« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Төрттік» одақтың тегеуріні
1 қаңтардан бастап, әлемде жаңа экономикалық интеграциялық бірлестік өз жұмысына кірісті. Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің аумағында құрылып, жақында ғана оған Армения елі қосылды. Сөйтіп, «үштік» одақ «төрттік» одаққа айналды.
Соңғы бес жылда Қазақстанның Кеден одағына қатысушы елдермен арадағы тауар айналымы 88 пайызға өсіп, 24 млрд. долларлық мөлшерге жетіпті. Ресей мен Беларусь еліне қазақстандық экспорт 63 пайызға ұлғайып, 6 млрд. доллар болып отыр.
Ал Арменияның шартқа қосылуы Қазақстан экономикасы үшін тиімді. Әр сала бойынша ынтымақтастық кеңейетін болады. Әсіресе, металлургия, ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында ынтымақтастық артатыны сөзсіз. Жалпы, қазіргі таңда Қазақстанның Армениямен тауар айналымы соншалықты көп емес: 7 млн. 700 мың доллардай болады. ЕАЭО туралы шартқа Арменияның қосылуы екі елдің жаңа сауда-экономикалық қатынастарын ынталандыру тұрғысынан және қазақстандық кәсіпкерлерге тауарларды өткізу нарығының ұлғаюы тұрғысынан да тиімді.
Еуразиялық экономикалық одақ – Жер шарының ең ірі тұтынушылық нарықтарының бірі. Демек, таңдау аясы кеңейді деген сөз. Сондықтан өз тауарын өткізу үшін, өндірушілер оны сапалы етіп шығаратын болады. Нарық үлкен. Қаржы айналымы қарқынды, мүмкіндік мол. Кәсіпкерлердің тынысы ашылды десек, артық болмас. Қазіргі таңда одақтың жұмысын күшейтетін құрылымдар мен ереже-талаптар әлі де жасалынып жатыр. Ол ережелермен жұмыс істейтін болсақ, онда біздің кәсіпкерлер көп нәрсені үйренеді. Яғни ЕАЭО кәсіпкерлерімізді Қазақстаннан тыс жерде бәсекеге қабілеттілік пен қиындықтарға төтеп беруге шыңдайды деп есептеймін. Оның үстіне, одаққа кірген елдердің даму деңгейі мен халықтың даму деңгейі шамалас. Ал Қазақстан ЕАЭО аясында ауыл шаруашылығы өнімін негізгі жеткізуші бола алады.
Еуразиялық экономикалық одақта халықаралық ұйымдарға тән мемлекеттердің егеменді теңдігі, аумақтық тұтастығы, Одаққа мүше мемлекеттердің саяси құрылымының ерекшелігін құрметтеу қағидаттары ескеріледі. Бұған қоса, төрт мемлекет қол қойған шарт Қазақстан, Ресей және Беларусь азаматтарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін шешуге бағытталған және тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын, үйлестірілген экономикалық саясат жүргізуді қарастырады.
Сосын Еуразиялық экономикалық одақ өзге елдер үшін ашық құрылым. Кеше Армения қосылды. Енді Қырғызстан ұйымға қосылуға ниет білдіріп отыр. Тәжікстан да мүдделілік танытуда. Іске жаңа кіріскен Еуразиялық экономикалық одақтың перспективасы жоғары деуге негіз бар.
Сайын БОРБАСОВ,
саясаттанушы.
ЫРЫС АЛДЫ ЫНТЫМАҚ
Еліміз өмірінің болашаққа басқан әрбір сәтті қадамы мен игерілген игілікті іс, биік белестеріне өзіндік үлесін қосып келе жатқан Сыр елі де міне, тағы бір жылды түйіндеді. Ерен еңбектің толағай табыстары шын мәнінде көңіл сүйсінтерліктей, орынды мақтан етуге тұрарлықтай.
Бүгінгі жетістік ертеңгі меже болып отырған қазіргі және әрбір келер күннің талап-тілегі, мақсат-мұраттары да салмақтана түсуде. Тарих бетіне айналғалы отырған, 2014 жылда Елбасымыздың Жарлығына сәйкес өмірге келген, өркениет талабынан туындаған облыс әкімі аппаратының қоғамдық келісім орталығы да өзіндік іс-шараларын жүзеге асыра отырып жыл мәресіне жетті.
