ҮЗІЛГЕН ҮМІТ – ЖАЛҒАНҒАН АРМАН

«Тастама мені, апатай! Мені кімге қалдырып барасың? Мен сенсіз қалай өмір сүрмекпін? Маған бұл өмірде сен ғана керексің» деген перзентінің зарлы үніне безбүйрек анасы мән берместен бұрылып кете барды. Тәрбиешілердің қолында бұлқынған Самал жанұшыра жер тепкілеп, көзінен жасы төгіліп айқайлағанынан басқа амал таппай қала берді. Оның еркінде болса, ол ешқашан анасынан ажырап қалмас еді. Бiрақ маңдайына жазылған тағдыры солай болып тұрғаны ғой.

Иә, оны анасы осылай тастап кетті. Арада қаншама жылдар өте шықты. Өмірге әкелгені болмаса, ана деген атына лайық болмаған анасы бірде-бір ізін салмады. Қызы да оны күте-күте үміті үзілген. Келмейді. Себебі оның басқа өмірі бар. Ал анасы қызын анда-санда ойға алғаны болмаса қазіргі өміріне разы. Тіпті өзі секілді мына ғаламда қаншама жандар бар екенін ойлап, күнәсіз пендедей алаңсыз ғұмыр кешуде. Оны қызының тағдыры еш ойландырмады.

Самал өзіне қайырылмай кеткен жанға деген іштей реніш пен ыза-кекті ішіне жиып, алдына биік мақсаттар қойып тек соған жетуге ұмтылды. Кітаптан бас алмайтын. Қолы қалт етсе болды шағын сөресіне ұмтылады. Қаршадай қыз өз ортасын ұнатпайды. Бірақ амал жоқ бәріне көндіккен. Қаншама қиын күндерді бастан өткерді. Бірде аш қалса, бірде барлық ыдыс аяқты, еденді жуатын, тәрбиешінің жазасынан да құр қалмайтын. Сондай күндері мына рақымсыз жалғанға өкпесін айтып, көз жасын төгетін. Неге тағдыр маған ауыр жүкті арта салды деген сансыз сұрақтың шырмауына маталып, қынжылатын.

Өзге балалар секілді ата-анасының мейірімін көрмей өсті. Кейде томаға тұйық болып алатын. Мінезі де өзгеше, жанарында үнемі мұң тұратын бойжеткенге айналды. Бала болып ойнаған жоқ. Мұның бәрі де өткеннің қалдырған қасіреті еді.

Уақыт зымырап өтіп жатты. Самал оқыды. Жоғары білімді маман атанды. Жұмысқа орналасты. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында баспанаға да қол жеткізді. Жолы болып, шаруасының алға жылжығаны кеудесіне қуаныш сыйлағанымен, бір сәт өткен өмірі көз алдына оралып, іштей күрсініп алатын. Алдына қойған мақсаты оны өткенін ұмыту үшін қайрады. Дауылды теңізде бұйра толқынмен арпалысқан желкенсіз қайықтай жалғыз өзі талай сынға моймай тек биік армандарына ұмтылды.

Ол болашағын жарқын сәттермен елестететін. Және сол үшін күресті. Әлемдегі ең жақсы ана мен боламын деп іштей өз-өзіне серт беретін. Дегенмен, анасын ұмыта алмады. Мекен-жайын тауып, тұрғылықты жеріне барып, сырттай бақылауды әдетке айналдырды. Кейде оны неге іздеп келдім, неге көргім келіп тұрады деген сансыз сұрақтардан шаршайтын. Бірде оның балаларымен жарқын-жарқын емірене сөйлесіп кетіп бара жатқандығын көріп, бір шешімге келді. Сол күннен бастап, анасының үйіне барар жолды мүлде ұмытты. Өз қамын өзі ғана ойлаған баяғы күніне қайта оралды.

Самалдың тағдырын қаншама бала кешіп жатқаны бізге беймәлім. Тек бірін ғана айтып жатырмыз. Бұрында ата-анасынан айырылған жетім бала туған-туыстарының қамқорлығында болып, жетімдіктің кермек дәмін сезе қоймайтын.

Қазір тұл жетімнен гөрі тірі жетім көп. Оған сан түрлі себеп бар. Бірінің өмірге әкелген шаранасы науқас болса, енді бірі жастық шақта шалыс қадам басады, тағы бірі өз еркімен бас тартады. Әлеуметтік жағдайдың нашарлығынан осындай қадамға баратындар көбейді. Пенде болған соң ағаттық жасап жататынымыз жасырын емес. Тек бала тағдырымен ойнамасақ екен... Бұл келешектің көшіне ілесуге тұсау болары хақ. Сондықтан сәл де болса ойланғанымыз жөн болар-ау.

Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.


ҚОҒАМ 13 желтоксан 2014 г. 1 050 0