ТАРИХИ ҚҰНДЫЛЫҚ БАСТАУЫ ҚОҒАМДЫҚ МУЗЕЙДЕ

Музей – халықтың рухани асыл қазыналарын жинақтап, өткен мен бүгінді жалғап отырған ғылыми-мәдени, рухани мекемелердің бірі. Музей экспонаттары – халық тарихы мен мәдениетін қамтитын талай замандардың тірі куәлары. 
Заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін жас өрендерге насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беру жолында үлкен жұмыс жасап жатқан қоғамдық музейлердің бірі – И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық колледж тарихының музейі. Колледж тарихының музейі – ғылым мен білімнің, мәдениеттің қалыптасуына үлес қосып келе жатқан ғылыми-мәдени ошақ. Қоғамдық музей өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ықпал етіп, оқушылардың тарихи санасының қалыптасуына үлкен еңбек сіңіруде.
Колледж тарихының музейі – оқу-тәрбиелік және ғылыми-ағарту жұмыстарының көпсалалы құрылымдық бөлімі болып табылады. Музей колледж тарихының түрлі тақырыптарға орай жүйелі дамуының көрсеткіші болып, заман талабына сай білімге сүйене отырып мәдени-тәрбиелік, ақпараттық, азаматтық, отаншылдық оқу ізденуге баулу жұмыстарын жүргізіп келеді. Музей әртүрлі тарихи мұраларды жинап, зерттеп, сақтап, келушілерге ұсыну арқылы оқушылар мен оқытушылардың білімі мен танымын, рухани байлығын арттыруда. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық колледж тарихының музейі 2000 жылдың 10 қарашасында колледждің 70 жылдық мерейтойы аясында арнайы ашылған болатын. Колледж оқытушылары мен әдіскері күшімен білім ордасы тарихына байланысты естеліктер, фотосуреттер жинау жұмыстары нәтижесінде музей өз келушілеріне есігін айқара ашты. Мұражай 2 экспозициялық залдан тұрады. Бірінші залда колледждің оқу-тәрбие жұмыстары жөнінде жалпы мағлұмат, яғни кітапхана жұмысы, бітіруші түлектер, материалдық-техникалық жабдықталуы, колледжді сонау уақыттардан басқарып келген басшылар фотосуреттері мен құжаттары, сонымен бірге, оқу орнына 2003 жылы есімі берілген Социалистік Еңбек Ері, қоғам қайраткері И.Әбдікәрімов туралы мәліметтер қойылса, екінші залда тарихи экспозиция орналасқан. Мұнда қазіргі колледжіміздің негізі болған ауылшаруашылық, политехникалық, теміржол колледждерінің тарихы, еңбек және соғыс ардагерлері, колледжден білім нәрімен сусындап шыққан түлектер, яғни қазіргі кезде ел экономикасын дамытуға белсене араласып жүрген Қызылорда облысының құрметті азаматтары турасында мәліметтер орын алған. Сонымен қатар, колледжде оқыған Ауған соғысына қатысқан Б.Шалғынбаев және ҚР спортының биік тұғырынан көрініп жүрген оқушылар туралы толық ақпар берілген. Музейде осы оқу орнында ұзақ жылдар жұмыс жасаған еңбек ардагерлері, Оқу ісі озаттарының еңбектері мен жеткен жетістіктері көрсетілген. 
Қызылорда аграрлық-техникалық колледжінің есімін иеленген қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовтің туылғанына биыл 90 жыл толып отыр.  Білім ордасында аталмыш мерейтой аясында И.Әбдікәрімовке арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Сол мәдени іс-шараларды жүйелеп ұйымдастыруда колледж тарихы музейінің де алатын орны ерек. Қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері туралы толық мағлұмат берілген білім ордасы жанынан ашылған қоғамдық музейде де И.Әбдікәрімов жайында экскурсия-сабақтар өткізіліп, лекциялар оқылып, экскурсиялар қарқынды жүргізілуде.
Әйгерім БЕКҚҰЛИЕВА. 
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері,
Әлия НҰРПЕЙІСОВА.
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық колледжі музейінің меңгерушісі.

ҚОҒАМ 09 қараша 2013 г. 1 828 0