ТІЛ ЖАНАШЫРЛАРЫ МОЛАЙДЫ

Бүгінде жұмыс жасай бастағанына ширек ғасыр толып отырған «Қазақ тілі» қоғамының құрылуы еліміздегі сол кезде қалыптасқан саяси, мәдени-рухани жағдаймен тікелей байланысты болды. 80-жылдардың аяғында қазақ тілінің қоғамдық өмірдің қай саласында болмасын қолдану аясы тарылып, ана тілімізден айырылып қалу қаупі туды. Бұл қазақтың зиялы қауымын оятып, ғалымдар мен жазушылардан бастап ел азаматтары есін жиды.

Тіл мәселесі көтеріліп, арнайы комиссия құрылды. 1989 жылы 22 қыркүйекте «Тіл туралы» заң қа­былданды, бір айдан кейін, яғни қа­зан айының аяғында «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Қоғамдық ұйым­ның бірінші құрылтайында жарғы мен бағдарлама қабылданып, мақса­ты мен міндеті белгіленді. 1992 жы­лы өткен екінші құрылтайда рес­пуб­ликалық ұйым «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» деген жаңа мәртебеге ие болды. Ал 1996 жылы 21 қарашада өткен үшінші құрылтайда қоғамдық бірлестік ретінде қайта құрылды.

Сыр өңірінде халықаралық «Қа­зақ тілі» қоғамының облыстық фи­лиа­лы 1991 жылы құрылды. Оның алғашқы төрағасы болып филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов сайланды, бұ­дан әрі әр жылдарда ақын-журна­листер Сейіл Боранбаев, Шәкизат Дәрмағанбетов басшылық жасады.

2010 жылдың қараша айында об­лыстық «Қазақ тілі» қоғамының төр­ағасы болып Сыр елінің бел­гі­лі азаматы, партия-кеңес органда­рын­да басшы қызметте болған Сә­дуақас Аңсат сайланды. Қазақтың мен­талитетінде қоғамдық өмірдің қай саласында болмасын көп жай бі­рінші басшының ой-ниетіне, іс-қи­мы­лына байланысты болады. 2010 жылдың қараша айы мен 2011 жыл­дың наурызы арасында жаңа төр­ағаның өзі тікелей облыстағы 250-ден аса мекеме, кәсіпорын бас­шыларымен байланысып, оларға қо­ғамның бастауыш ұйымын құру, іс-қағаздарын мемлекеттік тілге кө­шіруге шұғыл бетбұрыс жасау жайлы ұсыныс жасады. Осы кезден бастап қазақ тілінің қоғамдағы рөлі мен қыз­метін күшейтуде оң өзгерістер бай­қала бастады.

Қоғамдық ұйым тарапынан об­лыс тұрғындарына қызмет ететін ком­муналдық, байланыс, банк, зей­нет­ақы мен сақтандыру қорлары, жұ­мыс күші көп шоғырланған мұ­най, теміржол компанияларының бас­шы­ларына іс-қағаздарын мемле­кет­тік тілде жүргізу ұсынылды. Бұл жер­лерде қоғамның бастауыш ұйымын құрып, сол арқылы әсер ету нәтижесін бере бастады. Қатпарланған кемші­лікті жоюда мың үгіт пен ондаған үл­гі де аздық етті. Кейбір мекеме, кә­сіпорындарға 2-3 рет хат жазып, көзбе-көз сөйлескеннің өзінде де нәтиже болмады. Сондықтан мемле­кеттік тіл қолданысы мәселесінде жау­апсыздық танытқан 53 мемлекет­тік органның тізімі тәртіптік кеңеске, 63 үкіметтік емес ұйымның тізімі про­куратураға жіберіліп, шара кө­ру сұралды. Облыстық баспасөз бет­терінде көлемді мақалалар жария­ла­нып, телеарналарда бірнеше рет арнайы хабарлар берілді. Осылайша төртінші биліктің өкілеттілігі барынша пайдаланылды.

Қызылорда қаласында облыстық, қалалық әкімшіліктерден бастап, бар­лық мемлекеттік, бюджеттік құ­ры­лымдарда, ірілі-уақты кәсіпорын­дар­да барлығы 220, Арал ауда­нын­да 94, Қазалы ауданында 150, Қармақшы ауданында 71, Жала­ғаш ауданында 64, Тереңөзек ауда­нын­да 85, Шиелі ауданында 87, Жа­ңақорған ауданында 112 «Қазақ ті­лі» қоғамының бастауыш ұйымы құ­рылды.