Облыс орталғындағы, сонымен бірге әрбір аудандардағы жүзеге асырылған сан түрлі игі шараларға белсене араласып, оның ішінде этномәдени орталықтары жұмысына ерекше көңіл аудара отырып, сол арқылы еліміз өміріндегі ұлтаралық қатынастың одан әрі нығая түсуі бағытында еңбектенудеміз. Облыстағы он бір этномәдени бірлестіктермен тығыз байланыс жасап, атқарылар істерді келісе жүзеге асыру нәтижесінде, соларға талдау жасап, сараптау арқылы жаңа бағыт- бағдарлар белгіленеді.
Өзіндік іс-тәжірибелерін жетілдіру мақсатына да орталық қызметкерлері ерекше мән беруде. Мамандар Астана, Өскемен, Павлодар қалаларында өткен аймақтық, республикалық шараларға қатысып, шеберліктерін шыңдап қайтты.
Өткен жыл өресінде атқарылған іс-шараларды сараласақ, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, облыстық халық ассамблеясы хатшылығы және облыс әкімі аппаратының қоғамдық келісім орталығы ұйымдастыруымен Қызылорда қаласындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «Отбасылық бизнес – құт-береке бастауы» деген тақырыпта кәсіпкерлермен кездесу өтті. Онда қоғамдық келісім орталығы басшысының орынбасары А.Жұмабаев тақырып аясында облыс көлеміндегі әлеуметтік жағдай мен нақты өзгерістерге байланысты баяндама жасады.
Әрбір жыл өзіндік жаңалығымен, жақсы жетістіктермен, естен кетпес елеулі оқиғаларымен ел жадыңда қалады. 2014 жылдың да тарихымыздың бағалы парақтарының біріне айналатындығы анық. Міне, енді жүйрік уақыттың қатал талабына сай Арғымақ – Жылқы жылмен қош айтысып, қазақ халқының төл жануарларының бірі – Қой жылына қадам баспақпыз. Жаңа жылдың да жарқын белестері, келелі міндеттері күтіп тұр.
Келер 2015 жыл – Қазақстан Халқы Ассамблеясы жылы, Ата заңымыздың қабылданғанына – 20 жыл, Қазақ хандығына – 550 жыл. Міне, мұның бәрі аталып өтілер айтулы шаралар ғана емес, еліміз өміріндегі елеулі оқиға. Мәні маңызды, жас ұрпақтарымызға ұлағат, үлгі-өнеге боларлықтай тағылымдық тәрбиесі мол болуына мән берілуі керектігіне ерекше көңіл бөлінбек.
Елбасымыздың еліміз дамуының айқын бағыттарын саралаған «Нұрлы жол» Жолдауын қызу қуаттап, айқын да сара басшылыққа алған еліміздің әрбір азаматының жаңа жылда жаңа да жарқын табыстарға жете беруін тілейміз.
Бауыржан ҮСЕНБАЕВ,
қоғамдық келісім орталығының «Этносаралық қатынастарды
талдау және мониторинг» бөлімінің бас сарапшысы.
ЖАҢАРҒАН КЕШЕН
Мемлекеттің спорт саласына деген айрықша қамқорлығы нәтижесінде Сыр жұртшылығы салауатты өмірді ұстануда. Былтырғы жылдың өзінде Тереңөзек, Әйтеке би кенттері мен Шаған ауылында спорт кешендері ашылды. Облыс орталығындағы «Евразия» спорт кешені қайта жаңғыртудан өткізілді.
Бүгінде жаңа келбетке ие болып, халық игілігіне берілген «Евразия» спорттық-сауықтыру кешені 1984 жылы салынған болатын. 600 орындықты ойын залы, бассейні, боулинг және атлетикалық жаттығу залы бар кешен бір ауысымда 84 адамға қызмет көрсете алады.
Қайта жаңғыртудан өткізілген нысанның жұмысымен танысуға облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы арнайы келді.
