« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы Қазақстан халқына арнаған "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауында энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту қажеттігін тапсырды. Мемлекет басшысы жүктеген осы міндеттің облыста жүзеге асырылу барысы қалай? Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Әбдіхалықовпен жүргізілген сұхбатта осы мәселелер негізгі әңгіме өзегіне айналады.
– Ержан Қыпшақбайұлы, Елбасы Жолдауда халыққа коммуналдық қызмет көрсетуді жақсартуды тапсырды. Соның ішінде энергетика жүйесін жетілдіру қажеттігі де айтылды. Жалпы, осы тұрғыдан алғанда біздің облыстағы қазіргі ахуал қандай?
– Шындығында, Елбасы өз Жолдауында еліміздің экономикасындағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталған Жаңа Экономикалық Саясат туралы жариялады. Жолдауда айтылғандай, соңғы жылдары энергетикада ауқымды жұмыстар жүргізілгенімен, магистральдық желілердің шектеулілігі елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының тапшылығын туындатып отыр.
Жалпы, біздің облыста электр энергиясының жетіспеушілігі барлығы жасырын емес. Қызылорда жылу орталығы облысқа қажетті электр энергиясының тек 40 пайызын ғана өндіреді. Ал, қалған 60 пайызды біздер сырт көзден сатып алуға мәжбүрміз. Бүгінде облыс аумағында барлығы 9108 шақырым әуелік және кабельдік электр желілері, 117 қосалқы және 1433 трансформаторлық станциялар бар. Соңғы отыз жылдан бері облыстың электр энергетикасын дамытуға жеткілікті қаржы бөлінбеуінен аталған электр нысандарының 70 пайызының тозығы жеткен. Дейтұрғанмен, соңғы төрт жылда еліміздің экономикасының тұрақты өсуінен 3,9 млрд. теңге қаржы бөлініп, жүйелі жұмыстар жүргізілді. Соның ішінде осы уақытта 207 шақырымға жуық электр желілері салынып, 7 тарату пункті мен 22 трансформаторлық стансалар іске қосылды.
2011 жылы жалпы сметалық құны 1444,0 млн. теңгені құрайтын "Қызылорда облысының аудан орталықтарын электрмен жабдықтау жүйесін дамыту” жобасы әзірленіп, үш жылдық мерзімде жеті аудан орталығының электрмен жабдықтау жүйесін дамытуды қамту жоспарланды. Атап айту керек, бұл көптеген жылдан бері аудан орталықтарының электр жүйесін қайта жаңғырту бағытында қолға алынған ауқымды іс болды. Үш жылда бұл жобаға барлығы 1226,3 млн. теңге қаржы бөлініп, Арал, Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарының орталықтары бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Арал ауданы Жақсықылыш елді мекенінде электр жүйелері жаңғыртылды.
"Қызылорда қаласында "ПС-35/10” кВ-тық "Жаңаарық”, "Тасбөгет”, "Районнан котельная” қосалқы стансалары қайта жаңғыртудан өткізілді. Нәтижесінде Қызылорда қаласының 50 мыңнан астам халқы сапалы және үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етілді.
2014 жылы "Қызылорда қаласының кернеулігі 10/0,4 кВ электрмен қамту жүйесін дамыту” жобасы бойынша өткен жылы басталған құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Бүгінде оны қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса Жаңақорған, Шиелі және Қазалы кенттеріндегі электр жүйелерін дамыту жобалары бойынша жұмыстары аяқталуға жақын. Олар іске қосылғанда жоғарыда аталған үш кенттің 65 мыңға жуық тұрғыны сапалы электр энергиясын тұтынуға қол жеткізеді.
Сонымен қатар, биыл "Арал”, "Новоказалинск” қосалқы стансаларын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Нысандар өтпелі, яғни 2015 және 2016 жылдары аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ, 2015-2017 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыруға тиісті министрліктерге жалпы сомасы 7,2 млрд. теңгені құрайтын 11 жоба бойынша бюджеттік өтінім ұсынылды. Осы қаржы бөлінгенде облыстың энергетика саласын дамытуда кең ауқымды жұмыстар жүзеге асырылатын болады.
– Халықты таза ауыз сумен және жылумен қамтамасыз етудің барысы жөнінде айта кетсеңіз.
– Жалпы сумен қамту бойынша Елбасының 2020 жылға дейін ауылдық елді мекендердің орталықтандырылған ауыз суға қолжетімділігін 80 пайызға жеткізу тапсырмасына сәйкес жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс республикада алдыңғы қатарда.
Өткен жылдың қорытындысымен облыс бойынша барлық 262 ауылдық елді мекеннің 185-і орталықтандырылған ауыз суға қосылды немесе бұл көрсеткіш 71 пайыз болды. 2012 жылы ол 178 елді мекенді қамтып, 69 пайызды құраған еді.
"Ақбұлақ” бағдарламасы бойынша биылғы жылға барлық қаржы көздерінен 8 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 21 жобаның құрылыс жұмыстарына 4,7 млрд. теңге және ауыз су тарату қызметтеріне берілетін субсидияға 3,3 млрд. теңге бөлінді.
Облысқа трансфертпен берілетін қаржылардан басқа тікелей Су ресурстары комитетінің қаржыландыруымен биылға 2,3 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде Жиделі топтық су құбырына 8 елді мекенді қосу жобасына 1,1 млрд. теңге және Талап топтық су құбырына 1,2 млрд. теңге қаралған.
Сонымен қатар биыл қала мен барлық аудандардың көптеген елді мекендеріндегі ауыз су жүйесін жаңғырту жұмыстары басталды. Ал, келер жылы сметалық құны 2,4 млрд. теңге болатын Қазалы аудаының Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының су жүйелерін жаңғырту жұмыстарының құрылысы басталады. Сонымен бірге Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырына қосылған 10 елді мекеннің ішкі су жүйелерін тұтынушыға дейін жеткізу жобасының құрылысы салынады. Сырдария ауданының Сейфуллин елді мекенінің тұтынушыға дейінгі құрылысы да жүргізіледі. Жалпы, биыл 28 жаңа жоба 2015-2017 жылдары қаржыландыруға тиісті министрліктерге ұсынылады.
Жылумен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, онда 2014-2015 жылғы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында "Қызылордажылуэлектрорталығы” МКК-на облыстық бюджеттен 234 млн. теңге қаржы бөлініп 4 қазандық қайта жаңғыртудан өтті. Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде құны 1 млрд. теңгеден асатын қуаттылығы 5,44 шақырым жылу желілерін кеңейту жұмыстары атқарылды.
Сонымен қатар жылу беру маусымын үздіксіз өткізу мақсатында ҚР Үкіметі қорынан "Оңтүстік қазандық” филиалы үшін 16,4 мың тонна мазут алуға 873 млн. теңге және Қызылорда жылу электр орталығы үшін газ құнын субсидиялауға 378 млн. теңге бөлінді. Ал, 2015 жылы құны 665 млн. теңгеге ұзындығы 2,6 шақырымды құрайтын Қызылорда қаласындағы жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша үш жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Облыстық бюджеттен бөлінген 75 млн. теңгеге "Қызылордажылуэлектрорталығы” МКК-сын қайта жаңғырту және кеңейту” жобасының мемлекеттік сараптама қорытындысы мен техникалық экономикалық негіздемесі әзірленді. Бұл жоба іске асырылған жағдайда электр қуатын 235 МВт және жылу қуаттылығын сағатына 400 гигокалорияға жеткізу, сондай-ақ, аймақтың сыртқы энергия көздеріне тәуелділік жойылып, алдағы уақытта құрылысы салынатын индустриялық инновациялық кәсіпорындарға қосымша электр энергиясын беруге жол ашады.
– Тұтынушыларды "көгілдір отынмен” қамтамасыз етудің жайы қалай?
– Қазіргі таңда, облыс бойынша Қызылорда қаласының 95 пайызы ілеспе газбен қамтамасыз етіліп отыр. Ал, облыстың қалған аудан орталықтары мен қала маңындағы елді мекендерді газдандыру "Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистральды газ құбырының бойында қарастырылған бұрыптар арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Негізі Қызылорда облысын кешенді газдандырудың бірінші кезеңі 2015-2017 жылдары аралығында 21 елді мекенді газбен қамтамасыз ту жоспарлануда. Бұл жұмыстар тиісті дәрежеде жүзеге асырылған жағдайда осы кезеңде облыс халқының 70 пайызын газбен қамтуға қол жеткізіледі. Аталған тапсырманы жүзеге асыру үшін өткен жылы 5 техникалық-экономикалық негіздемені және 10 жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін облыстық бюджеттен 569,5 млн. теңге бөлінсе, бүгінгі күнге 4 техникалық жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, олардың мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Қалған жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады.
Сонымен қатар Қызылорда облысының әкімдігі мен "ҚазТрансГаз” АҚ арасында жасалған меморандумға сәйкес барлығы 23 млрд. теңгеге 4 аудан орталығына, яғни, Арал қаласы, Әйтеке би кенті, Шиелі және Жаңақорған кенті мен Байқоңыр қаласына автоматтандырылған газ тарату стансаларының құрылысы мен кварталішілік газ құбырларының құрылысын салу келісілді. Бүгінде бұл істің алғашқылары да басталып кетті. Сонымен бірге Қызылорда қаласының Қызылжарма ауылдық округін және Тасбөгет кентін газдандыру үшін биылғы жылға республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, облыстық бюджеттен 12 жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшін 2015 жылға 381 млн. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылса, келер жылы Қызылорда қаласындағы газдандырылмай қалған тұрғын үйлерді газдандыру, Қарауылтөбе, Талсуат ауылдық округтерін, Белкөл кенттерін газқбен қамтамасыз ету үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігіне 1183,4 млн. теңгені құрайтын 4 жоба бойынша бюджеттік өтінім ұсынылды.
– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға да бүгінде ерекше мән беріліп отыр. Осы бағытта облыста қандай жұмыстар атқарылуда?
– 2011 жылдан бастап Елбасының бастамасымен қолға алынған "Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған” бағдарламасы аясында көпқабатты тұрғын үйлер жөндеуден өткізіліп жатқандығы белгілі. Бүгінгі таңда облыс бойынша 1096 көпқабатты тұрғын үй бар болса, оның 70 пайызы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Бұл үйлердің көбі 20-30 жылдан бері жөндеу көрмеген.
Бағдарлама аясында облыс бойынша 81 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 1814,255 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда Қызылорда қаласы бойынша жоспарланған 72 үйдің 42-нің жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал қалған үйлердің жұмыстары да аяқталуға жақын. Сонымен қатар, облыстағы 5 аудан бойынша 9 үй жөндеуден өтті.
Жалпы, алдағы жылы облыс бойынша 115 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жалпы құны 1762,5 млн. теңгеге Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік өтінім тапсырылды. Негізі облыста 2020 жылға дейін 570 үйді жөндеуден өткізу көзделуде. Қалай айтқанда да, біздің басты міндет тұтынушылар сұранысын қанағаттандыру екені белгілі. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстар жандандырыла беретін болады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |