Зорлық-зомбылық, лаңкестік пен жихадқа Исламның көзқарасы

Жер бетінде алуан түрлі қауымдардың арасынан шыққан жауыз-қаныпезерлердің қаншама қатыгездік іс-әрекеттер жасап жатқанын бұқаралық ақпарат құралдарынан күнде көруге болады. Соның көбінде «Исламдық лаңкестер», «мұсылман содырлар», «исламдық экстремистік топ»,-деген сөз тіркестері жиі естіледі, яғни осындай зорлық-зомбылық көрсету көбіне Ислам дінін ұстанушылардан деп жала жабуда.

Сондықтан, бізге Исламның қатыгездік, жауыздық атаулыға қалай қарайтынын өзгелерге айқындап беру міндет болып отыр. Сөз басында,Ислам дінін терісіс-әрекеттермен байланыстырып кең тарап кеткен бұрыс ұғымдарды түзетуден бұрын, бірнеше мәселеге тоқталсақ:

– Ислам дінінің сүйенетін негізгі тұғыр­лары,бастау алатын танымдық, тағылымдық қағидалары бар. Сондықтан, нендей бір айып тағудан бұрын, өздерін ғана Исламның өкілдері санайтын белгілі бір топтың іс-әрекетін емес, керісінше, Ислам дінінің негізгі ұстындары мен қағидаларынназарға алған жөн.

– Бұл мәселені айқындап, түсіндіріпберуге адамдардың ең лайықтылары – олар Ислам тағылымдарын терең түсіне отырып егжей-тегжейлі анализ жасай алатын білімді де білікті мамандар.

– Біз алдымен оң нәтижеге қол жеткізу үшін осы тақырыпты толық талдап, кеңінен талқылауымыз қажет.

Олай болса, Ислам діні жауыздық, қатыгездік іс-әрекеттерге қалай қарайды?!

Жауыздықтың анықтамасы

«Анықтама –ұғындырушы құрал» дегендей, жауыздық, қатыгездікке Ислам дінінде былайша анықтама берілген: Бір жеріне зақым беретіндей немесе өлімге душар ететін, адамның сана-сезіміне психологиялық кері әсер беретіндей деңгейде біреуге күш қолдану. Бұл іс-әрекет – жеке тұлғаға көрсетілсе де, бір қауымға жасалса да, бүкіл қоғамға зардап көрсетілсе де, күш қолдану не қорқыту арқылы болса да жауыздық болып табылады. Қатыгездік іс-әрекеттерге қатысты Исламның ұстанымы төмендегі факторлардан құрылады:

– Қатыгездік іс-әрекеттерді атқаратындар;

– Теріс іс-әрекеттерден зардап шегетіндер;

– Қаскөйлік әрекеттерге алып баратын факторлар;

– Бұл іс-әрекеттердің қаншалықты рұқсат етілгендігі.

Тіпті қанды қақтығыстардың өзінде, соғыс алаңында шайқасып жүргендерден басқаларға қарсы қысым көрсетуге Ислам діні тыйым салады. Ал шайқас үстінде бейбіт келісімге келу мүмкіндігі туа қалса, келісімді қантөгістен артық көреді. Алла Тағала Қасиетті Құранда:«Егер олар бейбітшілікке бейімделсе, оған сен де бейімдел. Аллаға сүйен! Бәрін естіп, біліп тұрушы – Алла»,-деген. (Әл-Әнфәл: 61)

Исламның алғашқы кезеңінде арабтардың көпқұдай­шылық діндерін құптамай, бір Аллаға құлшылық жасағаны үшін Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мекке мүшіріктері тарапынан зорлық-зомбылық пен қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл жиырма үш жыл бойы жалғасты. Бірақ, Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) олармен соғысқан жоқ. Керісінше, айналасындағы жәбірленіп жатқан мұсылмандарды: «Сабыр етіңдер! Ей, Ясир әулеті. Сендердің орындарың Жұмақ!»-деген жылы сөздермен сабырға шақырды. Тіпті мұсылмандар діндері мен діни азаттықтарын қорғау жолында жауларымен қарулы соғысқа түсуге мәжбүр болған шақта да барынша бейбіт бітімге жүгінгенді жөн көрді. Соған қарамастан, қарсы беттің қарулы шабуылдарының тыйылмауынан қантөгістер орын алмай қоймады.

Осының барлығын саралай келе, Ислам соғыстан бейбітшілікті, қантөгістен келісімді артық санайтын, күш қолданған жағдайда да шариғат шеңберінен шықпайтын, онда да қатыгездікке барынша жол бермеуге шақыратын дін екенін көре аламыз. Керісінше, мүмкін болған жағдайда, жұмсақтық танытуға шақырады. Пайғамдарымыздан (с.а.у) мынадай сөз қалған: «Адамдарға мейірімдік жасамағанға, Алла да мейірімділік етпейді»-деген.

Жауыздықты тудыратын факторлар мен одан арылу жолдары

Бірінші фактор – әсірешіл бірбеткейлілік.

Жамандық пен қиянат атаулы адамдар ашу-ызаға жол бергенде көбейеді. Қылмысқа итермелейтін бірден-бір себеп – ашу, ызақорлық.Сондықтан, Ислам шариғатында мұсылманнан дер кезінде ашуы мен ызасын баса білу талап етіледі. Мәселен, бір жігіттің Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп «маған өсиет айтыңыз» дегеніне Алла елшісі (с.а.у.) оған бірнеше рет «ашуланба» деп жауап қайырғандығы хадистерде айтылған. Ал әсіре ашушаңдық, бұл өзін-өзі бағамдай алмайтын адамдарға тән. Ашу тұрған жерде даналық, ақылдың ауылы алыстап, адам әсірешіл бірбеткейлікке оп-оңай жол береді. Өзінің не істеп, не қойғанына да есеп бермейді. Міне мұндай адамдар фанатизмнің жетегінде көздеген түпкі мақсатына жету үшін барлығын қырып-жоюға, тіпті өзін де құрбан етуге дайын.

Екінші фактор – астамшылық пен шектен шығушылық.

Алла Тағала Құранда: «Ей, кітап иелері, діндеріңде шектен шығып кетпеңдер, Алла жөнінде хақ сөзден басқа сөз сөйлемеңдер»,-деп бұйырған. (Ән-Ниса: 171)Бұл тыйым Кітап иелеріне (Яхудилер мен Христиандарға) қарата айтылғанымен де, үкімі мұсылман үмбетіне де қатысты. Себебі, дінде шектен шығу кімге болса да харам саналады. Сол үшін Алла елшісі (с.а.у) шектен шығушылықтан қайтара отырып:«Дінде шектен шығудан сақтаныңдар. Сендерге дейінгілерді құртқан осы шектен шығушылық»,- деп ескерткен.

Үшінші фактор: Нәсілшіл біржақтылық.

Нәсілшіл біржақтылық әсіресе қауым, қоғамдар арасында зорлық-зомбылықтың отын тұтатушы негізгі себеп. Сондықтан, исламда адамның нәсіліне, түсіне, ұлтына қарап бөлуге тыйым салады.

Алла Тағала Құранда: «Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы»,- дейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Сендердің Раббыларың жалғыз!Барлығың бір атадан таралғансыңдар. Арабтың араб еместен, араб еместің арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің тақуа болғандарың»,-дейді.

Төртінші фактор: Ашкөздік пен сараңдық.

Зорлық-зомбылық, қаскөйлік әрекеттердің түбінде ашкөздік, сараңдық пиғылдар жатыр. Ал ислам діні мұсылмандарды әрдайым сараңдықтан тыйып келді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сараңдықтан сақтаныңдар. Өйткені сараңдық сендерден бұрын өткен қауымның түбіне жетіп, жойған еді», -дейді.

Ал енді осындай себептердің барлығын тамырына сіңірген терроризмге қатысты Ислам дінінің көзқарасына тоқталсақ. Әлемдік ақпарат құралдарында Ислам мен лаңкестіктің бірге айтылуы жиі кездесетін жағдайға айналды. Бұл, әрине, мұсылмандар үшін өкінішті жағдай. Егер бірі мұсылман, бірі мұсылман емес екі адам бірдей қылмыс жасаса, мұсылманды тікелей «террорист» деп діннің атынан, саясат атынан жасады деп айып тағылады. Ал, екіншісінің дініне қарап жатпайды, тек психологиялық ауруға шалдыққан не болмаса басқа да себептерді айтады. Мұндай оқиғалар мұсылмандардың әлеммен қарым-қатынасында өте жиі кездестіруге болады.

Терроризм, яғни лаңкестік деген не?

Ел арасында қорқыныш, үрей және тұрақсыздық тудыру мақсатында жеке бір адамның немесе топтың қоғам тәртібін, тыныштығы мен қауіпсіздігін бұзатын іс-әрекеттер мен шараларды ұйымдастыруы. Терроризмнің мақсаты – мемлекеттердің, халықтардың оңтайлы ойлауларына, бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүрулеріне кедергі жасап, дегбірін шығару. Сол арқылы өздерінің көздеген саяси, діни, идеялық мақсаттарына жету.

Бірақ ислам діні лаңкестік пиғылдан түбегейлі таза. Тіпті зорлық-зомбылықты пайдаланып адамға белгілі бір сенімді міндеттеуге, қабылдатуға қатаң тыйым салады.

Алла Тағала Бақара сүресінің 256-аятында: «Дінде зорлық жоқ. Расында туралық, азғындықтан ажыратылды. Енді кім жауыздыққа қарсы келіп, Аллаға иман келтірсе, сонда ол рас үзілмейтін (берік) тұтқаны ұстады. Алла әр нәрсені естуші, білуші».

Ислам жарылыс ұйымдастыруға, әуе ұшақтарын қысымшылықпен айдап кету әрекеттері, қоқан-лоқы көрсету арқылы абыройын төгіп, әшкерелейтін мәліметтерді таратумен қорқытып, арандату жұмыстарына қатаң тыйым салады. Саяси не діни мақсаттарды жүзеге асыру үшін бұндай әдістерді қолдануға қатаң тыйым салады.

Соғыс жариялау тек мемлекетті басқарушы үкіметтің бұйрығымен ғана болады.Сондай-ақ, соғыс жекелеген адамға немесе топтарға емес, тұтас мемлекетке бағытталады.Бір тудың астында, бір қолбасшының бұйрығымен орындалады. Қарапайым халыққа емес, қолына қаруын асынған әскерге ғана қарсы соғысуға болады. Соғыста әйелдерді, балаларды, соғысқа қатыспаған жасы үлкен кісілер мен монахтарды өлтіруге қатаң тыйым салды. Ең арғысы. өсіп тұрған ағаштар мен егін алқаптарын өртеуге, түйе, сиыр сияқты малдарды жоюға, әр түрлі өзге діннің ғибадатханаларын қиратуға жол бермейді.

Ислам мемлекеттеріне мықты әскер құру міндеті жүктелген. «Әнфәл» сүресінің 60-аятында Алла тағала: «Сендер де шамаларың келгенше әр түрлі күш әрі ат байлаумен әзірлік көріңдер. (Сондай-ақ заманауи техникалық құралдар дайындаңдар.) Алланың дұшпанын, өз дұшпаңдарыңды тағы олардан өзге дұшпандарды қорқытасыңдар. Оларды сендер білмейсіңдер, Алла біледі. Ал Алла жолында не нәрсе жұмсасаңдар, сендерге толық төленеді. Әділсіздік көрмейсіңдер», -дейді. Бұл басқа елдерге шабуыл жасап, зұлымдық жасау үшін емес, бейбітшілікті, тыныштықты сақтау мақсатында айтылған аят.

Исламдағы жихад түсінігі

«Жиһад» сөзі араб тілінде белгілі бір нәтижеге жету үшін немесе бір істі орындау үшін бар қажыр-қайратың мен ынта-жігеріңді төгу, тырысу, күресу деген сияқты мағыналарды білдіреді.

Жиһад мәжбүр жағдайда ғана қарумен болады. Қасиетті Құранда: «Өздеріңмен соғысқандармен Алла жолында соғысыңдар да шектен шықпаңдар. Негізінен Алла (Т.) шектен шығушыларды жақсы көрмейді», «Олармен бұзақылық қылмай, дін Аллаға тән болғанға дейін соғысыңдар. Егер олар тыйылса, дұшпандық залымдарға ғана»,-деп ескерткен.( «Бақара» сүресі, 190, 193-аяттар)

Осы екі аяттан жихад үкімдерін анықтаймыз және оған себепші болатын екі нәрсе екенін бағамдаймыз: жау шабуылы мен қуғын-сүргінді тоқтату.

Алла Тағала «Хұжырат» сүресінде: «Егер мүміндерден екі топ соғысса, дереу араларын жарастырыңдар; мүбада екі жақтың бірі, екіншісіне өктемдік жасаса, бас тартқан жақпен Алланың әміріне қайтқандарына дейін соғысыңдар. Егер қайтса, араларын әділдікпен жарастырыңдар, туралық істеңдер. Расында Алла туралық істеушілерді жақсы көреді»,-деген.

Өктемдік жасалған кезде, бүлік туған жағдайда Пайғамбар (с.а.у) белгілеп берген ережелерге сәйкес соғыс жүргізуге болады. Әбу Дәудтен жеткен хадисте Әнәс ибн Мәлик (Ол екеуіне Алла разы болсын): «Пайғамбар соғысқа әскер жібергенде «Алланың атын айтып аттаныңдар, қарттарды өлтірмеңдер, жас сәбилерге, әйелдерге қол жұмсамаңдар, шектен шықпаңдар, соғыс олжаларын бір-біріне қосыңдар»,-деген.

Исламдағы соғыс қағидаларын былайша жүйелеуге болады:

1. Соғысқа себеп менмендік, жеке адамның мүддесі, болмауы қажет.

2. Билік тарапынан соғыс ресми жариялану керек.

3. Қажетсіз қырып-жою, тонаудан алыс болу, соғыстан тыс адамдарға тиіспеу.

4. Қолға түскен тұтқындармен жақсы қарым-қатынаста болу.

5. Мұсылмандардың, яғни адамдар жасаған қателіктерге ислам дінінің қатысы жоқ екенін білу қажет.

6. Ислам діні соғыс уақыттарына қарағанда бейбітшілік замандарда кең тараған. Мұсылмандардың әлсіздік танытқан кезеңдерінде де исламның таралуы тоқтамады.

Қасиетті Құран Кәрім мұсыл­мандарды әрдайым өзге мұсылман еместермен көркем мәміледе болуға шақырады:«Іштеріндегі зұлымдық қылғандарынан басқа Кітап иелерімен көркем түрде сөз таластырыңдар. Оларға: "Бізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Және біздің Тәңіріміз де, сендердің Тәңірлерің де біреу-ақ. Біз Оған бой ұсынғандармыз” деңдер»,-деген.(«Анкабут» сүресі, 46-аят)

Ислам діні қарулы соғысқа дұшпанның бетін қайтару мақсатында, ел ішінде тұрақсыздық туғызуға себепші бүліктің алдын алу және жою үшін рұқсат береді. Бірақ, шариғат аясындағы соғысқа қатысты бекітілген қағидалар мен ережелер қатаң сақталуы шарт. Осындай бейбіт пен игілікке толы дінді жіберген әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мақтаулар, Оның елшісі пайғамбарымыз Мұхаммедке сансыз салауаттар болсын!

Жуда Абдулғани Басюни,

«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, доктор, Каирдің «Әл-Асқар» университетінің барлық Шариғат және заң факультеттерінің төраға мүшесі.


ҚОҒАМ 11 желтоксан 2014 г. 1 442 0