Өмірімде өшпейтін із қалдырған

Жаны жарқын, көңілі дархан Сыр елінің халқы Елбасымыздың назарынан тыс қалған емес. Тарихымыздың талай қатпарларын қойнына басып жатқан Сырдария сырлары кімді болса да елең еткізетіні белгілі. Содан да болар, "Алаштың анасы” деп бағалағаны. Елбасы әрдайым Сырға назар салуы жігерімізді жанып, бәрімізді жаңа белестерге жетелейді.

Осы елдің тұрғыны ретінде мен бірнеше рет Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевпен кездесу сәтіне ие болғанымды мақтанышпен еске аламын. Өткен ғасырдың 80-жылдары Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтында партия ұйымын басқардым. Сонда Алматыда Бастауыш партия ұйымдары хатшыларының республикалық семинарына қатыстым.

Біздің облыстан барған делегацияның атынан целлюлоза-картон комбинатының партия ұйымы хатшысы Берік Тайжанов сөйледі. Семинар жұмысын басынан аяғына дейін республикалық орталық партия ұйымының 1-ші хатшысы Н.Назарбаев басқарып, жүргізіп отырды. Үзіліс кезінде біздің облыстан семинарға қатысқан азаматтарға өзі келіп, елдің жағдайын, халықтың көңіл-күйін сұрастырды. Әліміз келгенше жауап беріп жаттық. Ол кезде бізде ешқандай ой болған жоқ. Ал қазіргі уақыт деңгейінен қарасақ, Н.Назарбаевтың қызылордалықтарға ерекше мән беруінің мынандай себептері болған сыңайлы. Біріншіден, Қызылорда облысы республикадағы қазақтардың ең көп қоныстанған жері. Сондықтан, қоғамда болатын тарихи өзгерістерге ұлттық тұрғыдан бет түзейтін, алдыңғы сапта болатын, ұйысқан географиялық орта ретінде қабылданады. Екіншіден, Кеңес Одағының тарайтын уақытының жақындағанын елден бұрын сезінгендіктен болар халықтың жалпы көңіл-күйіне, саяси тұрақтылығына ерекше мән бергені де кездейсоқтық емес. Иә, көп ұзамай Одақ тарап, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл менің Елбасымен бірінші кездесуім.

1991 жылы Алматыда Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Президенті Н.Назарбаевтың ант қабылдап, ел билігін қолына алу рәсіміне қатыстым. Біздің облыстан 20-дан аса әртүрлі сала қызметкерлері болды. Есімде қалғаны сол кездегі облыстық "Кызылординские вести” газетінің бас редакторы Евгений Харитонович Хан, облыс мешітінің бас имамы Ыдырыс Ақмырзаев, т.б. қызылордалықтар бұл тарихи шараға бір күн ерте барып, Республика сарайы жанындағы қонақ үйге орналастық. Ертеңіне сағат үште ант қабылдау рәсімі бас­талды.

Айналып келгенде, еліміздің туының Н.Назарбаев сынды тарихи тұлғаға тапсырылғанына, алдағы тұрған қиындықтардан елді алып шығатынына толық сенетінімізге еш күмән болған жоқ. Уақыт көрсеткендей, еліміз көптеген қиындықтардан аман өтіп, барлық жағынан алғанда Әлем картасынан өзінің тарихи орнын ойып алды. Бұл менің Елбасын екінші рет көруім.

Қай жылы екені есімде жоқ. Жаз айы Елбасының кезекті сапарын Сыр елі асыға күтуде. Тереңөзек ауданына барып-қайтарда Әйтек каналына салынған гидроқұрылысқа соғады екен. Біздерді сол жерге жинады. Президент келісімен іс-шараның басталуына дейін маған сөйлейсіз деген тапсырма берілді. Не айтатынымды іштей қайталап, дайындалудамын. Сағат үштер шамасында Елбасы келді. Аралдан келген бір үлкен кісі менің алдымда сөйледі. Сонан соң іле-шала мен де "Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы...”, деп бас­тай бергенімде, "трибунаға шығып айтыңыз, ел естісін” – деді Елбасы. Трибунаға шығып ойымды айтып шықтым. Әрі қарай гидроқұрылыс жайлы сол кездегі Су ресурстары комитетін басқарған Н.Юзбуев жалғастырды. Бұл менің Елбасымен үшінші кездесуім.

Кейінгі сапарында Президентіміз қазіргі Ә.Тәжібаев кітапханасының ашылу рәсіміне қатысты. Сонда "Шаһнаманың” аудармасын Тұрмағанбеттің немересі Елбасына сыйлады. Бір кезде "ал, не айтасыңдар?” дегендей, көпшілікке қарады. Сол сәтте өз ойымды айтуға мүмкіндік туды.

Менен кейін Елена Рыбина қазақша сөйлеп, құттықтады. "Қазақшаны жақсы меңгерген екенсің, қайда оқисың, айналайын?” деп Еленаны бір көтеріп тастады. Бәріміздің ойымызда бірге ескерткішке суретке түсу болатын. Соны білгендей өзі "Ал, қане, бір суретке түсіп жіберейік” деп сырт киімін шешті де, ортамызға келді. Сонда біз Н.Назарбаевтың қарапайымдылығына, ыждағаттылығына, кішіпейілділігіне таңғалысып, риза болып, сәт сапар тілеп шын жүректен қол бұлғап қала бердік. Бұл менің Елбасымен төртінші кездесуім.

Осы жарқын жүздесулер жүрегімде терең із қалдырып, келер күндеріме сәулелі шуағын шашып жүргеніне өзімді бақытты сезінемін. Қыран қанатты Қазақстанның болашағы біздің Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың есімімен ғасырдан-ғасырға жасай беретіні сөзсіз.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың профессоры.


ҚОҒАМ 25 қараша 2014 г. 1 134 0