118 ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК ЗАҢДАСТЫРЫЛДЫ

Баршаға белгілі биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасында "Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық туралы” заңы қолданысқа енді.

Бұл заңның негізгі мақсаты, біріншіден көлеңкелі экономикамен күрес жүргізу. Яғни, отандық экономиканың ішкі ресурстарын көлеңкеден шығару көзделген. Ал екінші бір басымдық беріліп отырғаны, ол еліміздің экономикасына қосымша қаражаттар мен инвестициялар тарту және бюджетке қосымша түсімдерді көбейту болып саналады. Яғни, жария етілген капитал еліміздің экономикасын дамытуға үлес қосады. Сонымен қатар тағы бір негізгі мақсаты, ол 2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандардың және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдардың табыстары мен мүлкін жаппай декларациялауға көшуімен байланысты. Яғни, елімізде жүргізіліп жатқан мүлікті жария ету акциясы барлық азаматтарға өздерінің қаражаттары мен мүліктерін заңды түрде рәсімдеуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде азаматтар жаппай декларациялау кезінде заңдастырылған мүлкі мен табыстарын ашық көрсете алады.

Міне, осы мүлікті жария етудің басталғанына да төрт айдай уақыт болды. Оның алғашқы нәтижелері қандай?

Облыстық қаржы басқармасының мәліметіне сүйенсек, онда бүгінде облыстың барлық ауданы мен Қызылорда, Арал және Қазалы қалаларында мүлікті жария етуді өткізу комиссиялары құрылып, жұмыс жүргізуде. Сол жүргізіліп жатқан жұмыстардың 2014 жылдың 22 желтоқсанындағы жағдай бойынша айтар болсақ, онда 239 жылжымайтын мүлікті жария ету жөнінде барлығы 198 өтініш келіп түскен. Келген өтініштер бойынша мүліктердің жалпы сомасы 870,8 млн. теңгені құраған. Соның ішінде бүгінгі күнге дейін 106 өтініш бойынша жалпы сомасы 463,8 млн. теңгені құрайтын 118 жылжымайтын мүлік жария етілген.

Жалпы, мүлікті жария ету 2014 жылдың 1 қыркүйегінен басталып, 2015 жылдың 31 желтоқсанында аяқталатынын тағы да бір еске сала кеткен де артықтық етпейді. Соның ішінде мүлікті жария етуге ұсыну үшін құжаттарды қабылдау 2014 жылғы 1 қыркүйектен 2015 жылдың 30 қарашасы аралығында жүргізіледі.

 

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
ҚОҒАМ 06 қаңтар 2015 г. 1 128 0