« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында Mәңгілік Ел идеясын «елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі» деп атап көрсетті. Оны XXI ғасырдағы Қазақстанның мызғымас идеялық тұғыры ету үшін атқарылатын жұмыстарды да айқындап берді.
Сонымен бірге Елбасы алдағы жылды «ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы» деп белгіледі. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституцияның 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өту мәдениет саласында еңбек ететін ұжымдарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы ретте облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ержан Абдрахманов саланың жыл бойы атқарған жұмыстары туралы әңгімелейді.
– Қайсыбір саланың даму деңгейi оған жылма жыл бюджеттен бөлінетін қаржыға тікелей қатысты екені белгілі. Бұл орайда өткен жылмен салыстырар болсақ, облыстың мәдениет саласына облыстық бюджет қоржынынан 2013 жылы 1 млрд. 321,3 млн. теңге қаржы бөлінсе, 2014 жылы 1 млрд. 854,6 млн. теңге бөлініп, игерілді.
Жыл көлемінде облыстың бірқатар клубтары мен мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға да қомақты қаржы жұмсалуда. Мысалы, биылғы жылы облыстық бюджеттен орталықтандырылған жүйе арқылы 7 ауданға «Зерде» мәдени-ақпараттық автокөлік алынып берілді. Бұл автокөліктер дыбыс күшейткіш аппаратурасы, музыкалық аспаптар, концерттік киімдер, видеопроектор, электрогенератор секілді қажетті құралдармен толық жабдықталған. Сонымен қатар, жылдар бойы қордаланып келген штат мәселесі де шешімін тауып, нәтижесінде ауыл мәдениетін көтеру мақсатында облыстық бюджеттен 410 штаттық бірлік берілді. Облыстық театрға, филармонияға және музейлерге 123 штаттық бірлік бөлінді.
Ұлттық мәдениетіміздің қайнар көзі, халқымыздың бай мәдени-мұрасы – әнін, биін, күйін, жыр-термесін, қолөнерін, салт-дәстүрін кейінгі ұрпаққа насихаттауда үйірмелердің және қатысушы өнерпаздардың үлесі зор. Облыс халқына мәдени қызмет көрсететін клуб кәсіпорындары мен мәдениет үйлерінде барлығы 20 түрлі жанрда 726 көркемөнерпаздар үйірмесі және әуесқой бірлестіктер жұмыс жасайды, олардың 600-ге жуығы ауылдық жерде.
Жыл ішінде барлығы 12 байқау-конкурс (5 халықаралық, 4 республикалық, 1 аймақтық, 6 облыстық байқау) ұйымдастырылып, оған 735 өнерпаз қатысты.
«Кітап – білім бұлағы» деген қағиданы еске алсақ, оның бержағында бүгінгі күні тікелей ақпараттық-насихаттық жұмыспен айналысатын, идеологиялық жұмысты үйлестіретін мәдениет мекемесі – кітапханалар. Қазіргі таңда облыс кітапханаларының кітап қоры 4,5 млн. дана шамасында, оның ішінде қазақ тіліндегі әдебиеттер саны 2,3 млн. дананы құрайды. Кітап қорлары жылма-жыл жаңа кітаптармен толықтырылып келеді.
Қазіргі «ақпараттар ғасырында» кітапханаларды заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етуге үлкен мән берудеміз.
Облыс кітапханаларындағы компьютер саны – 359, оның 126-сы ауылдық кітапханада. Интернет жүйесіне қосылған кітапханалар саны 64-ке жетіп отыр, оның 33-і ауылдық жерде.
Бүгінгі күнге облыстық кітапхана қорындағы 283 дана кітап және 6 газет топтамасы сандық жүйеге көшіріліп, оқырмандарға ұсынылуда.
Салалық министрлік бекіткен өзара «облыс апталарын» өткізу кестесіне сәйкес Ақтөбе облысының Қызылорда облысындағы өнер күндері сәуірде өткен болатын. Ал, қараша айында Қызылорда облысының Ақтөбе облысындағы өнер күндері ұйымдастырылды. Мұндай іс-шараның мақсаты – еліміздің әр өңірінің бір-бірімен мәдени байланысын жақсарту, Сыр елінің өзіне ғана тән өнерімен ақтөбеліктерді таныстыру. Күндер бағдарламасында –облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Шежірелі Сыр елі» атты көрмесі, «Сыр – Алаштың анасы» атты облыс өнер шеберлерінің гала-концерті, Нартай Бекежанов атындағы музыкалық драма театрының «Қорқыт» драмасының қойылымы өткізілді. Өнер күндері аясындағы Қызылорда облыстық филармониясының «Сәлем Сырдың елінен!» атты концерттері Ақтөбе облысының Әйтеке би, Ырғыз аудандары тұрғындарына ұсынылды.
Маусым айында Астана күні мерекесіне орай Елордадағы Қызылорда облысының өнер күндері аясында мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Күндер аясында Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының қойылымдары, «Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі» тақырыбындағы көрме және Сыр елі өнер шеберлерінің «Сыр – Алаштың анасы» атты гала концерті, сондай-ақ, «Тілеп Қобыз» сарайында «Сыр сүлейін сұрасаң...» атты жыршы-орындаушылардың дәстүрлі жыр кеші, «Конгресс Холл» сарайында ақын, әнші-сазгер Елена Әбдіхалықованың және облыс өнерпаздарының «Мен – Сырдариямын» атты концерті өткізілді.
Жыл басынан бері театр репертуары 7 жаңа спектакльмен толықты, оның 3-і балаларға арналған қойылым.
Биылғы жыл Қазақстан театрлары арасында «Сәбира Майқанова жылы» болып аталып өткені көпшілікке мәлім. Осы орайда, Қызылорда қаласында сахна саңлағы, майталман актриса, Сыр елінің перзенті, КСРО және Қазақстанның халық артисі С.Майқанованың 100 жылдығына арналған ХХІІ республикалық театрлар фестивалі ұйымдастырылды. Оған қатысқан 9 театрға фестиваль қорытындысымен түрлі номинациялар беріліп, облыс әкімінің 1 млн. теңге арнайы жүлдесі Астана қаласының Жастар театрына табыс етілді.
Үштұғырлы тіл саясатын қолдау мақсатында Астана қаласында өткізілген халықаралық фестивальға Лондон қаласынан «Orzu Arts» театры мен Санкт-Петербургтің «Эксперимент» театры және Қызылорданың Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театры жазушы-драматург Д.Исабековтің «Өкпек жолаушы» спектаклін (үш театр үш тілде) көрерменге ұсынды. Нәтижесінде біздің театр келесі жылы Лондонға шақыру алды. Театр ұжымының Ұлыбританияға бару сапарының оң шешімін табуы алдағы күндердің еншісінде.
Дәстүрлі музыканы сақтау және насихаттау мақсатында қазан айында халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымымен бірлесіп, түркітілдес халықтардың «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» дәстүрлі музыкалық өнер фестивалі өткізілді. «Тұран және түркі әлемі» атты Сыр елі қолөнер шеберлерінің этно-археологиялық көрмесінен бастау алған фестиваль фольклортанушы ғалымдардың, өнер зерттеушілері мен фестиваль қонақтарының қатысумен өткен «Қорқыт Ата мұралары – түркі халықтарының рухани қазынасы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциямен жалғасып, түркітілдес елдер мен қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен фестивальдің мерекелік концерттері өткізілді.
Фестивальға Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Молдова елдерінен және Ресей Федерациясының Татарстан, Алтай, Башқұртстан республикаларынан ғалымдар мен өнерпаздар және «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Д.Қасейінов, Қазақстанның халық жазушысы О.Сүлейменов қатысты.
Биыл екінші рет облыс орталығында аудандар мен Байқоңыр, Қызылорда қалаларының өнер күндері өткізілді. Бұл шара облыс аудандары мен қалалары мәдениетінің даму деңгейін анықтауға, сондай-ақ, бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасады.
Биылғы өнер күндерінде аудандардың өткен жылмен салыстырғанда алға басушылықтары байқалды. Аудандардың концерттік бағдарламалары барлық жанрларды қамтуымен, жоғары көркемдік орындаушылық деңгейге талпынуымен және бұқаралық сипатымен ерекшеленді. Сондай-ақ, бұл шара көркемөнерпаздықтың жандануына, жаңадан хор, би ұжымдары мен ансамбльдердің құрылуына септігін тигізді.
Қызылорда облысы әкімдігі мен Татарстан Республикасы арасында экономикалық және мәдени байланысты нығайту мақсатында жасалған меморандум аясында облыстық филармонияның өнер ұжымы арнайы концерттік бағдарламамен қараша айының соңында Қазан қаласына барып, Сыр өнерін паш етіп қайтты. Концерттер өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, Татарстан Президенті аппаратынан, елшіліктен ресми өкілдер қатысып, ризашылықтарын білдірді.
Қараша айында Қызылорда қаласында композитор К.Дүйсекеевтің әндерін орындаушылардың ІV республикалық конкурсы өткізілді. Бұл конкурс облысымызда дәстүрлі түрде жыл сайын қазақ эстрадасының мэтрі, К.Дүйсекеевтің төрағалығымен ұйымдастырылып келеді. Конкурсқа еліміздің әр өңірінен 20 өнерпаз қатысып, бас жүлдені астаналық С.Ахмет иеленді.
Жылдың тағы бір үлкен жаңалығы бұрынғы әскери комиссариаттың ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, онда көркемсурет галереясы ашылды және осы ғимаратқа Суретшілер одағының филиалын орналасты. Халық игілігіне ұсынылған бұл галерея жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беруде өзіндік роль атқарады деп сенеміз. Қазірдің өзінде балаларға арналған изостудия ашу қолға алынуда. Келешекте галерея қызметінің ауқымын кеңейтіп, оны облыстың туристік кластеріне енгізу бағытында жұмыстар жасаймыз.
Сондай-ақ, облыстық филармония жанынан Сыр елі мәдениеті тарихында тұңғыш рет камералық оркестр құрылып, тұсаукесер концертін берді.
Сыр бойының өнерпаздары өздерінің өнерін сырт жерлерде көрсетіп, көптеген өнер додаларына қатысып, жүлделі орындарды иемденіп жүр. Биылғы жылдың өзінде «Останкино» және «Musikbox» телеарналарының қолдауымен Мәскеу қаласында өткен ІІІ Халықаралық «Золотой голос» өнер фестивалінде филармонияның әншісі Гаухар Бисекенова жүлделі І орынды, Алматы қаласында өткен «Корей романстары» байқауында Ұлпан Әбдікәрімова жүлделі І орынды, Ресейдің Волгоград қаласында өткен «Дельфийлік Волгоград-2014» Еуропалық жастар Дельфийлік ойындарында өнер көрсеткен Назым Сағынтай конкурстың «Академиялық ән айту» номинациясы бойынша «Алтын медалін» жеңіп алды. Бұл, әлбетте, біз үшін үлкен жетістік.
Өткен тарихымызды білмей болашаққа ұмтылу мүмкін емес екендігі айқын. Жуырда облыс әкімі жанындағы Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік Кеңестің кезекті отырысы өткізілді. Онда күн тәртібіне енген 6 мәселе бойынша хабарламалар тыңдалып, нақты хаттамалық тапсырмалар берілді.
Облыс көлемінде 496 тарих және мәдениет ескерткіші мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 21-і республикалық, 274-і жергілікті маңызы бар ескерткіштер.
Қазалы ауданындағы Жанкент, Қармақшы ауданындағы Шірік Рабат, Жаңақорған ауданындағы Сығанақ қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Жанкент қалашығынан табылған жәдігерлер облыстық музейдің қорына өткізілді. Ал, Сығанақ, Шірік Рабат қалашықтарынан табылған заттар ғылыми өңделгеннен кейін музейге өткізілетін болады. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің 71-іне қорғау тақталары орнатылды, 96 ескерткіштің төлқұжаты жаңаланды. Бұл жұмыстар алдағы уақыттарда да жалғасын таба бермек.
Жазып алған Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |