“БАЛАПАННЫҢ” БАЯНДЫ ЖОЛЫ

“БАЛАПАННЫҢ” БАЯНДЫ ЖОЛЫ"Тұрақтылық пен келісім дегеніміз, ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты”. Бұл – Елбасының Жолдауында айтылған қағида. Рас, елде бейбітшілік заман болып, отбасының барлық түйткілдері шешімін тауып тұрса, әке мен ананың, олардың бауыр еті баласының денсаулығы мықты, тамағы тоқ, күлкісі шат, ұйқысы тыныш болса, одан артық бақыт бар ма?! Елбасы өз халқына жалпыұлттық идеямыз Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздіктің даму даңғылы Нұрлы жолға айналдырылғанын паш еткен болатын-ды. Келешегі кемел бұл Нұрлы жолда қазақстандықтар өздерінің бірлігін бекемдеп, аянбай тер төгуі қажет. Сонда барып Мәңгілік Елді бағдар еткен бағыт баянды болмақ.

Елдің ертеңі – бүгінгі ұрпақ. Сондықтан да олардың алаңсыз өмір сүруіне, оқып, білім алуына бүгінгі қоғам жауапты. Оның ішінде білім саласына айрықша міндет жүктелген. Өмірге келген әр сәби алдымен ата-анасының, сосын балабақша мен мек­тептің тәрбиесінен өтеді. Балаларды мек­тепке дейінгі оқыту және тәрбиемен қам­тылуын қамтамасыз ету үшін Елбасының бас­тамасымен қолға алынған 2010-2020 жылдарға арналған "Балапан” бағ­дар­ла­­ма­сының жоспары біртіндеп іс­ке асы­ры­луда. Оның басты бағыты ха­лық­тың мек­тепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұй­ым­­да­рының сапалы көрсетілетін қыз­мет­те­рі­не қажеттілігін қанағаттандыру бо­лып та­былады. Бағдарламада 2015 жыл­ға дей­ін мектепке дейінгі ұйымдарға бүлдір­шін­дердің 77 пайызын, ал 2020 жылға дей­ін мектепке дейінгі балаларды толық қам­ту көзделген. Сонымен қатар, 3 жасқа дей­інгі балаларға арналған бөбекжай топ­та­рын көптеп ашу басты назарда тұр. Мә­селен, өткен жылы облыс бойынша мек­тепке дейінгі 508 ұйымда 33605 бала тәр­биеленсе, ұйым саны биылғы жылы 589-ға жетіп, ондағы бала саны 40491-ді құрады. Яғни, мектепке дейінгі ұйымдар желісі өткен жылмен салыстырғанда 81-ге, ондағы бала саны 6886-ға өскен. Бір жыл көлемінде ашылған бұл мектепке дейінгі ұйымдардың 64-і балабақша болса, 17-сі шағын орта­лық саналады. 64 балабақшаның 55-і жеке­меншік, 9-ы мемлекеттік, ал 17 шағын ор­талықтың 1-і жекеменшік, қалғаны мем­лекеттік. Жалпы облыс көлеміндегі мек­теп­ке дейінгі ұйымдардың 256-сы шағын орталық. Жекеменшік балабақша барлық балалар мекемесінің 54,6 пайызын құрай­ды. Сосын бұрынғы 265 орындық 4 ба­ла­бақша ғимараты қайтарылып, іске қосылды. Биылғы жылы республикалық бюджет есе­бінен 1120 орындық 4, облыстық бюджет есе­бінен 230 орындық 2 балабақша құры­лысы басталды.