– Бүгінгі таңда облыста 2057 спорт ғимараты жүйелі түрде жұмыс жасап, аймақ тұрғындарына қызмет көрсететін спорт алаңдары мен денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің саны жылдан жылға артып келеді. Соның бір айғағы ретінде бүгінгі облыс тарихында халық үшін аса маңызды спорттық нысанның қайта жаңғыртудан өткізілуі, өңір тұрғындарының спорттық ғимараттарға қолжетімділігін арттырады. Жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесінде ұлттық құрама команда сапында өнер көрсететін спортшылар саны артуда.
Жыл басынан бері 8 ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 73 ҚР спорт шебері, 229 спорт шеберлігіне үміткерлер әзірленді. Облыс саңлақтары ел чемпионаттарында 543 медаль еншіледі: 173 алтын, 143 күміс, 227қола медаль. Азия, Әлем чемпионаттарында - 50 медаль, оның ішінде 17 алтын, 12 күміс және 21 қола медальдарды иеленіп, 295 спортшы ұлттық құрама сапына алынды, – деді облыс әкімінің орынбасары Р.Кенжеханұлы.
Салтанатты ашылудан соң, «Евразия» спорт кешенінің бассейнінде жүзуден облыстық турнир ұйымдастырылып, оған 9-14 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысты.
Жарыс жеңімпаздары диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Нұрбек САҒАТҰЛЫ.
БІЛІМ БЕРУДІҢ САПАЛЫЛЫҒЫ
табысқа жету кепілі
Мемлекетіміздің экономикалық, әлеуметтік дамуының жылдан жылға қарыштауы барысында бүгінгі жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінің өзекті мәселеге айналғаны бәрімізге белгілі. Жас ұрпақтың өсіп-жетілетіні және жеке тұлға ретінде қалыптасатыны даусыз. Соған сәйкес, еліміздің жаңғырту үдерісінде табысқа жетуінің бірден-бір кепілі білім беру жүйесінің сапалылығы болып отыр. Сондықтан ҚР Президенті Н.Назарбаев ата-бабамыздың ежелден-ақ ұрпағының білім алуына деген ерекше ұмтылысын өз Жолдаулары мен баяндамаларында атап көрсетіп келеді.
Елбасымыз «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» баяндамасында «Қазақстандағы білім беру жүйесін жаңғырту үш басты бағыт, яғни білім беру мекемелерін оңтайландыру, оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту, білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру» десе: «Қазақстан -2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуға тиіс емес. Елбасы ретінде мен әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететін боламын. Біздің топырағымызда туған кез келген сәби қазақстандық және мемлекет оны қамқорлығына алуға тиіс. Сондай-ақ балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет» -деп атап көрсеткен болатын.
Сәйкесінше Сыр елінің білім беру саласында да жылдар бойы қордаланған өзекті мәселелер соңғы жылдары шешімін тауып, кезең-кезеңімен орындалуда.
Атап айтқанда, облыстың білім саласын дамыту ең маңызды басым бағыттардың бірі ретінде белгіленіп жыл сайын оған бөлінетін қаржының артуы, жаңа құрылыс нысандарын жүргізу, білім беру ұйымдарына күрделі жөндеу жұмыстарының жаппай жүргізілуі, материалдық-техникалық базасының нығайтылуы, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары желісін арттыру, сол арқылы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткішін жоғарылату жұмыстары есебінен «Балапан» бағдарламасын мерзімінен бұрын аяқтау, облыста өндірісті-индустриалды жобалардың қарқынды жүзеге асырылуы аясында өндіріске қажетті мамандар даярлау ісіне айрықша мән берілуі, осы бағытта мектеп бітіруші түлектерді Ресей мемлекетінің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына жіберу, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту бойынша кешенді шаралардың қабылдануы, оның ішінде бүгінгі күні өзекті болып отырған техникалық және технологиялық процеске қажет, өндіріс орындары зәру мамандықтарын оқытуға бетбұрыс, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының инженер-педагогтарының шет мемлекеттердегі үздік оқу орталықтарында өз білімдері мен біліктіліктерін жетілдіруге мүмкін алуы, 3 ауысымда оқитын мектептердің жойылуы, апатты жағдайдағы мектептердің жаңа ғимараттары құрылысының қарқынды жүргізілуі, кәсіби шеберлігі жоғары озат педагогтарды материалдық тұрғыда марапаттаудың дәстүрге айналуы және т.б. ауқымды шаралар облыстың білім беру саласының өсіп-өркендеуіне елеулі бетбұрыс болып отыр.
