ЗАҢ БҰЗУҒА ЖОЛ ЖОҚ

Қалалық ішкі саясат бөлімі мен «Болашақ жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттерде жастармен заң бұзушылық мәселелері бойынша «дөңгелек үстел» болып өтті. Ауылдың белсенді жастары мен мұғалімдер және полиция қызметкерлері қатысқан басқосудың мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, өскелең ұрпақтың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру мен қоғамдағы өз орнын табуға дағдыландыру.

Шара барысында алғысөзді «Болашақ жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің жоба үйлестірушісі Еркебұлан Есмағанбетов алып, жастарға мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қолдаулар мен атаулы көмектер жайына тоқталып өтті. Сонымен қатар, жасөспірімдердің қылмыс жасау әрекетін, заң бұзышылықтың қоғамға әсерін, жастар арасындағы вандализм мәселесін көтерді. Сондай-ақ, жас­тарды заң бұзушылық әрекетінен аулақ болып, елімізге өз үлестерін тигізуге шақырды.

Ал, аталмыш қоғамдық бірлестіктің жоба үйлестірушісі Ержан Аманов жастардың уақыттарын тиімді өткізу бағытында ұсынысын білдірді.

Осылайша, бүгінгі жас буынды патриоттыққа тәрбие­лей­тін шара өзіндік маңызымен ерекшеленді.

М.ОТАРАЛЫ.


ҚОҒАМ 25 қараша 2014 г. 798 0