Мемлекеттің басты байлығы – адам десек, дені сау адам ғана ел қазынасы, ұлт болашағы бола алатыны белгілі. Бүгінде дерттің түрі көп. Заман жақсарып, техника дамып, мүмкіндіктер молайып жатса да, көбісінің дауасын таба алмай дал болудамыз. Солардың бірі – Вич/Спид ауруы.
ХХ ғасырдың індеті атанған Вич/Спид, яки, адамның иммунитет тапшылығының вирусы және жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромы төңірегіндегі қорқыныш уақыт өткен сайын үдей түсуде. Емі табылу былай тұрсын, жыл сайын оның шырмауына миллиондар шырмалуда. Өрімдей жастар, неше бір тағдырлар тажал құрбанына айналу үстінде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, осы күнге дейін 40 млн-дан астам адам ЖИТС ауруын жұқтырған. Көбінесе бұл дертке 20 мен 49 жас аралығындағы жандар шалдығады екен. Ендеше, атынан адам үркетін тажал тарихы қайдан басталған? Жалпы, емі жоқ дерт туралы не білеміз?
Мәліметтерге жүгінсек, ЖИТС (СПИД) ауруының алғашқы оқиғасы 1981 жылы АҚШ-та гомосексуалистер арасында тіркелген. Алғашқы жылы жеті адам тіркелсе, келесі жылы олардың саны 166-ға жеткен, әрі қарай ауру көрсеткіші жарты жыл сайын 2-3 есеге көбейе бастайды. Мәселен, 1984 жылы ауруға шалдығушылар саны 7000 болса, 1985 жылы бұл көрсеткіш 20 мыңға бір-ақ секіріп, олардың 50 пайызы «о дүниелік» болып үлгереді. 1982 жылы алғаш рет СПИД термині пайда болды. 1983 жылы француз Люком Монтанье мен американдық Роберт Галло ауру қоздырғышы туралы мәлімет айтып, оған Вич деген атақ тағылды. Ал, 1986 жылы бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы СПИД ауруына төмендегідей түсінік берді. Бұл ауру адамдардың НІV вирусы жұғуынан ағзада туатын иммунитет функциясының кемдік ауруы, әсіресе, жасушаның иммунитет қызметінің бүлінуі, Т4 лимфа жасушасының азаюын негізгі белгісі еткен жалғасты инфекциялану болып табылады. СПИД-тің жұғу жолдары да әртүрлі. Солардың ішінде жыныстық қатынас арқылы жұғу ең басты жұғу жолы болып табылады. Сонымен бірге қан арқылы да тарайды. Яғни, СПИД ауруының вирусы бар кісілердің қаны арқылы немесе қан жасамаларын құюдан, сондай-ақ, анадан балаға жұғады. нақтырақ айтқанда, СПИД ауруымен ауырған немесе тасымалдаушы жүкті әйел індетті іштегі балаға жұқтырады және балаға ана сүтімен беріледі.
Міне, ғасыр тажалы саналатын бұл сырқат бүгінде барлық елдің үрейін ұшырып отырған басты медициналық, әлеуметтік әрі саяси мәселе екені белгілі. Ұлтының болашағын, елінің ертеңін ойлаған мемлекет ең алдымен тұрғындарының саулығына алаңдамақ. Себебі, дені сау адам ғана жарқын болашақ иесі бола алады. Біздің елімізде де қазақстандықтар денсаулығын қорғау мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, соның негізінде көптеген ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, бүгінгі таңда жүргізіліп жатқан «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басты бағыты қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұлғайту екені белгілі. Бұл орайда, әрине, СПИД дертіне қатысты да бірқатар шаралар бар. Аталған аурудың алдын алу бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жетерлік. Десек те, мамандар біздің елімізде АИТВ жұқпасының індеттік ахуалы жылдан жылға күрделеніп бара жатқандығын айтып дабыл қағуда. Деректерге сүйенсек, Қазақстан республикасында бірінші АИТВ жұқпасы 1987 жылы тіркелген. Оның таралу деңгейінің ең жоғары көрсеткіші Алматы қаласының (201,8) үлесінде болса, ізінше Павлодар (170,1) және Қарағанды (141,2) облыстарында тіркелген. Соңғы мәліметтер бойынша ТМД елдері арасында 5 орында тұрған біздің мемлекетте 20509 адамнан аталған ауру жұқпасы анықталған. Тіркелгендердің 61,5 пайызын инъекциялық есірткі тұтынушылар, 32,4 пайызын жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар құрап отыр. Ауру жұқтырғандардың 42 пайызы 20-29 жастағылардың үлесінде. Сондай-ақ, ер адамдардың үлесі әйелдерге қарағанда 2,5 есе жоғары болуда. Тағы бір айта кететін жайт, аталған дерттен қайтыс болғандар саны республика бойынша 1802 болса, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны 83-ке жеткен. Қазіргі кезде республикамызда ЖИТС-тен қорғану жұмыстарын атқаратын 18 орталық, 64 зертхана бар. Олардың жұмыс бағыттары біріншіден, вирус жұқтырған адамдарды іздестіру болса, екіншіден, науқасты дәрігерлік бақылауға алып, вирустың әрі қарай дамуына жол бермеу.
Жаңа айтып өткен көрсеткіштерде біздің өңіріміздің де өз «үлесі» бар. Яки, дүниежүзін жайлаған дерттен өзге аймақтар секілді Сыр елінің де сырт қалмай отырғанын сала мамандары жасырмайды. Осы орайда «ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес» жөніндегі облыстық орталығы қызмет көрсетуде.
1992 жылы негізі қаланған бұл орталықта үш бөлім, атап айтқанда, емдік көмек, эпидемиологиялық бақылау және зертхана бөлімдері жұмыс жасауда. Сонымен бірге, Қазалы және Шиелі аудандарында орталықтың филиалы жұмыс жасайды. Онан өзге психологиялық көмек көрсететін кабинеттер бар. Орталық мамандарының мәліметтеріне сүйенсек, Қызылорда облысында АИТВ инфекциясының алғашқы оқиғасы 1990 жылы тіркелген болса, қазіргі таңда дерт жұқтырғандардың жалпы саны 83-ке жеткен. Қайтыс болғандардың саны - 14 болса, оның төртеуінің ажалы СПИД-тен болған. Ағымдағы жылдың тоғыз айында 9 адам тіркелген. Оның 20 -29 жас арасындағысы – 3, 30-39 жас арасындағысы – 1, 40-49 жас арасындағысы – 3 болса, 50-59 жас аралығындағы –1, 60 жастағысы – 1.
– Өткен жылы түрменің жабылуына байланысты науқастар саны азайды. Алайда соңғы жылдары індетке тап болғандардың жасарып бара жатқаны бізді алаңдатады, яғни аталған ауру жастар арасында кеңінен етек алуда,– дейді орталықтың эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Дина Қарымсақова бізбен әңгімесінде. Сонымен қатар, инфекция жұқтырған әйелдердің көбісі бала туу жасындағы қыз-келіншектер екен. Олай болса, бұл да болашағын ойлаған, кемел келешек көксеген ел үшін өте өзекті мәселе, тіпті қорқынышты жағдай екені айтпаса да түсінікті.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, АИТВ/ЖИТС аурулары жыл өткен сайын белең алып, оны жұқтырушылар саны кемігені былай тұрсын, асқан жылдамдықпен артып отырғаны дерек көздерінен белгілі болуда. Себебі, дерттің нақты дауасы әлі күнге дейін табылмай отыр. Сондықтан мамандар алдында тұрған нақты міндет аурудың алдын алу, оның адам өміріне келтіретін қасіретін, кері әсері мен зиянын тұрғындар арасында түсіндіріп, аурудан сақтануға үндеу болып табылады. Осы мақсатта орталық мамандары түрлі бағыттарда жұмыстар атқаруда. – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымына сәйкес бұл індеттің алдын алу шаралары негізінен төрт бағытта жүргізіледі. Біріншіден, жыныстық қатынас арқылы таралудың алдын алу. Әрине, жыныстық қатынасты шектеу немесе оған тыйым салу мүмкін емес, сондықтан біз ең алдымен сақ болуды насихаттаймыз. Жыныстық жолмен берілетін жұқпаларды анықтау мен оны емдеу маңызды рөл атқарады,– дейді Дина Смағұлқызы. Бұл орайда мекемеде «Достық» кабинеті жұмыс жасайды екен. Онда өз еркімен келген жастар мен халықтың АИТВ жұқтыруға бейім осал топтары тексеріледі және олардың белгілері болғанда тегін ем алады. Инфекцияның алдын алу үшін егетін вакцина болмағандықтан тұрғындар арасында санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізу, басқа да түрлі шаралар өткізу жоспарланған.
Екінші бағыт бұл – қан арқылы таралудың алдын алу. Бұл бойынша ең басты жұмыстардың бірі инъекциялық есірткі тұтынушылар арасында шприц алмастыру немесе мінез құлқы қатерлі топ өкілдері арасында «Зияндылықты сейілту» бағдарламасы жүзеге асырылады. Осы топтар үшін орталықта «СПИД-Көмек-Қызылорда» қоғамдық бірлестігі, бір стационарлық және жылжымалы сенім пункттері қызмет көрсетуде. Үшіншісі, анадан балаға берілудің алдын алу. Екіқабат әйелдерді екі реттен АИТВ-ға қарсы тексеруден өткізу, жұқтырған жүкті әйелдерді дер кезінде «Д» есепке алып, профилактикалық ем жүргізу, туылған балаға да профилактикалық ем жүргізу шараларын қолдану. Соңғысы, АИТВ жұқтырғандарға білікті медициналық көмек, әлеуметтік қолдау көрсету.
Жоғарыда біз аурудың негізгі үш түрлі жұғу жолы бар екенін айтып өттік. Жасыратыны жоқ, көпшілігіміз аталған ауру жайында естігенімізде науқасқа жолап кетсек болды ауруы жұғып қалатындай үрке қараймыз. Осыған орай пікірлер де екіге жарылады. Біріншісі, мұндай науқастарды қоғамнан аластап, оңаша ұстау керек десе, екіншісі, керісінше, ондай адамдарды қайта ортаға тартып, бөле жармай, өзгелермен тең көру керек дегенді айтады. Әрине, ешкім ауруды тілеп алмайтыны белгілі. Сондықтан бұған да түсіністікпен қарап, мүмкіндігінше қол ұшын созу керек сияқты. Өйткені, ЖИТС ауруы күнделікті қарым-қатынаста, атап айтқанда, жөтелу, түшкіру, қол алысу, сүйісіп сәлемдесу, ортақ ыдыспен тамақтану арқылы жұқпайды. Мамандардың айтуынша, науқасқа шалдыққан адамда алғашқы мезгілде үнемі себебі белгісіз қызу болып, басы айналып ауырады. Сонымен бірге буындары қақсап ауырады, теріге бөрітпе шығады. Бүкіл дене бездері ісініп, адамның іші өтіп, арықтай бастайды. Ағзадағы ақ клетка төмендейді, лимфа клеткасы, қан пластинкасы азаяды, ауыз қуысында ақ дақ пайда болады. Оған қоса жүйке жүйесінің қызметтері бұзылып, тепе-теңдік сақтау қабілетінен айырылады. Міне, бұл өзгерістердің бәрі аталған аурудың алғашқы әрі негізгі белгілері болып табылады. Дәрігерлер қазіргі таңда АИТВ жұқтырғандарға жоғары активті антиретровирусты ем қолданылатынын айтуда. Ем арқылы науқастың ағзасында вирустың көбеюі тежеледі, аурудың өршуі тоқтайды. Соның нәтижесінде АИТВ жұқтырғандардың өмір сүру мүмкіндігі жақсарады, өмір жасы ұзарады.
Халық даналығында «ауырып ем іздегенше ауырмаудың жолын ізде» деген әдемі нақыл бар. Сондықтан да аурудың алдын алып, онымен күресу басты мақсат. Бұл орайда түрлі шаралар ұйымдастырып, өткізу жолға қойылған. Мәселен, 1 желтоқсан – дүниежүзілік ЖИТС-қа қарсы күрес күні деп белгіленіп, осының аясында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы бағдарламалары бар. Жалпы, БҰҰ-ның бас ассамблеясының 2011-2015 жылдарға арналған АИТВ/ЖИТС-тың алдын алу бағытында қабылданған декларациясында көптеген жаһандық міндеттер атап көрсетіліп, оны жүзеге асыру тапсырылған. Ондағы басты міндеттің бірі жаңа АИТВ инфекциясын болдырмау. Бүгінгі таңда біздің елімізде де аталған індеттің алдын алу үшін білімді мамандар, дәрі-дәрмектер, құрал-жабдықтар жеткілікті. Алайда, ғасыр тажалына қарсы тұруға байланысты тұрғындардың білімін көтеріп, олардан аулақ болуға арналған ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жандандыру мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек. Мамандардың мәлімдеуінше, осы бағытта жасалып жатқан жұмыстар бойынша біздің облыста оң нәтижелер қалыптасуда. Мәселен, АИТВ инфекциясының індеттік ахуалы аймақта тұрақты түрде бастапқы сатыда қалса, облыста соңғы бес жылда тұрғындарды тестілеу, мінез-құлқы қатерлі топ өкілдерінің профилактикалық бағдарламамен қамтылу көрсеткіштерінің өсу үдерісі байқалуда. Сонымен қатар, инъекциялық есірткі тұтынушылар арасында АИТВ жұқпасының таралуын 6 пайыздан асырмау керек болса, облыста бұл көрсеткіш 1 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ, әртүрлі топ өкілдерінің аталған індет жөніндегі ақпараттану деңгейі соңғы бес жылда төмендегідей болған: мектеп оқушылары 78 пайыздан 90 пайызға; колледж студенттері 83-тен 91; жоғары оқу орындарының студенттері 83-тен 92 пайызға жетсе, мұғалімдердің ақпараттану деңгейінің 87 пайыздан 95 пайызға өскені байқалуда.
Айта кететін бір нәрсе, біз әңгіме етіп отырған АИТВ/ЖИТС ауруларының вирусы нақты қайдан, қалай келгені жөнінде мәліметтер өте көп, патогенезінде де көптеген қарама қайшылықтар бар, сол секілді клиникалық даму барысында да түсінбейтін дүниелер баршылық. Бізге белгілісі, жоғарыда айтып өткеніміздей, осы уақытқа дейін ағзаны вирустан толық тазартатын дәрілердің, алдын ала егетін вакцинаның әлі күнге дейін шығарылмай отырғаны, Олай болса, «ғасыр тажалымен» күресу бір ғана мекеменің ісі емес, бұл бүкіл әлем жұртшылығының жұмыла істейтін ісі екені белгілі. Ал, «сақтансаң, сақтаймын» дегендей, қарапайым тұрғын үшін ең бастысы осындай қауіпті індеттің бар екенін естен шығармау.
Айнұр БАТТАЛОВА.