Департамент тарапынан өткен жыл мен биылғы жылдың І жарты жылдығында 13 рет мониторинг жүргізілді. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарының кең жолақты интернет желісіне қосылуы, материалдық-техникалық базаларына, педагог қызметкерлердің сандық және сапалық құрамына, оқушылардың қозғалысы мен орын тапшылығына, апатты және 3 ауысымдағы мектептердің жағдайына, республикалық бюджеттен құрылысы басталған ғимараттарға, білім беру ұйымдарын ақпараттандыру барысына, электронды оқыту жүйесінің жұмысына, біліктілік арттыру курстарынан өтуіне мониторинг жүргізілді.
Мониторинг қорытындылары бойынша облыс әкімдігіне, аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдіктеріне, облыстық білім басқармасына ақпараттық-сараптамалық анықтамалар жолданды. Онда, әрбір білім беру ұйымы бойынша жетіспеушіліктер, білім сапасына кері әсерін тигізіп отырған кемшіліктер мен оларды жою туралы ұсыныстар берілді.
Мониторинг барысында білім беру ұйымдарында атқарылған нәтижелі жұмыстармен қатар, орын алған бірқатар кемшіліктер мен жетілдіруді қажет ететін маңызды мәселелерді атап өттік. Мәселен, облыс мектептері компьютерлермен үздіксіз қамтамасыз етілуде. Дегенмен, мектептердегі компьютерлердің 30 пайызы ескірген, ҚР Үкіметінің 1999 жылғы Қаулысына сәйкес жаңа буын компьютерлерімен ауыстыруды қажет етеді. Сонымен қатар, облыстың шалғай елді мекендерінде орналасқан 11 бастауыш мектепте интернет желісі қосылмаған. Облыс мектептері республикалық бюджеттен жаңа үлгідегі физика, химия және биология кабинеттерімен қамтамасыз етілуде. Бірақ, әлі де жеткіліксіз. Мысалы, 2012-2013 жылдары 61 мектепке химия кабинеті ғана алынған, бұл барлық мектептің 23,5 пайызы, ал биология және физика кабинеттері алынбаған. Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де бүгінгі күн талабына сай емес, сұранысы аз мамандықтарды кездестіруге болады. Мысалы, мемлекеттік аттестаттау жүргізілген 7 колледждегі 74 мамандықтың 31-і білім алушылар құжат тапсырмауына байланысты оқытылмайды. Оның ішінде, 25-і соңғы үш жыл бойы оқытылмай келеді.
Сонымен қатар, 2014 жылдың І жартыжылдығына барлығы 30 мектепке жоспарлы тексеру жүргізу жоспарланған. Жоспарға сәйкес барлық мектептер тексеруден өткізілді. Тексеру қорытындысымен 28 мектепте заң бұзушылықтар анықталып, заңды немесе лауазымды тұлғаларға әкімшілік іс қозғалып, 3265076 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ осы мерзімде 41 білім беру мекемесіне мемлекеттік аттестаттау жүргізілді. Оның 31-і мектеп және 10-ы балабақша. Аттестаттау қорытындысымен 19 (10 мектеп, 9 балабақша) білім беру мекемелері аттестатталса, 22 (53,6 пайыз) білім мекемесі жалпыға міндетті стандарт талаптарына сәйкес еместігі анықталды. Аттестаттаудан өтпеген мектептердің көпшілігі оқушылардан алынған тестілеу жұмыстарының қорытындысымен шекті балға жете алмай білім сапасының төмен болуынан болып отыр.
