« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
2014 жылдың 11-қарашасы Қазақстанның даму жолындағы атаулы күндердің біріне айналды. Әлем назарын өзіне аудартқан Қазақстанның Көшбасшысы еліміздің барлық салалары бойынша дамудың әрі әлемдік дағдарыстан алып шығудың стратегиялық бағытын жария етті.
Биылғы Жолдау алыс-жақын шет мемлекеттердің басшылары мен дағдарыс кезеңіндегі Қазақстанның әрбір басқан қадамын жіті бақылап отырған саясаткерлері тарапынан үлкен талқылауға ие болды. «Әлемдік экономикадағы елеулі өзгерістерге қазақ билігі ерте қамданды», «Жолдауда аса өзекті мәселелерге мән берілді»... осы тектес пікірлер өзге мемлекеттерден қарша борады. Одан қалды ірі телекомпаниялар мен газеттер хабар таратып, көршілес мемлекеттер Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстанның ақпарат құралдарында көптеген материалдар жарық көрді.
Қазіргі әлем мемлекеттері басшыларының рейтингін жасай қалса, сөз жоқ, біздің Көшбасшымыз сол тізімнің жоғары сатысынан көрінер еді. Нұрсұлтан Назарбаев отандастары алдында ғана емес, төрткүл дүниенің ең мықты саясатшылары мен сарапшылары алдында да зор беделге ие. Ол бұл беделге Қазақстан Республикасы деп аталатын мемлекетті құрып, танытып, мойындату арқылы ие болды.
Елбасы Жолдауларының қайсысын алып қарасаңыз да, стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын көреміз. Биылғы Жолдау да осы тұрғыдан сипатталған. Ол бәрімізді «Нұрлы Жолға» жұмылдырып отыр. Жасампаздыққа жетелеген осы «Нұрлы Жол» табыстарымызға ұйытқы болып, еліміздің еңсесін биіктетіп, ғаламдық өркениет өрісіне шығармақ.
Президент былтырғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мәңгілік Ел идеясын – Қазақ елінің ұлттық идеясы ретінде жарияласа, биыл «Нұрлы Жол» атты дәстүрлі Жолдауын жолдап отыр. Онда Мемлекет басшысы төрткүл дүние, барша адамзат баласының алдында тұрған келелі мәселелерді айтып, оның ішінде өткен жылдардағы дағдарыстың бүгінгі күнге дейінгі салқыны мен ел экономикасына тигізіп отырған залалынан елімізді аман-есен алып өтудің стратегиялық жолын көрсетті. Мемлекеттің алға даму межесін белгілеуге арналған тың шешімдер қабылдады.
Осылардың ішінде халықты елең еткізгені – баспана мәселесі болды. Ипотека сияқты тәсілдер үйсіздерді үйлі ете алмады. Ұзақмерзімдік несиені төлей алмаған кейбір тұрғындар ақшасынан бір, үйінен екі айырылып қалды. Одан қалды, алаяқтарға алданып, жер сипап қалғандар жайлы аз естімедік. Енді Үкімет қазынасынан қаржы бөлініп, арендалық бағыттағы тұрғын үйлер салынбақ. Төлемі орта шаруаның қалтасына қонымды. Осылайша, пайыздық мөлшері төмен және бастапқы жарнасы төленбейтін жаңа бағдарлама іске қосылатын болды. Өзгенің үйін жалға алып, пәтерден-пәтерге көшіп-қонып жүрген қандастарымыз үшін бұл жақсы жаңалық болды. Ендігі кезекте жоспарлар ойдағыдай іске асса, қоныс тойын тойлаушылар қатары да көбеймек.
Ел Президенті Жолдауында берген ауқымды тапсырмалардың бірі – шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі. Соңғы жылдары бизнес мемлекеттің қолдауын сезініп келеді. Барша Қазақстан, соның ішінде еліміздің кәсіпкерлік секторы да 2015 жылы жаңа экономикалық саясат жағдайында дамитын болады. Шағын және орта бизнесті тексеру тәртібі толығымен өзгеріп, әкімшілік кедергілер, бюрократия азая түседі.
Ел бірлігі, ұлтаралық татулық Елбасы Жолдауларының маңызды бағытына айналған. Жалпы, бірлік пен халық тұтастығы, елімізде өмір сүріп жатқан әрбір ұлттың, ұлыстың бейбіт тұрмыс кешуі, олардың әл-ауқатының жақсы деңгейде болуы – елдің дамуына оң әсерін беретіні белгілі. Елімізде қазақтардан басқа 131 ұлыстың өкілдері тұрады. Ендеше, ұлтаралық қатынас көпұлтты Қазақстан Республикасында ерекше көңіл аударуды қажет етеді. Қазақстан жерін мекендейтін халықтардың достық, туысқандық қарым-қатынасы, оларды біртұтас мақсатқа жетелейтін жетекші ұлттық мүдденің болуы – қазіргі саясаттың маңызды бөлігіне айналған.
Кеңес Одағы ыдырар алдында елде бұрын байқалмаған толқулар күшейген болатын. Нұрсұлтан Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында: «Ең қауіптісі — олар таза ұлттық cипат ала бастады. Ұлт мәселесінің соншалық асқындауы әуелі теориялық дәрменсіздіктен етек алды», — деген болатын. Елбасы көпұлтты Қазақстан үшін ұлтаралық татулықтың бірінші кезектегі мәселе екенін сол кезде-ақ түсініп, тиісті шаралар қабылдауының нәтижесінде бүгінгідей ынтымақты елде өмір сүріп келеміз.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа бағдарлама «Мәңгілік ел» идеясының жалғасы болып табылады. «Мәңгілік ел» қағидасы ұлтаралық келісімді, бірлік пен ынтымақты сақтауға, толеранттыққа тәрбиелеу бойынша жұмыстарды жетілдіру арқылы Қазақстан халқының тұрмыс-жағдайын жақсартуды көздейді. Осының барлығы Қазақстанды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Яғни, Жолдауда айтылғандар қазақстандықтардың әлеуметтік тұрмысы мен рухани құндылықтарын жаңа сапаға көтеруге жол ашпақ.
«Нұрлы Жол» – барша қазақстандықтардың өміріне, болашағына қатысты құжат. Ертеңгі бағытын, жүретін жолын, өсу жолындағы мұратын анық білген елдердің жетістіктерге жеткеніне тарих куә. Біздің еліміз тәуелсіздігіне енді қол жеткізіп жатқанда алдағы 30 жылын ойласа, бүгінде «Нұрлы Жол» деген мұратты алға қойды. Осы мұратқа жету жолында атқарылуға тиісті іс-шаралардың бәрі де ең әуелі халқымыздың санасына терең сіңірілуі керек. Сонда әркімнің ел алдындағы, өз ұлты мен болашақ алдындағы жауапкершілігі де арта түседі. Ал, жауапкершілікпен атқарылған әр іс оң нәтижесін берері анық.
Балайым КЕСЕБАЕВА,
облыстық әділет департаментінің басшысы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |