ЭТНОСАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ – САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ

ЭТНОСАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ – САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІПолиэтникалық Қазақстан Республикасында этносаралық қарым-қатынастар ерекше көңіл аударуды қажет ететін өзекті мәселелер қатарына жатады. Елімізді мекендейтін барша 140 этнос өкілдерін біріктіретін ортақ тарихи тағдыр, достық, туысқандық бірдейлік қазіргі таңда бір мақсатқа, бір мүддеге, бір болашаққа жетелейтін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асыру бағытында күш біріктіруде.

Кеңес Одағының ыдырауы мен тәуелсіздіктің ақ таңы атқан алғашқы жылдары елімізде этностық толқулар күшейді. Бұл аумалы-төкпелі уақыт туралы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында: «Ең қауіптісі — олар таза ұлттық сипат ала бастады. Ұлт мәселесінің соншалық асқындауы әуелі теориялық дәрменсіздіктен етек алды», — деп жазған еді. ХХ ғасырдың соңында еліміздегі бұл үдерістер тек Кеңес мемлекетінде ғана емес, сонымен қатар, бүкіл әлемде орын алған ауқымды ұлттық оянудың көріністері болатын. Осы ретте, Елбасы ел бірлігін басты назарда ұстай отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құруды қолға алды. Мемлекет басшысының көреген бұл идеясы 1995 жылы жүзеге асып, ұлт пен ұлысты бір арнаға тоғыстырған саяси ұйым дүниеге келді.

Кеңес өкіметінің ыдырауымен ұлт саясатындағы келеңсіз жағдайлар, мәселен, бір ұлтты жоғары қою арқылы басқаларын төмендетуге, екінші қатарға ысырып тастауға, империялық көңіл күйге тосқауыл қойылды. Ұлт мәселесі ақылды, парасатты шешімдерді қажет ететіндігі мойындалды.

Әрбір қазақстандықтың өзін, ең алдымен, қазақстандық екендігін, сонан кейін өз ұлтының перзенті екендігін сезінгенде ғана этносаралық қарым-қатынастың жоғары мәдениеті қалыптасады. Сонда ғана ұлттық келісім мен шынайы саяси және қоғамдық тұрақтылыққа қол жеткізуге болады. Ол жаңа қазақстандық патриотизмге негізделуі қажет. Этностық топтар арасындағы келісім — барша азаматтардың нәсіліне, ұлтына, діни сеніміне қарамастан қашанда бір-біріне қол ұшын созуға деген психологиялық тұрғыдан дайындығы, достық қарым-қатынасын бейнелейді.

Қазақстанның даму, өсу, өркендеу жолындағы басым бағыттарының бірі — қоғамдық келісім, этносаралық қарым-қатынас мәдениетінің жоғары деңгейі екені даусыз. Әрине, ұлттық келісімге келгенде, әрбір адамның азаматтық құқы сақталуы шарт екендігі түсінікті. Сонымен қатар елдегі сая­си тұрақтылықтың кепілі ретінде этносаралық келісіммен бірге халықтың әл-ауқатының жақсаруы да өз септігін тигізетіні сөзсіз.

Бүгінгі күні, Қазақстан Республикасы Конституциясы еліміздің қоғамдық келісімді қамтамасыз етіп, оның саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани салаларда қарыштап дамуына негіз болып отыр. Бұл туралы Президентіміз Н. Назарбаев «1995 жылы қабылданған Конституция Қазақстанда реформаны жүргізудің аса қуатты серпіні болғанын мақтанышпен айта аламын. Көп жағдайда, оның ережелерінің арқасында, аздаған мерзімдердің ішінде ғана жас мемлекеттің экономикасы мен саясатында ұлтаралық тұрақтылықта аса үлкен жағымды нәтижеге жеттік» - деп жазды.

Ата заңымыздағы «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы…» деп басталатын конституциялық идея Қазақстан халқын біртұтас мемлекеттің тең құқылы, ерікті азаматтарының саяси қауымдастығы ретінде танып, олардың этникалық, мәдени ерекшеліктеріне қарамастан бір елдің азаматы ретінде сезінуіне, жақындасуына, ұйымдасуына және қоғамдық келісімге әрі бүгінгідей ұлттық бірліктің қалыптасуына жол ашты.