Сонымен қатар, өткен оқу жылында аттестаттау және жоспарлы тексеру барысында кеткен негізгі кемшіліктер қатарына аттестаттаудан өтпеген білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасының жалпыға міндетті білім беру стандарты талаптарының бұзылуы, оқу жоспарларының жалпыға міндетті білім беру стандартымен сәйкес келмеуі, білім беру мекемелерінде педагогтардың өз мамандықтарына сәйкес емес пәндерден сабақ беруі және толық емес, 0,5 және одан да аз апталық жүктемемен жұмыс жасауы, мектептерде химия, биология, математика, физика және т.б. негізгі пәндер бойынша білім сапасы төмен, оқу кабинеттерінің жетіспеуі, соның ішінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мамандықтар бойынша кабинеттердің, оқу-зертханалары мен шеберханалардың болмауы, жалпы білім беретін мектептер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының химия, биология, физика пәндері бойынша арнайы құрал-жабдықтармен және зертханалармен қамтамасыз етілмеуі, білім беру ұйымдарындағы технология пәні бойынша шеберханалардың жоқтығы, шеберханасы бар мектептерде шеберханаға қажетті құрал-саймандармен жабдықталмауы және басқа кемшіліктер жатады.
Білім беру ұйымдарына жүргізілген мемлекеттік аттестаттаулар мен тексерулердің қорытындысы туралы жүйелі түрде әр тоқсан сайын облыс әкімдігіне, облыстық білім басқармасына, аудан, қала әкімдеріне және аудандық білім бөлімдеріне жолданып отырады.
Департамент тарапынан 2012 жылдан бері жүргізілген мемлекеттік бақылау шаралары қорытындысымен 5 колледж құрылтайшылары өз шешімдерімен колледждің білім беру қызметін тоқтатуға байланысты шешімдер қабылдаған.
Облыс бойынша соңғы үш жылдағы оқу жетістіктерін сырттай бағалау (ОЖСБ) нәтижелері төмендегідей болып отыр. Барлығы 4 пәннен жиналуы тиіс 80 ұпайдың облыс бойынша 29 мектептен орташа көрсеткіші 2012 жылы – 40,6, 2013 жылы 19 мектептің көрсеткіші – 31,8, 2014 жылы 29 мектептің көрсеткіші 37,5 болып төмен нәтиже көрсеткен. Жалпы облыс бойынша 2013 жылы өткізілген ОЖСБ-ның орташа балы 31,8 болса, 2014 жылы 5,7-ге көтеріліп, 37,5 балды көрсетті.
Соңғы үш жылдағы Ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіші тұрақты түрде жоғарылауда. Мысалы, орташа ұпай 2012 жылы – 64, 2013 жылы – 73,37 болса, 2014 жылы 74,8 болып 1,5-ке өскен. Бірақ, білім беру ұйымдарында, ҰБТ-ға әзірлік жұмыстары қарқынды жүргізілгенмен, әлі де болса, кемшін тұстары жетерлік.
Жүргізілген талдауларға сүйене отырып ҰБТ нәтижесінің төмен болуына оқушыларда телефон, шпаргалка, т.б. оңай әдіс-тәсілдер арқылы өтеміз деген пікірдің тыйылмауы, осы бағытта ақпараттық-түсіндірмелік, тәрбиелік шаралардың өз мәнінде жүргізілмеуі, мектептерде оқушыларға кәсіби бағдар беру жұмысының жеткіліксіздігі, білігі жоғары жұмысшы мамандықтарының насихатталмауы, жекелеген пән мұғалімдерінің кәсіби біліктілігінің төмен болуы, мұғалімдердің ҰБТ-ға әзірлік барысында оқу материалдарын жаттату арқылы үйретуге көп мән беруі, оқытудың тиімді технологияларын пайдаланудың әлсіздігі, балалардың ҰБТ-ға әзірлік барысын ата-ана тарапынан қадағалаудың әлсіздігі әсер еткен деген тұжырымға келуге болады.
Дегенмен, алдағы уақытта ҰБТ өткізу пункттері мен аудиториялардың материалдық-техникалық жабдықталуы әлі де болса толықтырылуы керек.
Бүгінгі таңда департаменттің «Е»-лицензиялау порталына білім беру ұйымдарынан 289 өтініш келіп түсті. Оның ішінде мемлекеттік лицензиясын қайта ресімдеуге – 246, жаңадан мамандықтар ашу үшін лицензияға қосымша алуға – 42, Қармақшы ауданында ашылған №269 орта мектебіне лицензия және лицензияға қосымша алу үшін 1 өтініш. Тиісті заңдылықтарға сәйкес өтініштер қаралып, жаңадан ашылған мектепке мемлекеттік лицензия берілсе, 195 білім беру мекемелерінің білім беру қызметімен айналысу үшін лицензиясы қайта рәсімделді, 7 мамандыққа лицензияға қосымша берілді, лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес болмаған 86 білім мекемелерінің өтініштері кері қайтарылды.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, салмағы да, маңызы да ерекше білім саласының қомақты жүгін өрге өрістету бағытында департамент қызметкерлері облыс ұстаздарымен бірге алдағы уақытта да жұмысын жалғастырып, жергілікті атқарушы органдарға білім сапасын көтеру мен өзекті проблемаларды оң шешуге қатысты өз ұсыныстарын жүйелі түрде жеткізіп отыратын болады.
