БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТАН СЕГІЗІНШІ ОРЫНДАМЫЗ

Әрбір өркениетті мемлекеттің алдына қойған басты мақсаты – өз халқының денсаулығын жақсартуға жағдай жасау. Сондықтан Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясында маңызды сала ретінде спортқа да басымдық берілді. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Осы қағиданы мықты ұстану нәтижесінде соңғы жылдары өзге салалармен қоса, спорт саласына да үлкен бетбұрыс жасалып, көптеген спорт кешені бой көтеруде. Жалпы, спорт нысандарының көбеюі және қолжетімділігі аймақ тұрғындарының дене шынықтырумен шұғылдануына, бұқаралық және кәсіпқой спортты дамытуға зор серпін береді.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамалары әрі қолдауларымен өңірімізде спорт нысандарының құрылысы қарқын алды. Атап айтқанда, барлық аудан орталығында стадиондар қайта жаңғыртудан өткізіліп, Арал қаласы мен Досалы кентінде жаңадан стадиондар салынды. Соңғы 3 жылда 264 шағын спорт алаңы қолданысқа берілді.

Биылғы жылы Тереңөзек, Әйтеке би кенттерінде және Шаған ауылында спорт кешендері, демеушілердің көмегімен "Сыр самалы” жағажайында жағажай футболының алаңы салынды.

Қазіргі таңда Н.Ілиясов ауылында стадион, Әйтеке би және Жаңақорған кенттерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Қызылорда қаласында бокс орталығы және ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында ипподром құрылыстары басталды. Ал "Евразия” спорт кешені қайта жаңғыртудан өткізілуде.

Тұрғыны төрт мыңнан асатын тіректі елді мекендерді дамыту мақсатында 9 спорт кешені салынбақ. Қазір жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, келесі жылы құрылысы басталады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, алдағы жылы қала орталығында төрт дүркін әлем, екі дүркін Олимпиада чемпионы И.Ильин атындағы ауыр атлетика спорт кешені бой көтермек. Бұдан бөлек, 3000 орындық футбол манежінің құрылысы қолға алынады. Онда тек футбол ойнатылып қана қоймай, облыстағы ауқымды іс-шаралар да өткізіледі. Ескек есу каналының құрылысы да келер жылы басталады.

Болашақта Сырдарияның сол жағалауынан 15 мың адамға арналған заманауи стадион, оның жанынан стандартқа сәйкес 6 футбол алаңы, "Қайсар” футбол клубының базасы және футбол академиясын салу жоспарлануда. Ал қазіргі стадион Қызылорданың екінші командасы "Байқоңырға” беріледі. Бұл команда келер жылы бірінші лигада ойын көрсетуге мүмкіндік алды.

Жастайынан спортпен шұғылданған жанның қашан да дені сау болары анық. Облыста балалар үшін, әсіресе, шағын спорт алаңдары көптеп бой көтеруде. Соңғы бес жылда 325 шағын спорт алаңдары салынған.

Міне, халықтың дене шынықтырумен айналысып, спортшылардың жетістікке жетуі үшін осылай спорттық инфрақұрылымды дамыту қажет. Біздің аймағымызда оның қолжетімділігі жағынан да айтарлықтай проблема жоқ. Мысалы, облыс орталығындағы жүзу бассейнінің, теннис орталығының, мұз айдынының бағалары тұрғындардың көңіліне қонады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2020 жылға дейін спортпен белсенді шұғылданатын жұртшылық санын 30 пайызға жеткізу міндетін қойған еді. Облыс бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны – 173473 адам, бұл – облыс халқының 23,4 пайызы деген сөз. Облыстық бюджеттен 103,6 миллион теңге бөлінуінің нәтижесінде, жұмысқа 283 спорт нұсқаушысы алынған. Олар аймақтағы 142 елді мекенді қамтып отыр, яғни 41040 мың адамды тұрақты дене шынықтырумен шұғылдануға баулып келеді.

Бұқаралық спорт бойынша Қызылорда облысы Қазақстанның қазіргі рейтингінде 8-орынға тұрақтап отыр. Бұл – үлкен жетістік. Елбасы міндеттеген 30 пайыздық межеге жетер сәт те алыс емес.

Ал жоспарланған спорт ғимараттары салынған кезде спорттық нысандардың тапшылығы біршама шешіліп, спортпен шұғылданушылардың қатары артатын болады.

Дәурен ОМАРОВ.


ҚОҒАМ 09 желтоксан 2014 г. 887 0