ӘРБІР ТҰРҒЫН ӨЗ ҚҰҚЫН БІЛУГЕ ТИІС

Бүгінде елімізде зейнетақы жүйесін жаңғырту бойынша жаңа реформа жасалып жатыр. Жаңғыртудың бірінші кезеңі бойынша, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру, ерекше және ауыр еңбек жағдайларында жұмыс жасайтын азаматтардың ерікті жарналарын міндетті кәсіби жарналармен алмастыру, зейнетақы жасын бірегейлендіру шараларын жүзеге асыру қаралған. 
Осыған орай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ғимаратында тұрғындарға «Ашық есік» күні  ұйымдастырылды. Онда облыс бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің, «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» РМҚК облыстық филиалының жауапты мамандары келушілердің сауалдарына жауап берді. Облыс бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім басшысы Фарида Едігееваның айтуынша, зейнетақы заңдылығына сәйкес әйелдердің зейнетақы жасын ұлғайту 2018 жылдан бастап 2027 жылдар аралығында біртіндеп 10 жыл бойы, жылына 6 ай қосып жүргізіледі. Қазіргі күні осы реформаны жүргізбесе, онда ертеңгі күні әйелдердің елеулі бөлігі жинақтауларының аз болуы себепті зейнетақы мөлшері де төмен болуы мүмкін. 
Шара барысында тұрғындарға «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» Заңдарына енгізілген өзгерістер бойынша, сондай-ақ, «Жұмыспен қамту – 2020 Жол картасы», «Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2013-2014 жылдарға арналған Жол картасы», «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңдарға сәйкес түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мамандар көмегіне жүгінген тұрғындар мемлекеттен алатын жәрдемақы, мүгедектікке байланысты төленетін төлемдер және зейнетақы жүйесіне енгізілген өзгерістер жайында өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, заңгерлік тұрғыда жауап алды. Арнайы мамандар екі күн бойы облыс тұрғындарын қабылдайды. 
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

ҚОҒАМ 09 қараша 2013 г. 1 057 0