яғни атқарушылық құжаттарды орындау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және осы саладағы қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган жүргізетін Борышкерлердің республикалық тізіліміне енгізілген болуыңыз керек. Яғни, Сіз бұл тізілімнен шығарылмасаңыз уәкілетті органның – жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мамандарының Сіздің көлігіңізді тіркеуден шығарудан бас тартуы заңды болып табылады.

Сұрақ: Мен екі қабат жағдайда жүріп жүктілікке және босануға байланысты демалыста жүрген басқа бір әйелдің орында жұмыс істеп жүрмін. Жұмыс беруші менімен жасасқан еңбек шартының мерзімі бітпесе де жүкті екеніме байланысты арызыңды жазып жұмыстан шық деп жатыр. Осы заңды ма?

Ш.Жолмырзаева, Қызылорда қаласы.

Жауап: Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 185-бабының 2-тармағына сай егер әйел еңбек шартының мерзімі аяқталған күні мерзімі он екі апта және одан көп апта жүктілігі туралы медициналық қорытынды ұсынса, жоқ қызметкерді алмастыру жағдайларын қоспағанда, жұмыс беруші оның жазбаша өтініші бойынша еңбек шартының мерзімін бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыс аяқталған күнге дейін ұзартуға міндетті. Сіз айтып отырған жағдайда жұмыс беруші сізбен жасасқан еңбек шартын мерзімінен бұрын тек сіздің жүктілігіңіздің негізінде бұзуға қақысы жоқ. Сол себепті Сіз еңбек шартының мерзімі біткенше, немесе демалыста жүрген әйел өз жұмысына шыққанша жұмысыңызды атқаруыңызға құқыңыз бар.

Сұрақ: Балабақша педагогтарының апталық нормативтік оқу жүктемесі қанша сағат?

М.Қазыбекова, Арал қаласы.

Жауап: Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдесіндегі Білім туралы Заңының 52-бабының 7-тармағының 2) тармақшасының негізінде мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесін тікелей жүзеге асыратын педагог қызметкерлерге айлық жалақыны есептеу үшін аптасына нормативтік оқу жүктемесі:Мектепке дейінгі ұйымдар және мектепке дейінгі тәрбие берудің мектепалды топтары және білім беру ұйымдарының мектепалды сыныптары үшін 24 сағат белгіленген.

Сұрақ: Қандай азаматтар мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін есепке тұра алады?

Е.Алматов, Қызылорда қаласы.

Жауап: Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Тұрғын үй қатынастары туралы Заңының 69-бабының негізінде, Қазақстан азаматтары егер:

1) есепке қойған кезде және коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде Қазақстан Республикасы аумағында меншік құқығында олардың тұрғын үйі болмаса;

2) есепке қойған кезде және мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде осы елді мекенде меншік құқығында тұрғын үйі болмаса;

3) осы елді мекенде олардың тұрақты пайдалануында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйі болмаса;

4) отбасы тұратын тұрғын үй белгіленген санитариялық және техникалық талаптарға сай келмесе;

5) жапсарлас, оқшауланбаған тұрғын үй-жайларда екі және одан да көп отбасы тұрып жатса;

6) отбасы құрамында кейбір созылмалы аурулардын Үкімет бекіткен аурулардың тізімі бойынша ауыр түрлерімен ауыратын науқастар болып, бір үй-жайда (пәтерде) олармен бірге тұру мүмкін болмаса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж деп танылады.

Құқық тақырыбына байланысты сұрақтарыңызды zhubatov.serik@mail.ru, syrboyi@mail.ru электронды пошталарына жолдауларыңызға болады.


ҚОҒАМ 10 қаңтар 2015 г. 1 526 0