САН ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРҒАН АССАМБЛЕЯ

Қазақстан халқы Ассамблеясы жүздеген ұлттың басын қосып, арман-тілегін бір арнаға тоғыстырған толеранттылықтың өзге елде жоқ ерекше үлгісі. Аумалы-төкпелі заманда жерімізге қоныс тепкен түрлі этностардың тағдыры бүгінде қазақ елімен бір. Олардың бүгінгі күні бір ғана Отаны бар. Ол – елдігін биік ұстаған Қазақ елі.

Бүгінгі күні ел іргесін нығайту, халықтар бірлігін сақтау, бейбітшілік деген қасиетті ұғымды баянды ету жолындағы ауқымды шаралар мен нақты қадамдар Елбасы Н.Назарбаевтың көреген саясатының арқасында жүзеге асуда. Сондай іргелі де игі бастаманың бірі Президент Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы еді. 1995 жылы 1 наурызда Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде құрылған ұйымның ел тарихында алар орны зор.

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялаған болатын. Десе де, 20 жылдың ішінде ҚХА қарқынды дамып, этносаралық қатынасты дамыту мен қоғамдық келісімнің нығаюы жолында ауқымды жұмыстар жасап, елеулі өзгерістерді бастан кешіріп келеді. Оның дамуы барысында этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Сондай-ақ, Ассамблеяның институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Оған қоса, еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді. Қазіргі сәтте Ассамблеяның негізгі міндеттері болып этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мен қоғамда этносаралық келісімді және толеранттықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау; халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту; қоғамдағы экстремизмнің және радикализмнің көріністері мен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттік органдарға жәрдемдесу; азаматтардың демократиялық нормаларға сүйенетін саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру; Ассамблеяның мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізу үшін этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруді қамтамасыз ету; Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өркендету, сақтау және дамыту саналады.

Көпұлтты қазақ елі осы Ассамблеяны құру арқылы этностық немесе діни ерекшеліктеріне қарамастан барлық ұлттың мәдениеті мен тілдерін, олардың дәстүрлерінің дамуына қажетті жағдай жасауда. Жыл сайынғы халықтық мерекелер Наурыз, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі, Масленица, Сабантой, Рождество мерекелерін бір халық болып тойлау Қазақстанда дәстүрге айналды. Себебі, өзгелерді өзектен теппей, өз бауырларынан кем көрмеген қазақ жұртының оларға деген құрметі ерекше. Осындай татулықтың негізінде елімізде барлық ұлт пен ұлыстың теңдігі, еркіндігі тұрақты сақталып отыр. Егер мемлекеттің қалыптасу кезеңінде басты міндет этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісім негізінде қоғамды ұйыстыру болса, ел дамуының жаңа кезеңінде Қазақстан бұл үдеден шыға білді. Мұның дәлелі ретінде 2010 жылы қабылданған азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың, азаматтардың сындарлы ұсыныстарын жинақтаған Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасын айтуымызға болады. Сонымен қатар, 2008 жылы 20 қазанда қабылданған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңы да ел ішіндегі бірлікті одан әрі бекемдей түсуге берік негіз қалады. Бүгінде бұл заң еліміздегі ұлттық саясатты іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мен мемлекеттік және қоғамның азаматтық институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындап отыр.

Осындай ел бірлігі мен ынтымағын арттыру жолында жұмыс жасап келе жатқан ҚХА қазір аясын кеңейтті. Ассамблеяның жұмысын жандандыруда сан ұлттың баласына саялы мекен болған Сыр өңірінің алар орны ерекше. Себебі, облыста 35-тен астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүруде. Сондай-ақ, олардан құрылған 11 этномәдени бірлестік жұмыс жасап, өздерінің мәдениетін, салтын, ұлттық құндылықтарын дәріптеп келеді. Сонымен бірге өткен жылы облыс әкімінің қаулысы негізінде 27 штаттық бірлігі бар қоғамдық келісім орталығы ашылып, өз жұмысын бастады. Мамандар тек облыс орталығында ғана емес, аудандарды да қамтып отыр. Яғни, 7 ауданда эксперт мамандар жұмыс жасауда. ҚХА облыстық филиалы хатшылығының өңірдегі тыныс-тіршілігі мұнымен шектелмейді. Аймақта этномәдени бірлестіктер жанынан жастар қанатын құру, көпұлтты оқушылары бар мектептерде толеранттылық клубтарын ашу, Аналар кеңесінің жұмыс жасауы, жоғары оқу ордасында Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының ашылуы жүйелі де нәтижелі жұмыстың атқарылып жатқандығынан хабар береді. Биылғы жылдың өзінде мерейтой аясында ҚХА-ның облыстық филиалы хатшылығы 80-дей шара өткізуді жоспарлауда.

Жалпы алғанда, негізінен Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан, Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы қалыптасты деп айта аламыз.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.


ҚОҒАМ 10 қаңтар 2015 г. 1 726 0