2012 жылы осы қоғамдық ұйым­ның ұйымдастыруымен Қызылорда қаласында «Мемлекеттік тілдің қол­даныс аясы мен беделін артты­ру­дағы «Қазақ тілі қоғамы жергілікті ұйымдастыруының орны мен мін­дет­тері» атты республикалық семи­нар-кеңес өткізіліп, оған басқа об­лыстардан қоғамның облыстық же­тек­шілері, Алматыдан қоғам пре­зи­денті, академик Өмірзақ Айт­баев келді. Семинарға облыс әкім­шілігі, облыстық тілдерді дамыту бас­қармасы қолдау көрсетіп, оның нә­ти­желі өтуіне ықпал жасады. Сол жылы Мұхтар Әуезовтің туғанына 115 жыл толуына орай «М.Әуезов шығармалары-қазақтың қоғамдық саяси, әлеуметтік-мәдени өмірінің энциклопедиясы» тақырыбында рес­пуб­ликалық ғылыми-тәжірибелік кон­ференция өткізілді. Оған Семейден белгілі абайтанушы, мұхтартанушы Арап Еспенбетов, Жандос Әубәкір сынды ғалымдар шақырылып, ба­ян­дамалар жасалды. Жергілікті ға­лымдар мен мектеп мұғалімдері де белсенді атсалысты.

Қоғамның бастауыш ұйымын ны­ғайту оған методикалық, практикалық көмек көрсету мақсатында Қызыл­орда қаласындағы 200 бастауыш ұй­ым төрағаларымен 4 рет, 1 рет ау­дандық филиал төрағаларымен семинарлар өткізіліп, бұл жұмысты аудандық филиалдар одан әрі өзде­рінде жалғастырды. Оның үстіне жыл сайын 3-4 ауданда бір-бір облыстық семинар өткізу жолға қойылған.

Соңғы үш жылдан бері «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымы «Қазақстан-Қызылорда», «Қоғам» те­ле­арналарымен бірге мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты дөңгелек үстел кездесулерін өткізуде. Оған жергілікті ғалымдар, зиялы қауым өкілдерімен қатар Астанадан Әб­діжәлел Бәкір, Ақтөбеден Аман­гелді Айталы секілді ғалымдар қа­тыс­тырылды. Осы екі телеарна, бас­қа да ақпарат құралдарының, қо­ғамдық-саяси ұйымдардың қаты­суымен көшедегі көрнекі ақпарат, жарнама, түрлі меншіктегі мекеме, дү­кен, қыз­мет көрсету орындары атау­ларын­дағы анайылық пен заңсыздық – олар­дың орысша, ағылшынша, қы­тайша жазылуларын тексерген рейд­тер үнемі өткізіліп келеді.

2012 жылдың 1 қарашасында об­лыс әкімдігі, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы мен төрт ірі мұнай ком­па­ниялары арасында мемлекеттік тілді кеңінен қолданудағы өзара іс-қимыл мен әріптестік жайлы меморандумға қол қойды. Биыл бұған «ҚОР» мұнай компаниясы қосылды.

«Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымы мүшелерінің саны, жасап жат­қан жұмыстарының жүйелігінен бол­сын облыстағы үкіметтік емес ұй­ым­дардың ең белсенділерінің бірі саналады. Облыс әкімшілігі ұйымды үнемі қолдап отырады.

Облыс әкімі Қырымбек Көшер­баев 2013 жылдың сәуірінде қоғам төр­ағасын қабылдап, тұрақты кеңес­тің отырысында мемлекеттік тілдің қолдану жайын арнайы қарап, аудан, қала әкімдері мен департамент, бас­қарма басшыларына тиісті тапсыр­малар берді. Онда көрнекі ақпаратты заң талаптарына сәйкестендіру, өңір­дегі жер-су аттарын қайта қалпына келтіру, жоғарыда аталған үшжақты меморандумның жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, мемлекеттік тіл нор­ма­ларын бұзған мекемелер мен кә­сіп­орындар бойынша заң қа­да­ғалау орын­дарына ұсыныстар беру, статистикалық есеп, қаржы жә­не техникалық құжаттар мен келісім­шарттардың және ішкі, сыртқы көрнекі ақпаратты түгел мемлекеттік тілде жазу, меншік нысанына қарамастан мекемелер мен ұйымдарда тіл тура­лы заңнамалардың орындалуын қам­тамасыз ету тапсырылды.

2012 жылдың қараша айынан бастап облыстық «Қазақ тілі» қо­ға­мының «Тіл сақшысы» газеті үз­бей шығып келеді. Өткен жылы оның таңдаулы мақалалары «Тіл сақ­шы­сы» – намыс қамшысы» деген атпен жеке жинақ болып жарық көрді. Қазір газеттің тиражы 7000 данаға жетті. Бұл игі іс одан әрі дами түседі, өйткені облыс тұрғындары оған үлкен қолдау көрсетуде.

Мемлекеттік тілдің өз дәрежесінде жұмыс жасауы, қазақтілді кеңістікті қалыптастыру жолында күресіп келе жатқан Сәдуақас Аңсат мемлекеттік тілді насихаттауға белсене үлес қосқаны үшін өткен жылы Аста­на қаласындағы «Назарбаев орта­лығы» мен республикалық «Тіл жан­­ашыры» қоғамдық ұйымының «Тіл жанашыры» құрмет белгісі меда­лімен марапатталды.

Камаладин НАУРЫЗБАЕВ,

білім саласының ардагері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері.


ҚОҒАМ 03 желтоксан 2014 г. 1 638 0