Өз болашағының білімді болып ерже­туін, еліне елеулі, халқына қалаулы болып қалыптасуын қай ата-ана қаламайды дей­сіз?! Бала санасында балалық шағында ал­ған білімі сол қалпында сақталатынын ескерсек, оларды оқу-білімге баулу, өнерге үйрету, жақсылыққа бейімдеу неғұлым ер­терек жүрсе, соғұрлым оның нәтижесі оң болары ғылыми дәлелденген. Аймақта 1-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі ұй­ымға қамтылуы өткен жылы 41,8, биыл 47,7 пайыз болған, яғни ілгерілеушілік басым. Келесі жылға дейін 5-6 жастағы балаларды мектепалды даярлықпен толық қамтуды қамтамасыз ету көзделуде. Ал 3-6 жастағы балалардың қамтылуы 80,9 пайыздан 88,7 пайызға көтерілген, ал келесі жылдың со­ңына дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жет­кізіледі деп күтілуде. Республика бой­ынша "Балапан” бағдарламасының орын­далуының орташа көрсеткіші 73,4 пай­ыз екенін ескерсек, бүлдіршіндердің бала­бақ­шаға тартылуы өзге өңірлермен салыс­тыр­ғанда Сыр бойында жоғары екені көңіл қу­антады.

Бұл тоқмейілсуге жол бермеуі керек. Өйткені, аймақта мектепке дейінгі бала­лардың балабақшаларға тартылуы әлі де жетімсіз. Сондықтан да бұл мәселені ке­лесі жылы жеке секторларды пайдалана оты­рып, жекеменшік балабақшалар, мек­теп жанындағы шағын орталықтар санын көбейту, жұмыс жасап жатқан бала­бақ­шалардан қосымша топтар ашу, жеке­ше­ле­ніп кеткен бұрынғы балабақшаларды қай­тару арқылы шешу қарастырылуда.

Елбасының аса мән беріп келген өзек­­ті мәселелерінің бірі – балалардың мек­тепалды даярлығын тиісті деңгейде жүр­гізілуі. Сондықтан ел Президенті елі­міз­дегі мектепке дейінгі ұйымдардың түйт­кіл­дерін шешу үшін қажетті қаржылық-эко­но­микалық жағдайлар жасауды, оларды білікті кадрлармен толық қамтамасыз ету­­ді, оқытудың жаңа әдістемелері мен тех­нологияларын енгізу есебінен тәрбие­леу мен оқыту мазмұнын жаңартуды мін­дет­теді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зарбаевтың халыққа арнаған "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауында балабақшалардың жетіспеушілігі, ондағы орын тапшылығын жоюды жеке секторлар арқылы шешуді облыс әкімдеріне тап­сыр­ған. Және бұрынғы қабылданған бағдар­ламалардың қай-қайсысы да іске асырыла беретінін ашық айтқан. Демек, "Балапан” бағдарламасының міндеттерін орындау са­ла мамандарының басты міндеті болып қала берері даусыз.

Мектепке дейінгі білім беру жүйесін­де­гі инновациялық технологияны, интерак­тив­­ті әдіс-тәсілдерді насихаттау және ен­ді­­ру мақсатында "Мектеп жа­сы­на дейінгі ба­лалардың дамуындағы Мон­тес­сори пе­да­гогикасының тиімділігі” тақы­ры­бын­да­­ғы әдістемелік семинар қаладағы "Ер Тар­­ғын” балабақшасының базасында ұй­ым­­­дастырылып, оған 40-қа тарта мең­ге­ру­­ші қатысты. Шиелі, Қармақшы аудан­да­­рында мектепке дейінгі білім берудегі ой­­ын технологиясының тиімділігі, білім бе­­ру жұмысын жоспарлау мен талдау, ұй­ым­дардың нормативтік-құқықтық базасы ту­ралы оқыту-семинарлары өткізіліп, он­да республика көлеміндегі озық іс-тәжі­ри­­бе­лер, әдіс-тәсілдер талданып, наси­хат­талды.

Бала – ел болашағы, "Балапан” сол болашаққа арналған бағдарлама. Олай болса, мектепке дейінгі ұйымдарда оқы­тудың жаңа әдістемелері мен техноло­гия­ларын енгізу есебінен тәрбиелеу мен оқыту мазмұнын жаңарту үзіліссіз жүзеге асы­рылатын болады.

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.


ҚОҒАМ 03 желтоксан 2014 г. 1 465 0