« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
"Энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Өткен 5 жылда энергетикада индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде үлкен жұмыстар жүргізілді. Соған қарамастан, магистральдық желілердің шектеулілігі елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының, орталық және шығыс облыстарында табиғи газдың тапшылығын туындатып отыр. Екі жобаға назар салу керек. "Екібастұз-Семей-Өскемен” және "Семей-Ақтоғай-Талдықорған-Алматы” бағыттарында жоғары кернеулі желілер салу қажет. Бұл қазақстандық электр стансаларының елдің барлық өңірлерін теңдестірілген энергиямен қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді”.
Елбасының "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” атты Қазақстан халқына Жолдауынан.
Шындығында, Елбасы өз Жолдауында еліміздің экономикасындағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталған Жаңа Экономикалық Саясат туралы жариялады. Осы Жолдауда айтылғандай, соңғы жылдары энергетикада ауқымды жұмыстар жүргізілгенімен, магистральдық желілердің шектеулілігі елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының тапшылығын туындатып отыр.
Жалпы, біздің облыста электр энергиясының жетіспеушілігі бар екені жасырын емес. Қызылорда жылу орталығы облысқа қажетті электр энергиясының тек 40 пайызын ғана өндіреді. Ал, қалған 60 пайызды біздер сырт көзден сатып алуға мәжбүрміз. Бүгінде облыс аумағында барлығы 9108 шақырым әуелік және кабельдік электр желілері, 117 қосалқы және 1433 трансформаторлық станциялар бар. Соңғы отыз жылдан бері облыстың электр энергетикасын дамытуға жеткілікті қаржы бөлінбеуінен аталған электр нысандарының 70 пайызының тозығы жеткен. Дейтұрғанмен, соңғы төрт жылда еліміздің экономикасының тұрақты өсуінен 3,9 млрд. теңге қаржы бөлініп, жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның ішінде осы уақытта 207 шақырымға жуық электр желілері салынып, 7 тарату пункті мен 22 трансформаторлық стансалар іске қосылды.
2011 жылы жалпысметалық құны 1444,0 млн. теңгені құрайтын "Қызылорда облысының аудан орталықтарын электрмен жабдықтау жүйесін дамыту” жобасы әзірленіп, үш жылдық мерзімде жеті аудан орталығының электрмен жабдықтау жүйесін дамытуды қамту жоспарланды. Атап айту керек, бұл көптеген жылдан бері аудан орталықтарының электр жүйесін қайта жаңғырту бағытында қолға алынған ауқымды іс болды. Үш жылда бұл жобаға барлығы 1226,3 млн. теңге қаржы бөлініп, Арал, Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарының орталықтары бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Арал ауданы Жақсықылыш елді мекенінде электр жүйелері жаңғыртылды.
"Қызылорда қаласында "ПС-35/10” кВ-тық "Жаңаарық”, "Тасбөгет”, "Районнан котельная” қосалқы стансалары қайта жаңғыртудан өткізілді. Нәтижесінде Қызылорда қаласының 50 мыңнан астам халқы сапалы және үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етілді.
2014 жылы "Қызылорда қаласының кернеулігі 10/0,4 кВ электрмен қамту жүйесін дамыту” жобасы бойынша өткен жылы 465,4 млн. теңгеге басталған құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Бүгінде оны қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса Жаңақорған, Шиелі және Қазалы кенттеріндегі электр жүйелерін дамыту жобалары бойынша жұмыстары аяқталуға жақын. Аталған нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Нәтижесінде, жоғарыда аталған үш кенттің 65 мыңға жуық тұрғыны сапалы электр энергиясын тұтынуға қол жеткізеді.
Сонымен қатар, биыл "Арал”, "Новоказалинск” қосалқы стансаларын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Нысандар өтпелі, яғни 2015 және 2016 жылдары аяқталады деп жоспарланған.
Сондай-ақ, 2015-2017 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыруға тиісті министрліктерге жалпы сомасы 7,2 млрд. теңгені құрайтын 11 жоба бойынша бюджеттік өтінім ұсынылды. Атап айтқанда, Төретам кенті мен Ақай елді мекеніндегі электр желілерін, Қызылорда қаласындағы 35/10 кВ "ГМЗ” қосалқы стансаларын, "Силикатная”, "Залинейная”, "Комсомол”, "Промышленная” жаңғырту, Әйтеке би кентіндегі жаңа кварталдар көшелерін жарықтандыру, Төретамдағы №22, Тереңөзек кентіндегі 35/10 кВ қосалқы стансаларын, Ақай ауылындағы №14 қосалқы стансаларды, Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданы және Жосалы-Жалағаш арасындағы электр желілерін жаңғырту жобаларына қаржы бөлу жөнінде жұмыс жүргізілуде.