Конституциямыздың 1-бабында әлем елдері конституцияларының ешбірінде де кездеспейтін ерекше норма бекітілген. Яғни, Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 2 тармағында «Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық», - деп атап көрсетілуі де осы ойымызды бекемдеп, нықтай түседі.

Еліміздің қазіргі даму белесіндегі этникааралық татулық пен этносаралық қарым-қатынастардың негізгі діңгегі ретінде Елбасымыз қазақстандық табыстың үш кілтін көрсеткен болатын. Олар:

Бірінші. 140 этностың басын құрайтын барлық қазақстандықтардың бірлігі – бұл ғаламат құндылық.

Екінші. Біздің барлығымызға және әрқайсысымызға тән тағаттылық.

Біздің әралуандығымыз біздерді бөлмейді, қайта біріктіруші факторға айналуы керек.

Үшінші. Бұл тарихи тағдырымыз­дың ортақтығы.

Президент Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI - сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстан халқының этностық және мәдени саналуандығы мен төлтумалығын сақтауға байланысты жаңа қадамдар іздеген жөн», - деген ұйғарым жасаған еді. Сол себепті, этникааралық қатынастарды жетілдірудің өзекті мәселелерінің бірі ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру және дамыту, оған тәрбиелеу мәселесі болып табылады. Осы орайда, мына бір ойды ескерген жөн деп білеміз. Бiрiншiден, «Әкiм­шi­лiк кодексi» мен «Қылмыстық кодекс­те» этносаралық жағдайды ушық­тыратын қылмысқа деген жазаны қатайту керек. Әрине, Конституция бойынша, барлық қылмыс және оны жасаған адамдар тең болуы шарт. Бiрақ этносаралық қақтығысқа себеп болған қылмыстың орны да, деңгейi де, түрi де ерекше, сондықтан оған берiлетiн жаза да артық болуы керек. Сонымен қатар, ұлттың намысына тиетiн, ұлтты қорлау немесе оның тiлiне, әдет-ғұрпына, дiнiне мазақ ретiнде бағытталған сөздер мен сөйлемдерге, мақалаларға да жаза тағайындау шарт. Бұл турасында Елбасымыз «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты лекциясында да айтып өткен. Екіншіден, мемлекеттiк тұрғыда этносаралық қақтығыстарды болдырмауға бағытталған тәрбие жұмыстарын кеңінен жүргiзу керек. Жастарды тарихпен тәрбиелеу назардан тыс қалып бара жатқандай. Мектеп оқулығында қазақ жерiне диаспора өкiлдерiнiң қалай, қашан келгендiгi туралы мәлiмет жоқтың қасы. Қазақ жерiне Сталиннiң бұйрығымен зорлықпен көшiрiлген сан түрлi халық өкiлдерiнiң трагедиясы, оны қазақ халқының қалай қарсы алғаны туралы деректi, көркемсуреттi фильмдер өте аз. Осынау олқылықтың орнын толтыру кезек күттірмейтін істердің бірі. Үшіншіден, түрлi этнос өкiлдерiнiң жастарын жақындастырудың жолдарын табу керек. Бұл спорттық ойындар болар, мысалы: Лондон Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің этностық ерекшеліктеріне қарамастан, Қазақстан халқы олардың жеңістеріне қуанды және олармен мақтанады. Сонымен қатар бiрге өткiзетiн iс-шаралар орны ерекше, себебі бiр жерде тұрған этностардың арасындағы түсiнушiлiк бiрге өткiзетiн iс-шаралардан тұрады. Және бұндай жұмыстардың барлығы тек қана мемлекеттiк тiлде жүргiзiлуi керек деп білеміз.

Жалпы Қазақстан Республика­сын­дағы ұлт саясатының бағдарламасы саяси тұрақтылықтың кепілі болып қала бермек. Күллі қазақстандықтардың теңдігін қамтамасыз ету үшін әділеттік принципі мен этносаралық татулық мәселелері негізін қалыптастыру және оны дамыта білу өте маңызды.

Уәлихан ИБРАЕВ,

Қызылорда облысы әкімі аппараты қоғамдық келісім орталығының ғылыми-сараптама және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы

Айтжан ОРАЗАБАҚОВ,

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты.


ҚОҒАМ 10 қаңтар 2015 г. 3 805 0