Осыдан бес жыл бұрын «Үркер» ашылғанда батасын берген Әбіш Кекілбай: «Үркер» – уақыт пен табиғаттың ең саф сипаттарын алдын ала айқын аңғара алатын ең елгезек және елеулі самалалар шоғыры» дей келіп, «Жаңа басылым оқырман қауым жүрегіне жаңа шайқалған майдай шық ете қалар шынайы ой мен сезім дарыта алатын даусыз дарындарға ғана ықылас танытқандай.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдары «Жалын» баспасында «Өркен» сериясы ашылса, енді «Жас толқын» боп жалғасып жатыр. Кезінде «Арман қанатында» мен «Қанат қақтыға» шыққандар қазір алпысты алқымдады. Сол алпысты алқымдағандар сол дәуірдің әдебиетке деген қамқорлығын тамсана еске алады. Осынау алмағайып кезеңде көркемсөз деген киені бәрінен биік қойып ашып айтсақ, «Үркердің» бетінде дарынды жастардың жолын ашуды мойынға алып отырмыз.
Таланттар – еліміздің түкпір-түкпірінде қаламын қолға қыса ұстап, кенет кезіккен дағдарыстың ызғарымен бетпе-бет келе алмай, әдебиет ауылын айналсоқтап, жалтақтап, Алматыға жете алмай жүр. «Үркер», міне, дәл осындай шаң мен құмның ортасында жүріп, жүрегі өлең боп жырлаған, қара сөздің қадірін бойына сіңірген жігіт пен қыздың қайнайтын қара қазаны. «Үркер» – жас таланттардың томағасын сыпырып, тұсауын кесетін өмір өткелі.
«Үркер» – әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси журнал. Проза мен поэзия айдары қамтыған «Қауырсын қалам», «Туған әдебиет тағдыры», жастар болашағын бағамдайтын «Кім болам?», «...білімді мыңды жығар», «Мамандығым – мақтанышым», қалам және қоғам қайраткерлерінің бейнесін сомдайтын «Жастық дәурен», «Ірілерден қалған із», сондай-ақ «Ұлттық дәстүр ұлағаты», «Халық мұрасы», «Бүгінгі спорт», «Экономика», «Дәстүрдің озығы бар...», т.б. айдарларымыз жастардың еркін қалам сілтеп, қоғамның бүгінгі ерекшеліктері хақында көсіле ой айтуына арналып отыр.
«Үркер – Үміт» бәйгесіне түсіп, жарық көрген шығармалар да жер-жерлердегі тұсауы кесілген таланттардың мәресін аңдыған оқырманның жан азығына айналғандай. Жас жазушы Элмира Ерікқызы бас бәйгені иемденсе, «Нұр Отанның» «Заңғар» шығармашылық бірлестігі жеңімпаздардың дүниелерін жеке кітап қып шығарды. Бұл бәйге жалғасады.
«Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар Қанатының атқарушы хатшысы Мөлдір Бидахметова туралы «Арман! Еңбек! Сенім!» атты материалдың Отанын сүйген барлық жастарға үлгі-өнеге боларлық тағылымы бар. Өйткені, тағылым табалдырықтан басталады емес пе?!
Қазір компьютер заманы. Жұрттың бәрінің қолында Интернет, факс пен электронды пошта. Бізді бұрынғыдай қарлығаштың қанатындай ақ конверт байланыстырып тұрса, дәлізімізді қуаныш кернер еді. «Құрметті редакция!» деп басталған ақ қағаздағы көңіл толқыны қоғамның арқасүйері –алыстағы жас қауымның жүрек лүпілі деп білеміз. Әр ауылдың «ағарту үйшігі» – пошта бөлімшесіне барып, жазылып, әркімнің жүрек сөзін жария етер кітап тектес басылымды күту де жан-дүниенің өмірге деген құлшынысын арттырар бір рахат әлем емес пе?! Сіз «Үркер» арқылы жас адамның өмірдегі алар орны қандай болуы керек деген жүрекжарды сауалға жауап табасыз. «Үркер» – ұл-қызыңыздың үміті.
«Үркер» – әдеби журнал. Біз оны әлі танымаған әдеби күштердің қаламын шыңдап, қатарын нығайту үшін аштық. Демек, «Үркер», ең бастысы, қазіргі проза мен поэзияның сапын нығайтатын әдеби қуатты күш. Әдеби сын осы екеуінің тазалығы жолында «жанын» аямай қызмет етуі керек. Ал, ағымдағы басқа дүниелер ешқашан санаттан да, саясаттан да қалыс қалмайды. Біздің бағыт осындай.
Журналға «Қазпоштаның» байланыс бөлімшелері арқылы жазылуға болады. Сондай-ақ, «Евразия-пресс», «Еврика-пресс», «Дауыс» бөлімшелері арқылы да жазыла аласыз. «Қазақ газеттері» ЖШС-не келіп, жазылуға да болады.
«Үркерге» жазылуға асығыңыз, көзіқарақты оқырман!
P.S. Алдын-ала тапсырыс беріп, редакциядан сатып алуға да болады.
Байланыс жүйеміз: 050009. Алматы қаласы, Абай даңғылы, 143, 6-шы қабат.
Қуандық ТҮМЕНБАЙ,
жазушы, «Үркер» журналының бас редакторы.