ҚАРАҚАЛПАҚСТАНДА ҚАЗАҚТЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН

Жұмыс бөлмесіне жарқылдай күліп, аңқылдай сөйлейтін бір азамат кіріп келді.
– Ассалаумағалейкүм, мені таныдың ба? – дегендегі жылы жымиысынан кезінде Жалағаш ауданының спорт саласына басшылық жасаған палуан денелі, білекті жігіттің бейнесі көз алдымда көлбеңдей тұра қалды.
– Неге танымайын? Сіз Құлмұрат Көбеев емессіз бе? Көрмегелі көп болды-ау? – деген соң айқара құшақтасып, сәті түскен сұхбат желісін ағытып жібердік.
– Алматыдан ат терлетіп туған топырағыма келгенім, кезіндегі қуғын-сүргін заманында кіндік қаны тамған топырағын тастап, көршілес Қарақалпақстанға қоныстанған, есімі елге танымал азаматты Сыр елі біле ме екен? Білмесе, осы аймақтың бас басылымы «Сыр бойы» арқылы білдірейін деп едім. Ол кісінің есімі – Абдулла, тегі – Сандыбекұлы.
– Ал, айтыңыз, ол кісі кім?
– Айтайын, Абдулла ағамыз 1911 жылы Қазалы ауданына қарасты Майлыбас ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Осы ауылдағы Кеңтүп орта мектебінде білім алған ол діни сауатын жетілдіру мақсатында Төс баласы Ақмырза ишанның мешітінде Серғали Толыбеков, Қожа Бәйіш Сұлтанов, Шүкірәлі баласы Кәмаладдиндермен бірге дәріс алып, діни сауатын ашады. Айтқандай, Кәмаладдин бүгінде осы Қазалы ауданына қарасты Сарбұлақ ауылында тұратын көрінеді. Осы кісінің баласы Серік Кәмаладдинұлы мен келіні Ақерке Өтепбергенова Франция еліне барып, 28 мақаммен терме төккен дейді.
Абдулла ағамыз 1930 жылы Алматыдағы қаржыгерлер дайындайтын жоғары оқу орнына түсіп, 1935 жылы экономист-қаржыгер мамандығын алады. Еңбек жолын сол жылдың қараша айында Қарақалпақ автономиялық республикасына қарасты Тамды аудандық бюджет бөлімінде қатардағы қаржыгер болудан бастандырады. Білімді де білікті жігіт бертін келе ел сенімін арқалап, жоғары лауазымды қызметтерге  тағайындалады.  Саралап айтар болсақ, 1937 жылы сол Тамды аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі, 1941 жылы Өзбекстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, 1942 жылы ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарады. Ал, осы жылдың маусым айында Қоңырат аудандық партия комитетінің 2-хатшысы қызметіне жіберілген.
Абдулла ағамыз 1944 жылдан 1949 жылға дейін Молотов колхозы басқарма төрағасы, содан соң Қарақалпақ АССР қаржы министрінің 1-ші орынбасары, 1950-1955 жылдары Шоманай, Куйбышев аудандары қаржы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыройлы атқарған. Әбекеңнің алған асуын, шыққан шыңын санамалап айту әсте мүмкін емес. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, 1966 жылдың тамыз айынан Қарақалпақ автономиялық республикасының кеңшарлар тресі жоспарлау бөлімі бастығы қызметін еңбек демалысына (зейнеткерлікке) шыққанға дейін атқарады.
– Айтқандай, Абдулла ағамыздың жан-жары Сара Оспанқызы да жоғары лауазымды қызметтер атқарған көрінеді. Ендігі сөз кезегін сол кісінің өмірдерегіне берсеңіз...
– Әбекеңнің жұбайы Сара апамыз 1917 жылы Қостанай облысына қарасты Қарабалық ауданында орта шаруа жанұясында дүниеге келген екен. Сара 1930 жылдары Магнитогорск қаласында рабфактан дәріс алса, кейін Алматыға келіп, жоғары білім алады. Алланың жазмышы болар, сол жылы Әбекеңмен танысып, шуақты шаңырақ көтереді. Жоғарыда айтқандай, қосағымен қоса ағарған Сара апамыздың еңбек жолы Әбекең басқаратын Молотов атындағы колхозда мақта өсірушілер звеносын басқарудан бастау алады. Сара апамыздың жүрген жолдарын санамаламай-ақ қояйын. Басты-бастыларын айтар болсам, 1953-1956 жылдары Куйбышев, Кегейлі аудандарында аудандық қаржы басқармаларының бастығы, 1957-1959 жылдары Ходжелі аудандық атқару комитетінің төрағасы болған. Ал, кейіннен Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. 1960-1970 жылдары Нөкіс қаласында қалалық өндірістік орталығының директоры, автобаза директоры, құрылыс басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 1971 жылдан 1983 жылға дейін, яғни, еңбек демалысына шыққанша Қарақалпақ Министрлер кеңесінің істер басқармасына қарасты бір саланың директоры болып қызмет атқарады. Сара апамыздың 1958 жылы Кремльде өткен Бүкілодақтық мақташылардың кеңесіне, сондай-ақ, Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктер көрмесіне қатысуы да тектен-тек болмаса керек. Сара Оспанқызы 2008 жылы 3-қараша күні Алматы қаласында дүние салады.
– Естуімізше, Абдулла ағамыздың ұл-қыздары да «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, ата-ана жолынан жаза баспай жүрген көрінеді.
– Дұрыс айтасыз. Жалғыз ұлдары – Марат 1938 жылы Бұхара облысына қарасты Тамды ауданында дүниеге келеді. 1961 жылы Ташкент қаласындағы политехникалық институтынан құрылысшы-инженер мамандығын алған ол Өзбекстан мен Қарақалпақстанда құрылыс саласында басшылық қызметте болады. Осы Мараттан тараған Әбекеңнің немересі Әлібек Қазақстан құрылыс қоғамының жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет етіп жүрсе, қалғандары да жауапты қызметтерде.
– Абдулла ағамыздың ел-халық алдындағы ересен еңбегі де ескерусіз қалмаған болар?
– Әбекең кезінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен «Еңбектегі ерлігі үшін», тағы да басқа ондаған еңбек және соғыс медальдарымен, Өзбек ССР мен Қарақалпақ АССР-ның Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ол 1939-1962 жылдар аралығында Тамды, Ходжейлі және Куйбышев аудандарының аудандық Кеңесінің депутаты болып бірнеше рет сайланса, 1971 жылы «Қарақалпақстанға еңбегі сіңген қаржыгер» атағын алған.
Сөз соңында айтарым, Әбекең шет жерде жүрсе де «мен қазақпын» деген бауырларына қамқор қолын созған екен. Әсіресе, қызылордалық ағайындардың тұрмыс-тіршілігін барынша зерттеп, олардың өсіп, өркен жаюына мейлінше көмектескен. Айтқандай, Қарақалпақстанның Тамды ауданымен шекаралас Қызылорданың Қызылқұм аймағынан келген ағайындардың басын қосып, «Карл Маркс» атындағы колхозды ашады. Осы колхоз тұрғындарының 70 пайыздан астамы қызылордалық ағайындар болыпты. Осы бауырлардың балаларын оқытып, оларды жұмысқа қабылдаған. 
Әбекеңді біреулер білсе, біреулер білмес. Абдулла ағамызды артында қалған бауырлары іздеп те жүрген болар. Ағамыздың рухы риза болсын деген азаматтардан қуанышты хабарлар күтеміз.
Еркін ӘБІЛ.

ҚОҒАМ 09 қараша 2013 г. 2 310 0