ҒАСЫР ЖОБАСЫНЫҢ ҒАЛАМАТ ЖЕМІСІ

ҒАСЫР ЖОБАСЫНЫҢ ҒАЛАМАТ ЖЕМІСІ2005 жылдың сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сыр еліне жұмыс сапарымен келгенде алғашқы аялдаған жері Арал қаласы болды. Мемлекет басшысы мұнда қайта жарақтандырылған су құбырының пайдалануға беру рәсіміне қатысты. Халықты таза сумен қамтамасыз ететін осы нысанды іске қосып тұрған сәтінде Елбасы: – "Мен Аралға көмек көрсетемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын. Осыдан он жыл бұрын мұндай жобаны қиял түрінде ғана көз алдымызға елестетуші едік. Бұл – Арал өңірін экологиялық, әлеуметтік тұрғыдан сауықтыруға бағытталып отырған маңызды жоба. Әрине, мұның барлығы экономиканың өркендеуінің, еңсемізді тіктеп алуымыздың, тәуелсіздігіміздің арқасында мүмкін болды. Көкарал бөгетінің құрылысы аяқталғанда қосымша 30 млрд. текше метр су айдыны пайда болады. Оның осы өңір халқының тіршілігіне қаншалықты оңды ықпал жасайтынын өздеріңіз бағамдай беріңіздер. Міне, сол шындыққа айналды. Тағы да қайталап айтамын, мен арманыма жеттім. Арал өңіріне жасалып жатқан мұндай қамқорлық еш жерде жоқ екенін ашық мойындауымыз керек. Мемлекет өзінің мүмкіндігі нәтижесінде осындай ірі шараларды жүзеге асыра алды” – деп еді.

Міне, сонан бері де он жылдай уақыт өтті. Сонан бергі уақыт ішінде бұл бағытта жүзеге асырылған істердің нәтижесі қандай деген сауалдардың туындары шындық. Расында, Ел­басының тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан "Ғасыр жобасы” атанған "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау” (САРАТС) жобасының бірінші кезеңі облыстың әлеуметтік-экономикалық да­муы­на жаңа мүмкіндіктер берді. Бұл жо­ба Дүниежүзілік банк пен республикалық бюд­жет­тен қоса қаржыландыру арқылы жүзеге асты. Соның нәтижесінде Солтүстік Арал теңізі суының тұздылығы литріне 23-тен 17 граммға дейін төмендеп, су көлемі 15-тен 27 текше ша­қырымға дейін жетті. Сырдария өзенінің қыс кезіндегі су өткізу қабілеті 650-700 текше метрге дейін жоғарылады. Теңізге құйылатын судың көлемі көбейіп, өңірдегі көптеген ба­лық түрлері айдынына оралды. Суармалы жер­лердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарды. Бұл өз кезегінде көлемі 20-30 мың гектардан асатын ірі көлдердің қалпына келуіне, балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Нақты айтқанда, теңізде бұрын жоғалып кеткен балықтың 13 түрі қайта пайда болып, балық аулау көлемі 400 тоннадан 5 мың тоннаға дей­ін жетті. Теңіз Арал қаласына 75-тен 17 шақырымға дейін жақындады.

Жобаның Арал өңірі үшін әлеуметтік-эконо­микалық маңыздылығын жоғары бағалаған Елбасы 2005 жылы бұл істі жалғастыруды тап­сырды. Сөйтіп, сол кезден жобаның екін­ші кезеңінің дайындығы елімізде жүзеге асыры­латын басым жобалар қатарына енгізілді. Со­ның нәтижесінде бірқатар талқылаулардан кейін жобаның құрамы қайта қарастырылып, "САРАТС-2” жобасын іске асырудың екікезеңдік тәсілін қолдану туралы шешім қабылданды. Негізі жобаның екінші кезеңіне сегіз компонент енгізіліп, оның алғашқы кезеңінде алты компонент жүзеге асырылатын болды. Атап айтқанда, бұл кезеңде Қызылорда су торабының сол жағалауындағы шлюз-реттеуішін қалпы­на келтіру мен облыстың Қазалы мен Қармақ­шы аудандарында су тасқынына қарсы қор­ға­ныс бөгеттерін салу, Қорғанша және Тұ­рымбет учаскелерінде Сырдария өзенінің ар­­насын түзету, Қазалы ауданының Бірлік ауы­лы маңында ав­то­мобиль көпірін са­лу қарас­ты­рыл­ған. Сон­дай-ақ, Қамыс­тыбас пен Ақшатау көлдер жүйелерін қалпына келтіру мен Арал ау­даны Қамыстыбас ба­лық өсіру питом­нигінің Тастақ учаскесіндегі балық өсіру тоғандарын кеңейту де іске асырылады. Сонымен қатар екінші кезеңде Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру, яғни Көкарал тоспасын Балтық жүйесі бойынша қазіргі 42 метрден 48 метрге дейін биіктету мен Сырдария өзені бассейнінің қазақ­стандық бөлігінде су ресурстарын басқарушы жұмыс орталығын салу мен жабдықтаудың тех­никалық экономикалық негіздемелері әзірле­нетін болады.

Өткен жылы наурыз айында "Оңтүстік өңір­лерді дамыту мәселелері туралы” өткен мә­жілісте Елбасы Үкіметке "Сырдария өзенінің ар­насын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бө­лігін сақтау” жобасының екінші кезеңін іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Биылғы жылы "САРАТС-2 жобасының екін­ші кезеңі Қазақстанның Су ресурстарын бас­қарудың мемлекеттік бағдарламасына жә­не Үкіметпен бекітілген ҚР әлеуметтік-эконо­микалық саясатының 2014 жылға арналған бі­рінші кезектегі шаралардың жол картасына енгізілді. Жобаның құны 23,2 млрд. теңге. Бұл жоба 2015-2020 жылдар арасында жүзеге асы­рылады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, би­ылғы шілде айында Қызылорда қаласында Дү­ниежүзілік Банк және ҚР Қоршаған орта жә­не су ресурстары министрлігі арасында "САРАТС-2” жобасын Дүниежүзілік банк қаражаты есебінен жүзеге асыру бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. Өз кезегінде Дүниежүзілік банкінің бұл жобаны қаржыландыруға қатысуы өңірге инвестиция салудың көбеюіне біршама қозғау салады. Жалпы жобаның 85 пайызын қаржыландыруға Дүниежүзілік банк алдын ала келісімін беріп отыр. Айта кететін жайт, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Үкіметтің атынан сыртқы көздердің қарыз қаражаты есебінен іске асырылатын инвестициялық жоба тек республикалық бюд­жеттік комиссия отырысының оң шешімі не­гізінде ғана жүзеге асырылады. Сондықтан, 2014 жылғы 14 қарашада ҚР Премьер-ми­нистрі Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен өт­кен республикалық бюджеттік комиссияның оты­рысында "САРАТС-2” жобасын Дүниежүзілік банк­тің қарыз қаражаты есебінен және рес­публикалық бюджеттен қоса қаржыландыру мәселесі оң шешімін тапты.

Негізі "САРАТС-2” жобасын жүзеге асыру Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы­на оң әсер етеді деп күтілуде. Атап айтқанда, бұл кезеңде 63 мың гектар болатын суармалы жерлер тұрақты сумен қамтамасыз етіліп, 250 мың гектарға жуық жайылымдар мен шабындық жерлер суландырылады. 15 мыңнан аса халық тұратын елді мекендер су басудан қорғалады. Қазалы ауданы Бірлік ауылы маңынан авто­мобиль көпірін салудың нәтижесінде жыл бойы қауіпсіз автокөлік байланысы қамтамасыз еті­леді. Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі және өзен сағасындағы жалпы ауданы 34 мың гектар болатын көлдер сумен қамтамасыз етіліп, Солтүстік Арал теңізінің су басу ауданы 3151-ден 4645 шаршы шақырымға дейін ұлғаяды. Теңіздегі судың көлемі 27,1 текше шақырымнан 51,17 тек­ше шақырымға дей­ін же­теді. Балық ау­лау көлемі 30 мың тоннаға жетіп, ба­лық ша­руашылығы са­ласында 3 мыңға жу­ық жа­ңадан жұмыс оры­ны ашылады. Те­ңіз айдыны мен Арал қаласының арақашықтығы 1 шақырымға же­теді. Сонымен қатар, су айдынының алаңы елді мекендерге жетіп, теңіздің кеуіп қалған ұл­танынан ұшқан шаңды тұздар азайып, туризмді дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады.

Ендігі кезекте "Ғасыр жобасын” жүзеге асыруды Үкіметпен бірлесіп, сыртқы за­ем алу бойынша Дүниежүзілік банкпен келіс­сөздер жүргізіліп, оны жыл соңына дейін Қа­зақ­стан Республикасының Парламентінде ра­ти­фикациялау бойынша жұмыстар іске асы­рылмақшы.

Әлемде Қазақстаннан басқа тартылған те­ңіз айдынын толтырған ел жоқ. Алып дала төсіндегі Кіші Арал күміс айнадай жалтырайды. Жағалаудан жырақтаған жұрт қайта оралды, үміт оянды. Бұл – елін сүйген Елбасының ерен еңбегінің жемісі.

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.


ҚОҒАМ 29 қараша 2014 г. 1 099 0