ЖІГЕР ЖЕМІСІ

Әлі есімде 2011 жылдың қыркүйек айы болатын. Елбасының Сырға сапармен келіп, біздің "Мәді қажы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс даласында болуы диқандар қауымы мен механизаторлардың жігерлерін жалындатып, еңбекке деген құлшыныстарын оятты.

Елбасының егінші-механизаторларымен кездесу уақыты протокол бойынша небәрі 15 минутпен шектеледі екен. Ол кісінің бізбен жүздесуге жарты сағаттан астам уақыт бөліп, ашық-жарқын әңгімелесуі бүгінге дейін көз алдымда көлбеңдеумен тұр. Әңгіме үстінде күріш егісін баптау жайында өзара пікір алыстық. Бір таңғалғаным, Елбасы күріштің агротехникасын кәнігі агрономнан артық білмесе, кем білмейді екен. Сыр салысын баптау, оны егетін жерді таңдау, сондай-ақ, суғаруға барынша мән беру керектігін айтқанда қайран қалдық. Мемлекет басшысы әңгіме үстінде: "Сіздерде әлі де кеңес дәуірінен қалған ұғым бар. Одан арылуларың қажет” деді де мемлекетке арқа сүйей бермей тірлік жасауға, күріш егісін дамытуға өзіміздің баса мән беруімізді тапсырды. Сонымен бірге алдағы уақытта ата кәсібіміздің – мал шаруашылығын дамытуға да көңіл бөлу қажеттігін қадап айтты. Біз де сөз кезегінде ауыл шаруашылығы салаларында орын алып отырған олқылықты Елбасы назарына салып, оны шешу бағытында ой бөлістік.

Елбасымен болған бұл ашық-жарқын жүздесу бізге, жоғарыда айтқандай, күш-жігер берді.

Президент айтқан үдеден шығу бағытында аянбай еңбек етуге жұмыла кірістік. Содан болар бүгінде "Мәді қажы” шаруа қожалығының диқандар қауымы егіс көлемін ұлғайтып, алынатын өнім көлемін де көтерді. Жыл сайын егілген күріштің әр гектарынан 50-60 центнер аралығында Сыр маржанын жинап, аудан алды ғана емес, аймақта көш басына шығып жүрміз. Бұл бізге Елбасының берген ақыл-парасатының жемісі деп нақты айта аламын.

Аббас КАМАЛАДДИН,

"Мәді қажы” ЖШС төрағасы.

Шіркейлі ауылы,

Сырдария ауданы.


ҚОҒАМ 29 қараша 2014 г. 839 0