КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚТЫ ТОЛЫҚҚАНДЫ ҚОРҒАЙДЫ

2015 жылдың қаңтарынан бастап жаңа Қылмыстық процессуалдық кодекс қолдануға берілмек.

Жаңа Қылмыстық процессуалдық кодекстің басты мәні адамдардың конс­титуциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды толыққанды қамтамасыз етуге бағытталуымен түсіндіріледі. Осы орайда, қылмыстық сот өндірісі саласы түгелдей өзгерістер мен толықтыруларға ұшырағандығын атап өткен жөн. Атап айтқанда, сотқа дейінгі тексеру шаралары жаңа сипат алып, тергеу жүргізуші судья қызметі тағайындалған, сотқа қатысушы тараптардың өзара бәсекелестігі мен құқықтарының ауқымы арттырылған. Қылмыстық істер жөніндегі сот шешімдерін апелляциялық тәртіпте қарау жайы жаңа Қылмыстық кодекстің 48-49 бөлімдерінде қамтылған. Қазіргі қолданыстағы Қылмыстық кодекстің көптеген ережелері жаңа кодексте нақтыланып, мән-мазмұны кең айқындық тапқан. Оның бәрі алғашқы сот сатысында заңды күшіне енбеген сот шешімдері бойынша тараптардың арыздану арқылы өз құқықтарын қорғауын қамтамасыз етуге жан-жақты мүмкіндіктер жасауға бағытталған. Сонымен бірге жаңа заңдағы бірқатар ережелер апелляциялық өндірістегі сот шешімдерінің жеделдігін қамтамасыз етуге игі ықпалын тигізбек.

Қолданыстағы кодексте апелляциялық шағым беруге құқылы субъектілер қатарында сотталушы, ақталушы мен оның қорғаушылары, заңды өкілдер, зәбір көруші болса, жаңа кодексте осындай шағым беруге қорғаушыларға да құқық берілген. Сот үкімімен бірге судья сот барысында түрлі қаулылар мен шешімдер де шығарады. Жаңа кодексте сот үкіміне ғана емес, сондай сот шешімдері мен қаулыларына байланысты да апелляциялық тәртіпте арыздану мүмкіндігі қарастырылған.

М.ЖАКУПОВА,

Қызылорда қаласының №2 сотының бас маман сот отырысының хатшысы.


ҚОҒАМ 29 қараша 2014 г. 849 0