Сонымен қатар Елбасы Жолдауында бүгінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға инвестициялар салуға Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, сондай-ақ, жеке инвесторлар үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Ұзақ мерзімді инвестициялық тарифтер ұсыну арқылы олардың барынша тартылуын қамтамасыз ету қажет. Тарифтердің айтарлықтай ұлғаюына жол бермеу үшін ондай жобаларды мемлекет қосымша қаржыландыруы керек. Осыған байланысты жылу және сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғырту қарқынын жеделдету үшін бюджеттен қарастырылған қаржыға қосымша жыл сайын 100 млрд. теңге бағыттау ұтымды болатынын да айтты.
Елбасының осы тапсырмасына сәйкес бүгінде жалпыұлттық жоспарды әзірлеуге байланысты министрліктер ведомствоаралық жұмыс тобын құрып, алдағы 2015-2019 жылдарға барлық саладағы бағыттарды айқындауға кірісіп кетті.
Жалпы сумен қамту бойынша Елбасының 2020 жылға дейін ауылдық елді мекендердің орталықтандырылған ауыз суға қолжетімділігін 80 пайызға жеткізу тапсырмасына сәйкес жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс республикада алдыңғы қатарда.
Өткен жылдың қорытындысымен облыс бойынша барлық 262 ауылдық елді мекеннің 185-і орталықтандырылған ауыз суға қосылды немесе бұл көрсеткіш 71 пайыз болды. 2012 жылы ол 178 елді мекенді қамтып, 69 пайызды құраған еді.
"Ақбұлақ” бағдарламасы бойынша биылғы жылға барлық қаржы көздерінен 8 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 21 жобаның құрылыс жұмыстарына 4,7 млрд. теңге және ауыз су тарату қызметтеріне берілетін субсидияға 3,3 млрд. теңге бөлінді.
Облысқа трансфертпен берілетін қаржылардан басқа тікелей Су ресурстары комитетінің қаржыландыруымен биылға 2,3 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде Жиделі топтық су құбырына 8 елді мекенді қосу жобасына 1,1 млрд. теңге және Талап топтық су құбырына 1,2 млрд. теңге қаралған.
Сонымен қатар, биыл Арал ауданында – Сексеуіл, Қазалы ауданында – Байқожа, Қармақшы ауданында – Тұрмағамбет, Ақай, Жосалы, Жалағаш ауданында – Бұқарбай, Ақсу, Сырдария ауданында – Аманкелді, Ақжарма, Мәлібаев, Бесарық, Шиелі ауданында – Жөлек, Алмалы, Тәжібаев, Жаңақорған ауданында – Түгіскен, Қызылорда қаласында Абай, Айнакөл, Ақжарма, Махамбетов елді мекендерінің ауыз су жүйесін жаңғырту жұмыстары басталды. Ал, келер жылы сметалық құны 2,4 млрд. теңге болатын Қазалы ауданының Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының су жүйелерін жаңғырту жұмыстарының құрылысы басталады. Сонымен бірге Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырына қосылған 10 елді мекеннің ішкі су жүйелерін тұтынушыға дейін жеткізу жобасының құрылысы салынады. Сырдария ауданының Сейфуллин елді мекенінің тұтынушыға дейінгі құрылысы да жүргізіледі. Жалпы, биыл жобалау жұмыстары аяқталатын 28 жаңа жобалар 2015-2017 жылдары қаржыландыруға тиісті министрліктерге ұсынылмақшы.
Сондай-ақ, 2014-2015 жылғы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында "Қызылордажылуэлектрорталығы” МКК-на облыстық бюджеттен 234 млн. теңге қаржы бөлініп 4 қазандық қайта жаңғыртудан өтті. Қазалы ауданы Әйтеке би кентінің жылу жүйесін кейейту жобасы бойынша құны 1 млрд. теңгеден асатын қуаттылығы 5,44 шақырым жылу желілеріне кеңейту жұмыстары атқарылды. Бүгінгі таңда нысанды қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар жылу беру маусымын үздіксіз өткізу мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі қорынан "Оңтүстік қазандық” филиалы үшін 16,4 мың тонна мазут алуға 873 млн. теңге және Қызылорда жылу электр орталығы үшін газ құнын субсидиялауға 378 млн. теңге бөлінді. Ал, 2015 жылы құны 665 млн. теңгеге ұзындығы 2,6 шақырымды құрайтын Қызылорда қаласындағы жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша үш жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Облыстық бюджеттен 75 млн. теңгеге "Қызылордажылуэлектрорталығы” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қайта жаңғырту және кеңейту” жобасын мемлекеттік сараптама қорытындысымен техникалық экономикалық негіздемесі әзірленді. Бұл жоба іске асырылған жағдайда электр қуатын 235 МВт және жылу қуаттылығы сағатына 400 гигокалорияға жеткізу, сондай-ақ, аймақтың сыртқы энергия көздеріне тәуелділік жойылып, алдағы уақытта құрылысы салынатын индустриялық-инновациялық кәсіпорындарға қосымша электр энергиясы берілетін болады.
Соңғы жылдары қызылордалықтар үшін тиімді ұйымдастырылған істің бірі ол газбен қамтамасыз ету жайы жандандырылып келеді. Қазіргі таңда, облыс бойынша Қызылорда қаласының 95 пайызы ілеспе газбен қамтамасыз етіліп отыр. Ал, облыстың қалған аудан орталықтары мен қала маңындағы елді мекендерді газдандыру "Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистральды газ құбырының бойында қарастырылған бұрыптар арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Осы орайда айта кету керек, Қызылорда облысын кешенді газдандырудың бірінші кезеңі 2015-2017 жылдары аралығында 21 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл жұмыстар тиісті дәрежеде жүзеге асырылған жағдайда осы кезеңде Қызылорда облысы халқының 70 пайызын газбен қамтуға қол жеткізіледі. Аталған тапсырманы жүзеге асыру үшін өткен жылы 5 техникалық-экономикалық негіздемені және 10 жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін облыстық бюджеттен 569,5 млн. теңге бөлінсе, бүгінгі күнге 4 техникалық жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, олардың мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Қалған жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады.
Сонымен қатар Қызылорда облысының әкімдігі мен "ҚазТрансГаз” АҚ арасында жасалған меморандумға сәйкес барлығы 23 млрд. теңгеге 4 аудан орталығында, яғни, Арал қаласы, Әйтеке би кенті, Шиелі және Жаңақорған кенті мен Байқоңыр қаласына автоматтандырылған газ тарату стансаларының құрылысы мен кварталішілік газ құбырларының құрылысын салу келісілген. Бүгінгі таңда, бес елді мекен бойынша жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалар жүзеге асқанда облыстың 23 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. Ал, қалған сегіз автоматтандырылған газ тарату стансаларының құрылысын салып, елді мекендерді газдандыру жұмыстарын республикалық бюджет есебінен 2015-2017 жылдары аралығында жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Жосалы және Сексеуіл кенттерінде АГРС-тар құрылысының жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін 113,9 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп, бүгінде бұл жұмыстар қолға алынған.
Сонымен бірге Қызылорда қаласының Қызылжарма ауылдық округін және Тасбөгет кентін газдандыру үшін биылғы жылға республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, облыстық бюджеттен 12 жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшін 2015 жылға 381 млн. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылса, келер жылы Қызылорда қаласындағы газдандырылмай қалған тұрғын үйлерді газдандыру, Қарауылтөбе, Талсуат ауылдық округтерін, Белкөл кенттерін газбен қамтамасыз ету үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігіне 1183,4 млн. теңгені құрайтын 4 жоба бойынша бюджеттік өтінім ұсынылды.
2011 жылдан бастап Елбасының бастамасымен қолға алынған "Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған” бағдарламасы аясында көпқабатты тұрғын үйлер жөндеуден өткізіліп жатқандығы белгілі. Бүгінгі таңда Қызылорда облысы бойынша 1096 көпқабатты тұрғын үй бар болса, оның 70 пайызы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Бұл үйлердің көбісі 20-30 жылдан бері жөндеуден өтпеген.
Осы бағдарлама аясында облыс бойынша 81 көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 1814,255 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда Қызылорда қаласы бойынша жоспарланған 72 үйдің 42-нің жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал қалған үйлердің жұмыстары да аяқталуға жақын. Сонымен қатар, облыстағы 5 аудан бойынша 9 үй де жөндеуден өтті.
Жалпы, алдағы жылы облыс бойынша 115 көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жалпы құны 1762,5 млн. теңгеге Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік өтінім тапсырылған. Негізі облыста 2020 жылға дейін 570 үйді жөндеуден өткізу көзделуде.
Негізі облыстың коммуналдық қызмет көрсету саласында мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптестікті дамыту бағытында биылғы жылдың соңында облыс әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында ауыз су мен электр энергиясы және жылу беру кәсіпорындарының жұмысын жандандыру мақсатында кредиттік келісімшартқа қол қою жоспарланып отыр.
Қорыта келе айтқанда, бүгінде облыста тұтынушыларды жарық және жылумен, сондай-ақ, таза ауыз су және газбен қамтамасыз етуде кең көлемдегі жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар Елбасы тапсырмасына орай тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту ісі де уақыт өткен сайын қарқын алып келеді. Айналып келгенде, мұның бәрі халықтың тұрғын үй жайлылығын жақсартуға бағытталып отырғаны белгілі. Сондықтан да қазіргі күні кешенді түрде жүргізіліп жатқан бұл істер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |