ЖОЛДАР МЕМЛЕКЕТ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ

Әлемде түрлі-түрлі жағдайлар қалыптасып, елі­міздің экспорттық ши­кі­зат ресурстарына баға­ның құлдырауы республика, облыс, аудан бюджеттерін қайта қарауға әкеліп отыр. Биылғы ауа райы да қолайсыз жағ­дай­да қалыптасып, ауыл шаруашылығы өнімі да­қыл­дарынан межелеген өнімді алуға қол байлау болғаны да рас.

Осы кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің «Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық Саясаты туралы Қазақстан халқына кезекті жолдауын жасады. Бұл жолдауда еліміздің дамыған елдер қатарына қосылуда, экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштердің артуына, ішкі және сыртқы байланыстардың жақ­саруына тікелей жолдар әсер ететіндігі арқау болды. Әрине, жол қайбір елдің болмасын, экономикасының дамуына әсер ететін шешуші факторлардың бірі екендігі сөзсіз.

Елімізде осындай қысқа уақытта жолдар жүйесінің қалыптасуы аймақтардың өзара байланысын арттырып ішкі әлеуетін көтеруде. Шағын орта бизнес өкілдері өздерінің жұмысын ұтқыр ұйымдастырып, тауарларын кең көлемде сыртқа шығаруға мүмкіншіліктер алуда.

Ауыл шаруашылығы саласы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­масыз етіп қана қоймай, адамдардың ден­саулықтарына тіке­лей әсер ететіндігін жақ­сы білеміз және экономикалық-әлеуметтік маңызы зор бағыт. Ғылыми жетістіктердің өндіріске тездетіп енуі экономикамыздың өсіп, бәсекеге қабілеттілікті арттырудағы ролі ерекше.

"Батыс Еуропа – Батыс Қытай” жол дәлізін ұтымды пайдалануда «Ы.Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС шығарған күріштің, арпаның, жоңышқаның жаңа сорттары және қауынның маңызы ерекше болғалы тұр. Экологиялық таза, сапалы өнім өндіру арқылы Еуропа рыногына байырғы қауынды шығаруға «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты өзінің ықпалын тигізгелі отыр. Біздің институт шығарған қауынның жаңа сорттары дәмді, ұзақ сақтауға шыдамды және алыс қашықтықтарға тасуға ыңғайлы. Ендігі кезекте шаруа қожалықтарына олардың тұқымын тезірек беруге біз мүдделіміз.

Елімізде теңдесі жоқ САРАТС жобасының 2-ші кезеңін жүзеге асыру үкімет тарапынан өз шешімін тауып, Бүкіләлемдік Даму Банкі арқылы қаржыландыру мәселесі шешілді. Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы Кіші Арал теңізін қалпына келтіріп, жағалауды аудан орталығына жақындатып қана қоймай, қаншама мультипликативтік әсерін ғалымдар ғана емес қарапайым еңбеккерлер де сезіп отыр.

Сыр өңірі суармалы егіншілігінің сумен қамтамасыздығын арттырып, экологиялық жағдайдың түзелуін оң бағытта реттеп, теңіз ғана емес көлдер жүйесінде тауарлы балық аулауды қалпына келтіреді.

Қосымша жаңа жер­лерді игеруге, шабындық жайылымдарды суарып мал шаруашылығының өркендеуіне де тікелей әсер етеді.

Су ресурсын үнемдеу, инновациялық технологияларды өндіріске енгізу арқылы «Жасыл экономика» концепциясына сай жұмыстарды жүргізу Елба­сының «Мәңгілік Ел» идеясының жүзеге асуы­ның бірден-бір жо­лы екендігін ғалымдар қауымы жақсы түсініп, бар күш-жігерлерін мем­ле­кетіміздің дамыған 30 елдің қатарына қосылуына жұмсауда.

Мемлекет тарапынан ғылымды қолдау үлкен қарқынмен жүргізілуде. Дамыған елдердің тә­жіри­бесі көрсетіп отыр­ғанындай, неғұрлым ғы­лыми қамтымды экономи­каны тезірек құрған ел дамудың сара жолына түсуде.

Серікбай ӨМІРЗАҚОВ,

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, техника ғылымдарының докторы.


ҚОҒАМ 03 желтоксан 2014 г. 822 0