«Сыр бойы» газетінің осы жылғы 26 қазан күні шыққан нөмірінде белгілі журналист Өтеген Жаппарханның «Ардақтылар ұлықталса екен» атты мақаласын оқи отырып, менің де қалам ұстауыма тура келді. Осы жылғы қаламыздың көркейіп, көшелердің жарығы мен тазалығына қоса әсем гүлзарлармен сәнденген сұлу ғимараттардың бой көтеруі әр қайсымызға үлкен қуаныш пен мақтаныш ұялатады. Жақында ғана облысымызда өткен республика ардагерлерінің семинарына қатысқан әрбір облыстың делегаттарының айтқанындай, қаламыздың адам танымастай тамаша өзгеріп көріктенгеніне риза болған пікірлерін естіп мақтанышпен тағы да бір серпіліп қалдық. Бұл – әрине, облыс, қала басшыларының жанашырлықпен ұйымдастырған ерен еңбегінің нәтижесі екені айдан анық.
Басшылардың мұндай шарапатты жұмыстарына табыс тілей отырып, алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Қаламызда соңғы кездері Бұқарбай батырға, ұлы Абайға, Сыр анаға, Қобыланды батырға, Жалаңтөс Баһадүрге, Шахмардан Есеновке қойылған ескерткіштер де елдігімізді ұлықтай түскенін сезінеміз.
Сыр өңірінің тарихы да, дүниежүзіне танымал ұлы тұлғаларға да өте бай өңір екеніне қазір әркімнің-ақ көзі жетті.
Журналист Өтеген Жаппарханның мақаласындағы аты аталып, олардың ескерусіз қалғанына ашына жазған кейіпкерлері осы өңірдің тумалары екенін бәріміз де білеміз. Ашып айтқанда, Мұстафа Шоқайға, Темірбек Жүргеновке және Кеңес Одағының батыры Жақыпбек Махамбетовке қаламызда көрнекті етіп ескерткіштері қойылса деп өзегін өртеп жүрген мәселесін айтқан екен. Мен, әрине, бұл пікірге қосыламын және ешкім де қарсы бола қоймас деп ойлаймын. Өйткені 2015 жылы Мұстафа Шоқайдың туғанына 125 жыл толуына байланысты айтылған пікірлер іске асады ғой деп сенемін. Осыдан екі жыл бұрын көптеген мемлекетаралық дипломатиялық келісімдермен Париж қаласының түбіндегі Ножан-Сюр-Марндегі Мұстафа Шоқайдың тұрған үйінің жанына қала мэрінің шешімімен және Қызылорда облысы басшысының, Мәдениет министрінің қолдауымен Мұстафа ескерткішін скульптор А.Кененбаев екеуміз Парижде 27 күн жатып, тұғырға орнатып, ашып қайтқан едік. Ашылу салтанатына қазақтың зиялы жұртшылығы қатысты.
Сондай-ақ, Мұстафа Шоқай зерттеушісі Әбдуақап Қара бастаған Түркия делегациясы да болды. Соңынан мешітте Мұстафаға ас беріліп, құран бағышталды.
Міне, осылайша сонау Еуропадағы Франция астанасы Парижде Мұстафаға көңіл бөліп, ескерткіш орнатуға жер бөліп беріп, керемет ықыластарын білдіріп жатқанда, Мұстафаға туған елі Қызылорда да облыс болып, ескерткіш орнататынына кәміл сенемін.
Сол сияқты қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің де, Ұлы Отан соғысының батыры соғыстан «батыр» атағын алып, аман-есен елге келіп, облыстың бірнеше колхоз-совхоз шаруашылықтарын басқарған Жақыпбек Махамбетовтің адал еңбектері ескеріліп, облыс орталығында ескерткіштері қойылатынына сенемін. Өйткені облысымыздың абыройы мен табысы, беделі мен бет-бейнесі республика деңгейінде өте жоғарылап, өрлеп келе жатқанын күнделікті өмірден көріп отырмыз және дәл осылай абыроймен өрлей беруіне тілектеспіз.
Базарбай АТАБАЕВ,
медицина саласының үздігі, «Мұстафа Шоқай» қорының төрағасы.
ҚР Әлеуметтік Ғылымдар академиясының құрметті академигі.