« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Әрбір өркениетті мемлекеттің алдына қойған басты мақсаты – өз халқының денсаулығын жақсартуды қамтамсыз ету. Салауатты өмір салтын ұстану, спортпен айналысу бүгінгі күні облысымызда бұқаралық сипатқа ие болып келеді.
Облыс бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар үлесі 23,4 пайыз. Облыста бұқаралық спортты дамыту мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы спорт нұсқаушыларын қаржыландыру тәжірибесі енгізілген болатын. Осы орайда, облыстық бюджеттен 2009 жылы 81,09 млн.теңге бөлінсе, биыл 103,6 млн.теңге бөлінді. Нәтижесінде жалпы білім беру және спорт мектептерінің спорт залдарында оқу үдерісінен тыс уақытта елді мекен тұрғындары бекітілген спорт нұсқаушылары арқылы дене шынықтыру және спортпен шұғылдануда. Қазіргі таңда 283 нұсқаушы 142 елді мекенде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар санын ұлғайтуда.
Аймақта жыл сайын спорттық ғимараттар саны артып келеді. Атап айтқанда, барлық аудан орталықтарында стадиондар қайта жаңғыртудан өткізіліп, Арал қаласы мен Жосалы кентінде жаңадан стадиондар салынды. Соңғы 3 жылда 264 шағын спорт алаңы қолданысқа берілді.
Биыл Тереңөзек, Әйтеке би кенттерінде және Шаған ауылында спорт кешендері, демеушілердің көмегімен «Сыр самалы» жағажайында жағажай футбол алаңы салынды.
Қазіргі таңда Нағи Ілиясов ауылында стадион, Әйтеке би және Жаңақорған кенттерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Қызылорда қаласында бокс орталығы және ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында ипподром құрылыстары басталса, «Евразия» спорт кешені қайта жаңғыртудан өткізілуде.
Тіректі елді мекендерді дамыту мақсатында өңірде салынатын 9 спорт кешенінің жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, келесі жылы құрылысы басталады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, келесі жылы қала орталығында И.Ильин атындағы ауыр атлетика спорт кешені, 3000 орындық футбол манежі, және ескек есу каналының құрылыстары жоспарлануда.
Болашақта Сырдарияның сол жағалауынан 15 мың адамға арналған заманауи стадион, оның жанынан стандартқа сәйкес 6 футбол алаңы, «Қайсардың» базасы және футбол академиясын салу жоспарлануда. Биыл Ұлттық спорт түрлерін дамыту барысында қазақ күресінен Балуан Шолақтың 150 жылдық мерейтойына арналған қазақ күресінен облыстық «Алтын белбеу» ақтық жарысы өткізілді. Бесінші мәрте ұйымдастырылған жарыс елді мекендерден бастау алып, аудан, қала және облыстық ақтық сайысқа барлығы 7172 жасөспірім палуан ұлттық өнерді дамытуға атсалысты.
Жасөспірімдердің арасында ауқымды іс-шаралары болып табылатын «Бәрің де жарысқа» «Нашақорлыққа жол жоқ» атты көңілді старттары дәстүрлі түрде өтіп, оған 1-11 сынып оқушылары жарыс жолына түсті. Аталған шара ауылдық, аудандық, қалалық және облыстық кезеңдерінен өтіп, барлығы 7000-ға жуық жасөспірімдер тартылды.
Сонымен қатар, облыста бірінші рет көркем гимнастикадан «Сыр жұлдыздары» облыстық ашық турнирі өткізіліп, оған Қазақстанның барлық облыстарынан спортшылар қатысты. Нәтижесінде Қызылорда облысының командасы бірінші орынды иеленді.
«Мұз айдыны» спорт кешенінде топтық би мен спорттық балеттен және мәнерлеп сырғанаудан Еуразиялық екінші фестиваль ұйымдастырылды. Сыр өңірінде қысқы спорт түрінен алғашқы мәрте өткізілген байқауға Алматы, Ақтөбе қалаларынан және жергілікті өңірден 80-дей жас спортшы қатысты. Аз уақыттың ішінде мәнерлеп сырғанаудың қыр-сырын үйренген қызылордалық өрендер әдемі өнер көрсетіп, үздік «Мұз үстіндегі театр» және үздік «Сырғанау техникасы» номинациясымен марапатталды.
Арал ауданының Қамбаш көлінде желкен спортынан «Аралдың қайта жандануы» атты II республикалық турнир ұйымдастырылып, оған 40 спортшы қатысты.
Сондай-ақ, Жаңақорған ауданында жастар арасында өткен көкпардан ҚР чемпионатында Қызылорда облысының құрама командасы күміс жүлдені иеленді.
Облыста қысқы олимпиадалық спорт түрлерін дамыту мақсатында мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей бөлімшелері ашылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Жоғары білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында Олимпиада резервін даярлау орталығы, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі және 22 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс жүргізуде. Cпорт мектептерінде 14078 оқушы 30 спорт түрімен шұғылданады.
Жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесінде ұлттық құрама команда сапында өнер көрсететін спортшылар саны артуда. Жыл басынан бері 8 ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 73 ҚР спорт шебері, 180 спорт шеберлігіне үміткер, 81 I-ші спорттық разряд әзірленді. Облыс спортшылары ҚР чемпионаттарында 173 алтын, 141 күміс, 227 қола медальды иеленсе, Азия, Әлем чемпионаттарында – 41 медаль, оның ішінде 14 алтын, 12 күміс және 15 қола медальды жеңіп алды. Еліміздің Ұлттық құрама командасына спорт түрлерінен 295 спортшы енді.