Мейрамбек ШЕРМАҒАНБЕТ,
облыстың білім саласындағы
бақылау департаментінің
басшысы.
БАРЫМЫЗДЫ БАҒАЛАЙЫҚ
Егемен еліміздің ұлық мерекесіне арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы туралы бекер айтқан жоқ. Иә, осыдан жиырма үш жыл бұрын Тәуелсіздіктің жарияланғандығын өз көзімізбен көрдік. Тәуелсіздік – расында да әр адамзат, әр ел тарихындағы ең ұлы да қасиетті ұғым. Сондықтан оның қадірін еліміздің әрбір азаматы жете түсуінуі тиіс деп ойлаймын. Өйткені, төрткүл әлемде өзінің мемлекеті де, тәуелсіздігі де жоқ қаншама халық бары жасырын емес. Сондай халықтар ойға түскенде, қазіргі жағдайымызға әрдайым шүкіршілік айтуымыз керек.
Тарих беттерін парақтар болсақ, жас мемлекетіміз ширек ғасырға жетер-жетпес аз ғана уақыт ішінде әлем таныған әйгілі елге айналды. Ұлт көшбасшысының сарабдал саясатының арқасында осы жылдарда еліміздің еңсесі тіктеліп, қыруар істер атқарылды. "Әуелі экономика, сонан соң саясат” қағидасын басшылыққа алған Мемлекет басшысы еліміздің ертеңін нұрлы ететін сәтті қадамдар жасап, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекітті. Бүгінде дербес мемлекет құру бақытына ие болған 193 ұлттың біріміз. Осы басымызға қонған бақытты бағалай білу әрбір қазақстандықтың қастерлі борышы болмақ.
Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президентінің көш бастар көрегендігімен Ұлы жолдан жүріп өттік. Тәуелсіздіктің төртінші жылында көктемде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Сол 1995 жылдың жазында Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, Тәуелсіздіктің тірегі – Ата заңымыз қабылданды. Арада үш жыл өткенде Арқа төсінде бүгінде әлемді тамсандырған ғажайып Елорда бой көтерді.
"Сыр – Алаштың анасы” атанған аймақта да тәуелсіздік жылдарында ауқымды істер атқарылып, асулар алынды. Оған дәлел, Кіші Арал теңізі қайта түледі. "Сексеуіл-Жезқазған” темір жолы, "Батыс Еуропа - Батыс Қытай” халықаралық көлік дәлізі, "Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистральды газ кұбыры өңір экономикасының қарыштап алға басуына негіз қалады. Сондай-ақ, ата кәсібіміз – мал шаруашылығы молшылық көзіне айналып, егін шаруашылығы өркен жайды.
Жол – әр елдің әлеуметтік жағдайын айғақтайтын ең бірінші стратегиялық нысан. Елімізде осы өзекті мәселеге соңғы онжылдықта баса назар аударылып келеді. Елбасының "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауында көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатыны айтылды. Бұл бағытта бірінші кезекте жүзеге асырылатын негізгі автожолдар қатарында "Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда” жобасы да нақтыланды. Осылайша Сыр мен Арқаны жалғап жатқан ұлы жолға қатысты мәселе шешімін тауып отыр. Өйткені, "Қызылорда-Жезқазған” автокөлік жолы логистикалық жағынан тиімді орналасқан Сыр өңірі үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Осының бәрі барша сырбойылықтарды қуаныш құшағына кенелтіп отыр. Сондықтан барымызды бағалап, елдігіміздің еңсесін тіктей берейік.
Базархан ӘБІЛАСАНОВ,
"Қазақавтожолы” республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда облыстық филиалының директоры.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |