ҚАУІП ҚАЙДАН ДЕМЕҢІЗ...

Лаңкестік Қазақстанда бұрын-соңды ұлттық қауіпсіздікке нақты қауіп төндіретіндей дәрежеде бағаланған емес. Осыдан да еліміздің ұлттық қауіпсіздік жүйесі есірткі тасымалының жолын кесу, заңсыз миграция сияқты қауіп-қатерлерге төтеп беруге бейімделді. Терроризм проблемасы тек Орталық Азиядағы жалпы ахуал аясында қарастырылып келді. Қоғамдық пікірде де терроризм сыртқы қауіп-қатер ретінде қабылданды. Бірақ соңғы 4-5 жыл көлеміндегі оқиғалар ел табалдырығынан терроризмнің аттағанын аңғартып отыр.

ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ҰЙЫМ

Дегенмен, осыған дейін де қауіпке қарсы тұрудың алғышарттары жасалған еді. Елде террористік және экстремистік іс-әркеттерді анықтау және оның жолын кесу үшін заңнамалық және ұйымдастырушылық негіздерді жасау және жетілдіру жөнінде біраз жұмыстар атқарылды. 1999 жылғы шілдеде республикада терроризмге қарсы күрестің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін, мемлекеттік органдардың және барлық меншіктік формаларындағы ұйымдардың қызмет тәртібін, сондай-ақ терроризмге қарсы күресті жүзеге асырумен байланысты азаматтардың құқықтарын, міндеттері мен кепілдіктерін айқындайтын «Терроризмге қарсы күрес туралы» заң қабылданды.

2003 жылғы желтоқсанда Президенттің Жарлығымен терроризмнің және діни экстремизмнің көріністерімен күресте барлық қауіпсіздік қорғау құрылымдарының неғұрлым тиімді жұмыс істеуі үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Терроризмге қарсы күрес орталығы құрылды және оған барлық арнайы құрылымдардың, құқық қорғау органдарының және өзге де ведомстволардың қызметін үйлестіру жүктелді.

Осыдан алты жыл бұрын қазанда ҚР Бас Прокурорының мәлімдемесі бойынша ҚР Жоғарғы Соты «Әл Каида», «Шығыс Түркістан Ислам партиясы», «Мұсылман бауырлар», «Талибан қозғалысы», «Орталық Азия моджахеттер жамағаты» секілді халықаралық ұйымдарды террористік деп танып, олардың Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салынды.

Кейін Астана қаласы сотының шешімімен олардың қатарына «Хизб-ут-Тахрир-әл-ислами», «Аум Синрике» және «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы» қосылды.

Бұл ұйымдардың қызметі негізінен Қазақстанның айналасына, көрші елдерге қарсы бағытталған болатын.

Осы тұрғыда Қазақстан ТМД Терроризмге қарсы күрес орталығы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы Терроризмге қарсы аймақтық құрылымы сияқты ұйымдардың мүшесі бола отырып, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес желісінде халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытты.

Сенімге селкеу түсірген

Халықаралық террористік ұйымдар арқылы сырттан әсер етіп, Қазақстан экономикасын тұралатуды мақсат еткендер әрекеттері нәтиже бермеген соң тактикаларын өзгертті. Еліміздің кезінде кеңестік идеология салдарынан 70 жылға жуық дәстүрлі Исламнан қол үзіп қалғандығын пайдаланып, өз ішімізден іріткі салуға кірісті. Және ол мақсаттары ішінара орындалды да. Қараңыз, осыдан 25 жыл бұрын республикада ресми тіркелген 59 мешіт болды. Тәуелсіздік алып, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы құрылған соң, мешіт саны геометриялық жылдамдықпен өсе бастады. Әрине, елдің имандылыққа бет бұрғаны жақсы құбылыс. Бірақ, еліміздің территория­­сына ислам атын жамылып, қазақ үшін дәстүрлі емес дінді насихаттайтын миссионерлер енгенін байқамай қалдық. Артының алапат қауіпке ұласатынын аңғармастан жастарды топтап шетелге оқуға жібере бастадық. Шетелдердегі ислам орталықтарына оқуға кеткен жастардың дені діннің негізі түгіл, өз отанының тарихын біле бермейтін еді. Мысырға, Сауд Арабиясына, Пәкістанға, Иранға оқуға кеткендердің көбісі танымал діни білім ордаларының есігін де ашып көрген жоқ. Көпшілігі жекелеген жамағаттардың қарасын көбейтті. Психикасы толық қалыптаспаған, білімі толыспаған жастар, кімнің кім екенін объективті түрде айқындамай жатып, «рухани ұстаздары» ұстанған түрлі жамағаттардың жақтастары болып шыға келді. Олар тек қана өздерінің тәпсірлеуіндегі исламның дұрыс екендігіне сенімді болды және тек қана өздерін ғана ақиқаттың шырағын жағушылар деп санады. Ол адамдардың санасына, діни көзқарастармен қатар, сол жердің мәдениеті мен дәстүрі сіңірілді. Пәкістанға кеткен жастар «Таблиғи Жамағат» тобының шырмауына түсті. Сирияға аттанған балаларымыз басқа да Қазақстан үшін дәстүрлі емес топтардың жетегінде кетті. Осылайша жастарымыз шариғат пен шаңырақты бір-біріне қарсы қоятын күмәнді топтағылардың қатарын көбейте бастады. Соның «жемісін» қазір тартып отырмыз…

Ең бастысы – бірлік

Осыдан 4 жыл бұрын Маңғыстау облысында қатаң тәртіптегі колониядан діни экстремистік ұйымның мүшелерінің жаппай қашып шығып, ресми емес хабарлама бойынша қашқындардың бір бөлігі өзін-өзі жарып жіберуі ерекше назар аудартты. Артынша-ақ Ресей аумағындағы Солтүстік Кавказда террористік іс-әрекетті жүзеге асыруға қатысты күдікпен Қазақстан азаматтарының қолға түсті. Көп ұзамай жарылыстар жаңғырығы Ақтөбе мен Астанадан естілді. Қазақстан азаматтарының басқа елдердің жерінде террористік іс-әрекетке қатысуын куәландыратын мәліметтер жиілеп кетті;

Осыдан кейін-ақ, терроризм проблемасының Қазақстандағы ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп-қатер төндіретін сипат алғанын мойындадық.

Жуырда ғана Астанада өткен қауіпсіздік органдары жетекшілері мен ТМД-ның арнайы қызметтері Кеңесінің 37-отырысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев «Ислам мемлекеті» ұйымындағы қазақстандықтардың саны 300-ден асатынын мәлімдеді.

ТМД елдері Ирак пен Сирияның бірнеше аудандары аумағын қамтыған бұл ұйыммен шектеспесе де «Ислам мемлекеті» жалпы әлемдік қауымдастық үшін де үлкен қауіп төндіріп отыр. Үлкен қор базасы, елеулі күш құрылымдары және қаржылық әлеуеті бар содырлар қатары негізінен ТМД елдерінен шыққандардың есебінен көбейіп жатыр.

Бұған қарсы арнайы қызметтер мен ТМД елдерінің қауіпсіздік органдары азаматтарымыздың Сирия мен Ирактың аудандарын жаулап алған «ИМ»-ға шығуына жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізуде.

ҚР ҰҚК төрағасы қазақстандықтарды «ИМ» ұйымының ықпалына түсірмеу амалдарымен күш құрылымдары ғана емес, сонымен бірге басқа да мемлекеттік органдар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар айналысып жатқанын атап өтті.

Енді мынаған назар салыңыз, жыл сайын терроризм индексін жариялап отыратын британдық «Maple Croft» компаниясының мәліметтері бойынша Гренландия мен Антарктиданы есепке алмағанда, әлемде терроризм қаупі төніп тұрмаған бірде-бір ел жоқ.

Бұл жіктеу бойынша Қазақстан терроризм қаупі төмен елдер қатарына жатады және көптеген еуропалық елдермен бір деңгейде орналасқан. Ал Ұлыбритания, Франция, Испания және АҚШ секілді елдерде қауіп-қатер деңгейі айтарлықтай жоғары. Бірақ, бұл көрсеткішпен көңіл семіртуге болмайды. Терроризмнің қауіп-қатері ортақ екенін түсінгеніміз жөн.

Сонымен бірге терроризм қаупін дұрыс бағаламай, оны елемей, олардан төнер қауіпті жоққа шығару дұрыс емес. Бірақ терроризмді асыра бағалап, үрей мен қорқыныш ұялатып, қоғамдық әсерін күшейту арқылы террористерге қолдау көрсетуге тағы болмайды. Себебі, кез-келген теракт ең алдымен, кең ақпараттық әсерге есептелген. Терроризм, экстремизм сияқты қауіп-қатерге төтеп беріп, тиімді қарсы тұрудың ең басты шарты – қоғам мен биліктің өзара келісімі, ұлттық бірлік. Лаңкестікпен ондаған жылдар бойы күресіп келе жатқан басқа елдердің тәжірибесінен байқағанымыз – бірлігін шайқалтып, іштей бөлінген мемлекет жеңіледі. Сондықтан қазіргі заманның сынақтары мен қатерлеріне қарсы тұру үшін – ең алдымен, қоғамның жіктелуіне, бөлінуіне жол бермеген жөн.

М. ӘБДІРАХИН.


ҚОҒАМ 25 қараша 2014 г. 1 090 0