ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ЭНЕРГЕТИК

Теледидарға құлақ тосамыз, газеттерді шолып өтеміз. Жаңалық іздейміз. Солар көзге түссе, құныға оқимыз. Міне, аудандық басылымда жарияланған шағын мақалаға назар аудардық...

«Біздің нөмірі 13-ші орта мектепті 1966-1967 оқу жылында бес оқушы алтын медальмен бітіріпті» депті. Оуу, бұл дегенің керемет қой. Авторға телефон шалдық. Медалистердің аты-жөнін сұрадық. «Білмедім, мен де бір әдебиеттен көргенмін» деді.

Сол жылдардағы мектеп директорын іздестірдік. Тауып, хабарластық. «Есімде жоқ, одан бері де зымырап нешеме жылдар өтіпті-ау» деп ақталды. Расы солай. Ешқайсысын кінәлай алмайсың. Сөйтіп сол медалистермен кездесіп, қазіргі жастарға үлгі етіп насихаттасақ деген ойымыз көмескіленіп, күнделік дәптердің бетінде қала берді.

***

Иә, солай. Күнді қуалап түн өтеді. Апта, айлар зулайды. Түс ауа байланыс желісі арқылы зәрлі дауыс дүңк етті.

– Үйімді балталап кетті, тез келіп куә болыңыз, –деді.

– Ау-у, қайдан сөйлеп тұрсың, өзіңіз кімсіз?

– Бір мекеменің бас электригімін, жеке меншік қонысымды бүлдір­гендер де энергетиктер...

Алас ұрып жетіп барайық. Пәлендей қираған ештеңе жоқ. Әлгі бас электрик Әбенбай мырзаның қора-қопсы, тауық қамайтын орнына дейін электр сымы тартылып, іші-сырты жарқырап тұр. Лампочка саны, әй, бір отыз қаралы бар-ау. Ал, төлем үш-төрт лампочканың есебіндей ғана. Демек, ұрлық. Монтер ескертеді. Тыңдамайды. Өзгесі барады. Мұрнын шиырады. Содан «Дәулетэнерго» ЖШС-ның бас инженері Айтжан Сманов барып:

– Пәле, мына жерде, – деп үйдің бір бұрышын жұдырығымен соққылайды.

Әбенбайыңыз бақырып:

– Осыдан ұрлық ізін таба алмасаң, басыңмен жауап бересің, – деп екеуі текетірескен үстіне ЖШС директоры Қ.Ердіхалықов келіп:

– Жауапкершілікті өз мойныма аламын, – дейді де бас инженері көрсеткен тұсты лом темірдің ұшымен түртіп қалса, сылақтың аржағынан жасырын жүргізілген сым ұшы шығады. Сөйтсе, бұл қитұрлыққа ғимараттың иесі оның іргесі қаланған кезде-ақ кіріскен екен. Сонымен ол сабазың отыз мың теңге айыппұл төлеп, «әке-көкелеп» шаққа құтылды.

Бұл бір ХХ ғасырдың аяқталып, ХХІ ғасырға қадам басар шамадағы қиын-қыстау тұсы еді. Зейнет, жәрдемақы кешігіп беріліп, жұрттың төлем қабілеті төмен-ді. Десе де, жарық үздіксіз беріліп тұрды. Осы мән-жайды білмек болып, бас инженер А.Смановтан:

– Әуелі өзіңіз жайлы ақпарат беріңізші? – деп сыр тарттық.

– Е-е, мен бе, осы қаладағы №13-ші орта мектепті 1967 жылы бітірдім. Онда мен 17 жаста едім.

– Тұра қал, қайталашы! –деппін, әлде бір жоғалтып алған асыл дүнием табылғандай орнымнан ұшып тұрып.

– Не қайталайтыны бар, расы солай, – деді ол менің тосын сауалыма таңданып.

– Сол жылы мектеп бітіргендердің бесеуі алтын медалист атаныпты ғой, есімін аташы, кімдер олар?

– Жоқ ә, – деді Айтжан күліп, – ол бекер, бесеу емес, екеу. Және алтын емес. Күміс медаль. 10-шы сынып үшеу еді. Оқушы саны – 96. Сондағы медаль алған екеудің бірі – мына мен, Сманов деген ініңіз болады. Екіншісі «Көкаралдық» Өмірзақ Төлепов еді. Алтын медальға да ілінетіндей қабілетім бар-ды, әдебиет пәнінің шығармасынан ғана төрттік баға алып қалдым.

– Медалистерді жоғары оқу орнына емтихансыз қабылдайтын еді ғой, Алматыға жөнелдіңіз бе?

– Иә, институтқа түстім. Бірақ оқу министрі Біләловке өтініш жазып, үш айдан кейін қайтып келіп, пионерлер үйіне жұмысқа тұрдым.

– Апырай, ә?