Биылғы жылдың қаңтар, наурыз, сәуір, қазан, қараша айларында (Словакия, Италия, Словения, Франция, Италия) мәнерлеп сырғанаудан өткен бес халықаралық турнирде Элизабет Тұрсынбаева 5 мәрте чемпион атанды. Былтырғы маусымда Элизабет жастар Гран-при додасының (Минск, Белоруссия) күміс және қола (Германия) жүлдесін иеленді.
Еркін күрестен ерлер мен әйелдер арасында өткен Азия чемпионатында (Астана қаласы) 61 келіде Дәулет Ниязбеков қола жүлдені иеленсе, бокстан қарулы күштер арасында ұйымдастырылған Әлем чемпионатында (Алматы қаласы) +91 келі салмақ дәрежесінде Қамшыбек Қоңқабаев чемпион атанып, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.
Велоспорттан жастар арасында Азия чемпионатында (Астана қаласы) Асылхан Тұрар Қазақстан құрама команда сапында өнер көрсетіп, командалық жарыста екінші орынды иеленді. Алматы облысы, Талдықорған қаласында көгалдағы хоккейден әйелдер арасында өткізілген Азия кубогында Сырдария ауданының командасы алтыннан алқа тақты.
Тәжікстанның Душанбе қаласында әмбебап жекпе-жектен өткізілген Азия чемпионатында 90 келіде Ердәулет Жеңіс чемпион атанса, 60 келіде Әліби Қалила қола жүлдеге қол жеткізді.
Өзбекстанның Ташкент қаласында шахматтан өткен Азия чемпионатында швейцар жүйесі бойынша классикадан 10 жасқа дейін қыздар арасында Назерке Нұрғали, 12 жасқа дейін блицтен Әсел Серікбай, 6 жасқа дейін ұлдар арасында Алдияр Аңсат классика мен блицтен екінші орынды иеленді.
Өскемен қаласында волейболдан жасөспірімдер арасында өткен ҚР чемпионатында облыс құрама командасы 1-орынды иеленсе, Семейде тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионатында облыс спортшылары 4 алтын, 2 күміс, 5 қола медальмен жалпыкомандалық есепте жеңімпаз атанды. Тараз қаласында дзюдодан жастар және Павлодар қаласында жасөспірімдер командасы Қазақстан чемпионатында 1-орынды иеленді. Алматы қаласында таеквондодан ерлер мен әйелдер арасында «Федерация кубогы» атты республикалық турнирінде жалпыкомандалық есепте облыстың құрама командасы бірінші орынды жеңіп алса, Павлодарда еркін күрестен ересектер арасында өткізілген ел чемпионатында екінші орынды еншіледі.
Сондай-ақ, Астана қаласында ҚР Президенті жүлдесі үшін қазақ күресінен өткен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде жерлесіміз Руслан Әбдіразақов қола жүлдені иеленді. ҚР Ауыл жасөспірімдерінің II жазғы спорт ойындарында спорттың 9 түрі бойынша Қызылорда облысының құрама командасы бесінші орынды иеленді. Малайзияның Куала-Лумпур қаласында каратэ-додан жастар арасында өткен Азия чемпионатында 53 келіге дейінгі салмақта кумитэ бағдарламасы бойынша Мөлдір Жаңбырбай күміс жүлде әкелді.
Қытайдың Нанкин қаласында жасөспірімдер арасында өткізілген Олимпиада ойындарында жерлесіміз Бауыржан Жауынтаев 55 келіде дзюдодан чемпион атанды. Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен XVII Азия ойындарында ауыр атлетикадан Алмас Өтешов 94 келі салмақта күміс жүлдені иеленді. Ал гандболдан «Сейхұн КАМ-ҚМУ» командасының ойыншылары Евгения Цупенкова, Наталья Ильина және Виктория Колотинская Қазақстан құрама сапында өнер көрсетіп, қола жүлдеге ие болды.
Сондай-ақ, Ресейдің Анапа қаласында кикбоксингтен өткізілген Әлем Кубогында Алтынбек Жүнісов 75 келі салмақта чемпион атанса, 54 келіде Нұрсұлтан Сапаров екінші орынды иеленді. Оңтүстік Кореяның Сеул қаласындағы самбодан Әлем чемпионатында 44 келіде өнер көрсеткен Гүлфайруз Наймантаева алтын жүлдені жеңіп алса, Аида Ермаш 48 келіде қола жүлдені иеленді. Американың Нью-Джерси қаласында еркін күрестен өткен әскери қарулы күштер арасындағы Әлем чемпионатында 74 келі салмақта Ғалымжан Өсербаев чемпион атанды. Орынборда қазақ күресінен ересектер арасында өткен бесінші Әлем чемпионатында Ғалымжан Әбдірахманов 70 келіде чемпион атанды.
Облыс спортының ең үлкен жетістігі – бұл ауыр атлетикадан Илья Ильиннің 4 дүркін Әлем чемпионы атанып, әлем рекордын жаңартуы.
Жоғары білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытындағы спорт түрлерінен 10 ҚР чемпионаты, 2 спорт түрінен ҚР 7-ші жазғы спартакиадасы аясында республикалық жарыстар, 34 республикалық турнир, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері арасында 39 облыстық біріншілік ұйымдастырылып өткізілді.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |