ЖЕР ИЕСІЗ ДЕМЕҢІЗ...

Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық жер инспекциясы облыс көлемінде жерді пайдалану мен қорғауға бағытталған жұмыстарды атқарып келеді.
Облыс аумағында 2013 жылдың 9 айында жүргізілген тексерулер нәтижесінде 396 заң бұзушылық фактісі анықталып отыр.
Анықталған құқық бұзушылықтардың 193 құқық бұзушылығы, яғни 49% мемлекеттік жер учаскелерін заңсыз иелену бойынша анықталып, нәтижесінде заң бұзушылықтарға жол берген жеке және заңды тұлғаларға 67114,74 мың теңге айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылған.
Яғни, жеке және заңды тұлғалар жер учаскесінде құқықты белгілейтін (жергілікті атқарушы органның жер учаскесін табыстау туралы қаулысы) құжаттарын рәсімдеп алмастан мемлекеттік жер учаскелерін заңсыз иеленіп отырғаны анықталған.
Бұл ретте жер учаскелерінің меншік иелері өздеріне құжат бойынша тиесілі жер учаскелерінен тысқары шығу, жер учаскесіне тиісті құжаттарын мүлдем рәсімдеп алмауынан немесе жер учаскесіне тиісті құжаттарын рәсімдеумен қатар, яғни жер құжаттарын толық рәсімдемей мемлекеттік жер учаскелерін заңсыз иеленуден туындап отыр.
Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады.
Қазақстан Республикасы «Жер» кодексі республика аумағында жер қатынастарын реттейтін нормативтік-құқықтық актісі болып табылады.
Ал, Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 118-бабында (Мемлекеттік жер учаскелерін заңсыз иелену немесе айырбастау не жерге мемлекеттік меншік құқығын тікелей немесе жанама нысанда бұзатын басқа да мәмілелер жасау, сондай-ақ уақытша иеленген мемлекеттік жерді уақытылы қайтармау) – жеке тұлғаларға – айлық есептік көрсеткіштің елуден жетпіске дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға, дара кәсіпкерлерге, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға – жүзден жүз елуге дейінгі мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға бес жүзден жеті жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Осы орайда, облыс аумағындағы жеке және заңды тұлғалар өз қызметінде Қазақстан Республикасы жер заңдылықтарының сақталуына аса мән беру қажеттігіне назар аударғымыз келеді.
Қ.СЕРІКБАЕВ,
Қызылорда облысы бойынша аумақтық жер инспекциясының бөлім басшысы.

ҚОҒАМ 09 қараша 2013 г. 1 284 0