– Мен әкемді көргенім жоқ. Артық есімді анам үй шаруасындағы адам. Алдымдағы Бақыт ағам сырқат, дімкәс. Әне, семья жағдайым солай еді. Бір жылдан кейін тікелей Мәскеуге қарайтын Алматыдағы энерго-құрылыс техникумына қабылдандым, онда екі жыл оқып, мамандығыма сәйкес аудандық электр жүйесіне электрик-монтер болып орналастым. Ал қазақтың ауыл шаруашылығы институтынан инженер-электрик дипломын еңбектен қол үзбей жүріп алдым.

– Мұнда, мына «Дәулет­энерго» ЖШС-на қалай келдіңіз?

– Бұған дейін де осы салада көп жыл тәжірибе жинақтап, соңғы қызметім ауданаралық энергияны бақылау бөлімінің бастығы еді. 1998 жылдың 1-сәуірінде осы «Дәулетэнерго» ЖШС өз алдына отау тігіп, аудан көлемін электр энергиясымен жабдықтау ісіне бел шешіп кірісті. Жаңа құрылым. Нарықтың күйіп тұрған кезі. Бұрыннан да таныс-біліс Қуекең (Қуанышбай Ердіхалықов) орынбасарлыққа шақырды. Ауыр жүкті бірге көтерейік деді. Келдім. Он төрт-ақ қызметкерміз. Жүдә қиын болды. Әйтеуір жол тауып жаңа офис орнаттық. Сол 1998-1999 жылдары халықтың энергияға төлем қабілеті 50-ақ пайызды. Абоненттің есігін тәулік бойы күзеткен кездеріміз болды. Есігін ашпайды. Электр есептегіштердің 90-95 пайызы сонау 1950-ші жылы қондырылған ескі аспаптар. Техникалық шығынның бір көзі осында еді. Оның үстіне мемлекет меншігінен ажырағанда тоқ өндірушілер мен оны жеткізушілерге 33 миллион теңге кредиторлық қарызымыз бар-ды. Мекемелермен ашық айқасқа түсіп, сот алдына да бардық. 1998-2008 жылдар аралығында мөлшері 10 млн. киловат-сағаттық 1500-ден астам ұрлықтың беті ашылды. Барлық жерге, үй-үйге, мекемелерге жаңа электронды есептегіштер қондырылды. 33 млн. теңге қарыздан құтылып, 31 млн. пайдаға шықтық. Қызметкерлер саны 30-ға жетіп, айлықтары өсіп, кабинеттер компьютер қондырғыларымен толықтырылды. 2009 жылы Сексеуіл стансасы мен теміржол бойындағы елді мекендерге жарық беруді қабылдаңдар деген жоғарыдан ұсыныс болды. Олар жарықты тәулігіне төрт-бес сағат қана алатын-ды. Серіктестіктің қызметкерлері үш ай жүріп, 2500 үйдің есептегіштерін сыртқа шығарып, арнайы жәшікке орнатты. Жарық тәулік бойы үзіліссіз беріліп тұрды. Өткен, 2013 жылдың тамыз айынан бастап көршілес Қазалы ауданының халқын да жарықпен қамтамасыз етіп отырмыз.

– Қазалының энергиясы да қосылды ма, қалай сонда?

– Рынокқа кірген тұста облыста энергиямен жабдықтайтын 20-дай серіктестік болған. Соның көбісі банкротқа ұшырады. Қазір облыста халықты энергиямен жабдықтайтын үш аймақ бар. Соның батысындағы Қазалы-Аралды энергиямен жабдықтайтын біздің «Дәулетэнерго»

– Е-е, «Дәулетэнерго» ЖШС қызметімен мақтануға болады екен-ау?!

– Десе де, біз мақтануға жоқпыз. Бұл арада жетім-жесірге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызбастыларға, өзге ұлт өкілдеріне ақысыз-пұлсыз жасаған көмегімізді қайталап айтқым келмейді. Көптің алғысын алдық. Содан артық марапат бола ма?!

Онысы рас. Демеушілік етудегі игілікті істері үшін бұл ұжымның облыстық кәсіподақтар комитеті мен республикалық «Парыз» қауымдастығының арнаулы дипломдарына әлденеше рет ие болғанын баспасөзден талай оқығанбыз.

***

Айтжан Смановқа Қазақ­стан электр энергетикалық қауымдас­тығының шешімімен «Еңбегі сіңген энергетик» атағы берілген. Смановтың өзі ғана емес, жұбайы Бағжан Әбдіханова да орта мектепті күміс медальмен тамамдап, балабақшаға отыз жылдан астам уақыт меңгеруші болған, жоғарғы санаттағы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» екен. Бұлар жоғары білімді үш перзент өсіріп, солардан он бір немере сүйіп отырған мерейлі отбасы да.

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Арал қаласы.


ҚОҒАМ 20 желтоксан 2014 г. 1 177 0