БІР ӘУЛЕТТЕН – 10 ОҚЫРМАН

Бір кездегі ауылдағы хат тасушылардың өз ісіне деген ынта-ықыласына әлі күнге қайран қаламын. Әр үйге хат-хабар, газет-журналды жеткізгенше асығатын. Ауыл адамдарының басылымдарға деген ықыласы ерекше еді.

Әкем Наят күнделікті газет-журналды жайып тастап, отбасын түгелдей тыңдауға ша­қыратын. Ауылдағы алғашқы мұғалім – әкемнің басылымның әр сөзіне зейін қойғыштығына бас иземей болмайды. Біз ақын Асқар Тоқмағамбетов, Әбді­кәрім Оңалбаев, Сыр сүлей­ле­рін жырлаған Қуаныш Бай­ма­ғанбетов, кейінгі толқын Нә­сіреддин, Саидтардың жаз­ған дүниелерін жаттап өстік. Шораяқтың Омары, Тұрмағанбет жырлары рухани өрісімізді кең­ей­тіп, биікке самғататын. Біз осын­дай терең байлықты бұ­рын­ғы "Ленин жолы” қазіргі "Сыр бойы­­нан” бойымызға дарыттық.

Біз он ағайынды едік. Менің алдымдағы ағам бұдан бірер жыл бұрын сексенге жақындағанда пәни дүниеге аттанып кетті. Алғашқыда мектепте ұстаз, кейін үш бірдей шаруашылықта партком хатшысы болды. Ардагер Нұрділда Ерманов ағайымыз басылымдарға зер салғыш, ойға түйгіш абыз аға болды. Ауылда "Ленин жолының” әрбір шаңырақта таралуына ұйтқы болғанын көнекөздер әлі күнге дейін жиі еске алады.

Бұл басылым Сыр өңірін көтерді, еңбек адамдарын, жа­қаев­шылар қозғалысының бір­ден-бір насихаттаушысы болды. Біздер Еңбек Ерлері Сәлима Жұмабекова, Ұзақ Еспанов, Алдаберген Бисенов, Қасымтай Ізтілеуов, даңғайыр диқан Қасым Бөдеев, Несіпбай Әмірезовтердің баға жетпес тұлғасына алғаш рет басылым беттерінен қаныққан едік.

Шындығын айту керек, басылымда Сыр өңірінің шежіресі сайрап жатыр. Бұл дәстүр қазір одан әрі жалғасуда. Басылымның материалдық базасы жылма-жыл нығая түсуде. Газет сапасы, мазмұны байытылып келеді. Қаламы ұшқыр журналист шоғырының жазбалары ертеңгі болашаққа сенімді молайтып егемен елдің тәуелсіздік туын одан әрі биікке көтеруде.

"Сыр бойы” басылымы маған әрқашан ыстық. Мен төрт дүркін облыстық мәслихатқа депутат болып сайланғанда бірден-бір насихатшы болды. Еңбек жолымды, депутаттық жұмысымды жан-жақты көрсетуден кенде болған емес. Өңірімнің, тағдырымның сан алуан қиын сәттерін оқырманға таныстырып, қайратыма қанат бітіргені үшін басылымға бас иемін.

Бұл күндері Сыр өңірі өсу, өркендеу үстінде. Әлеуметтік сала, туризм одан әрі дамуға бет бұрды. Қаланың келбеті сүйсінтеді. Міне, осынау игілікті істерді насихаттауда "Сыр бойының” атқарып отырған жұмысы баға жетпес құндылық.

Біздің Ермановтар әулетінен тараған он оқырман алдағы жылға түгелдей "Сыр бойы” басылымына жазылды. Бұған мен басқарған ұжым мүшелері де түгелдей атсалысып отыр.

Алдағы жылы әрбір отбасының "Сыр бойы” басылымына жазылудан қалыс қалмағаны абзал болар еді. Мен өз сайлаушыларымды да осыған шақырамын.

Нұрмұрат ЕРМАНОВ,

"Бабас” ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.


ҚОҒАМ 29 қараша 2014 г. 1 014 0