БАЙТАҚ ОТАННАН БАҚЫТ ТАПТЫҚ

Қазақ елі қашанда көпке құшағын кең ашқан халық. Кезінде белгілі себептермен қоныс аударған сан ұлттың өкілдері бүгінде бір атаның баласындай тату-тәтті, бір шаңырақ астында өмір сүруде. Олар қазақ халқының тыныс-тіршілігімен тығыз араласып, ентене байланысып кетті. Басты қағида достық пен татулық деп ұғынатын олар үнемі бірлік пен ынтымақтастықты алға тартуда.

Өткен жылы Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының қатысуымен көптеген шаралар атқарылып, маңызды жобалар жүзеге асты. Нақты айта кететін болсақ, облыстық Ассамблеясы хатшылығының атсалысуымен төрт жоба орындадық. Ол "Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы” мега-жобасы аясында "Сыр елі – достық мекені”, "Достықта жоқ шекара” көшкеруені, "Қазақстанға ыстық ықыласпен” әлеуметтік жобасы және "Славяне” қоғамдық-мәдени бірлестігі жеңіп алған "Өнерлі қолдар” жобасы нәтижелі ұйымдастырылды. Сонымен қатар облыстағы түрлі ұлт өкілдерінен құралған қоғамдық бірлестіктердің бастамасымен жастар арасында, қоғамдық ұйымдарда арнайы іс-шаралар өткізіліп, өздерінің салт-дәстүрін, еліміздегі этностардың тарихы мен мәдениеті таныстырылды. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі таңда Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-да Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылып, студенттерге әлеуметтану, Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынас және өзге де мәселелерге байланысты арнайы пәндер оқытылып келеді.

Биыл елiмiзде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып бекітілді. Осыған орай облыс әкімінің қолдауымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қала, аудандар және бірқатар басқармалармен бірлесіп, арнайы іс-шаралар жоспарын дайындауда. Ондағы басты мақсат – елді мекендерде, шалғай ауылдармен қатар еңбек ұжымдарында шаралар өткізіліп, қоғамдағы достық пен келісімді одан әрі нығайтуға үлес қосып, елдегі ұлттар достығын насихаттау. Осы негізде көптеген шаралар жүзеге асатын болады. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына байланысты жоспарға сай әзірлік үстінде. Онда өнер фестивальдары, республикалық ірі жобалар, маңызды шаралар ұйымдастырылатын болады. Сырт елдерден де арнайы қонақтар келеді деп күтілуде. Жалпы, биылғы жылға деген дайындық қызу жүріп жатыр.

Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің құрылған кезеңінен бастап ұзақ даму жолынан өтті. Еліміздегі 100-ден аса этностың басын біріктіретін бірегей құрылым тұрақтылықты сақтап, республиканың ілгерілей дамуы үшін маңызды рөл атқарады. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық әлемге еліміздің этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатымен белгілі. Және де бұл біз үшін үлкен жетістік болып саналады.

Ашур ХАМИДОВ,

"Облыстық өзбек қоғамдық-мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.


ҚОҒАМ 10 қаңтар 2015 г. 1 159 0