« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Халық қалаулыларының елмен етене араласып, тұрғындар арасында талай-талай түйткілді мәселені шешудегі еңбегін айрықша айту ләзім. Солардың бірі – Қазалы аудандық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Құлпыбай Ысқақ.
Бас дәрігердің өкпе дертіне байланысты айтқан құнды лебізін шашау шығармай зердеме құйып үлгеруге тырыстым. Сырқаттың бұл түрі төрткүл дүниенің назарын өзіне аударып тұрғаны ақиқат. Алғашқы белгілері байқалғаннан дәрігерге көрінсе құлан-таза жазылуға болатынын сала мамандары дәлелдеп жүр.
Еліміздегі барша диспансерлер тәрізді Қазалыда да туберкулезбен күресу жолға қойылған. Атқарылатын жұмыстар бірнеше процесс бойынша жүзеге асуда. Диагностикалау, туберкулезді анықтау мақсатында бактериоскопиялық зертханалық бинокулярлы микроскоптармен, рентген-сәулелік кабинеттер флюроқондырғылармен, жылжымалы флюроаппараттармен қамтамасыз етілген. Емнің сүйемелдеу кезеңінде дәріні бақылап ішкізу үшін қадағалап емдеу пункттерінде арнайы дайындықтан өткен химизаторлар еңбек етеді. Тұрғындардың, науқастардың арасында санитарлық ағарту жұмыстары мекеме мамандары, жалпы емдеу қызметкерлері салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен бірлесе жүзеге асады.
Келесі кезекте Құлпыбай Ысқақұлы диспансердің бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігіне кеңінен тоқталды. Диспансер ғимараты құны 870 млн. теңгені құрайтын типтік жобадағы 100 төсек орынға арналып салынған-ды. Үкімет қаулысымен облыс көлеміндегі туберкулезге қарсы күресу ауруханалары науқастардың эпидемиологиялық статусына байланысты емдеуге бейімделгенінен оқырмандарымыз құлағдар шығар. Бұл қадам қазалылықтарды да айналып өтпеді. Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен аймақта диспансерлердің төсек-орындары қысқартылды. Соның салдарынан Қазалыдағы тубдиспансер де 25 орынға кеміді. Қазіргі сәтте мұнда арнайы дәрілерге сезімталдығы сақталған (дәрігерлердің термині бойынша БК+) Арал, Қазалы аудандарының сырқатқа шалдыққан тұрғындары емделеді. Диспансер бөлімінде баклаборатория, клиникалық лаборатория, рентген, флюрографиялық, жылумен емдеу, тағы да басқа кабинеттер бар. Диспансерлік есепке алынған науқастар, олармен қарым-қатынаста болғандар, манту сынамасы оң нәтиже көрсеткен балалар орталықтандырылған онлайн режиміндегі компьютерлік «Ұлттық регистрге» енгізіледі. Диспансерлік қадағалау, емдеу-бақылау процесі, есеп беру формаларының аталмыш жүйесімен орындалуының септігі мол екені даусыз.
Қазалы аудандық туберкулезге қарсы емдеу диспансері заманауи медициналық технологиялық жабдықтармен жасақталған. Бастысы бактериологиялық, клиникалық зертханалар еуропалық стандартқа сай келеді. Әсіресе, туберкулез таяқшасын көруге бинокулярлы микроскоптар арнайы қоректік ортаны инактивациялау аппараты, зертханалық жұмыстарға арналған қауіпсіз шкафтар, қанның автоматты биохимиялық анализаторы, сандық аз дозалы флюграф «НП-0» еңбек өнімділігінің шынындай.
Диспансерде жылумен емдеу бөлмесі сырқаттардың көңілінен шығып отыр. Жоғары санатты мейіркеш Клара Смағұлға көпшіліктің айтар алғысы шексіз. Емдеу бөлмелеріндегі электрофарез «Паток-1» аппараты буын, жүйке ауруларына, бүйрек, құлақ, мұрын қабынуларына әртүрлі дәрілік ертінділерді тұрақты тоқтың көмегімен жібереді. Сондай-ақ, амплипульс буын, бұлшық еттерінің тартылуына, жүйке жүйесінің жансыздануы сынды ауруларға қарсы ем қолдануға арналған.
– Қоғамның басты байлығы адам. Табиғаттың қымбат қазынасы тән саулығын оңалту мәселесінде ұсақ-түйек нәрсе кездеспейді. Біздің ұжымның қағидасы сырқаттарға шипалы ем дарыту. Диспансерге мұңайып келген жан кеселінен айығып, жанұясымен аман-есен қауышуын тілейміз. Тындырылған тірліктер баршылық. Өткен жылдармен салыстырғанда туберкулез ауруы біршама азайды. Ағымдағы жылдың он айында өлім-жітім болған жоқ. «Жол картасы» бағдарламасымен амбулаториялық этапта сүйемелдеу кезеңінде мультирезистенті түрімен ауыратындарға 8 млн. 611 мың теңге бөлінді. Қаржы игерілу үстінде. Осы бағдарлама негізінде 5 төсектік күндізді стационар ашылды. 75 науқас симптоматикалық еммен, бір мезгілмен ыстық тағаммен қамтылуда. Бұл дерт балаларға өте қауіпті. Алғашқы рет нәресте туберкулезге (БЦЖ) вакцинасымен перзентханада егіледі, – дейді Қазалы аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері, облыстық мәслихат депутаты Құлпыбай Ысқақ.
Ел саулығын қорғаудағы мәселелер халық қалаулысының ұдайы назарында. Сессияларда депутат ретінде тұрғындар денсаулығына қатысты проблемаларды ұдайы қозғап келеді.
Және білгеніміз, республика көлемінде жаңа әдіс «Диаскинтест» қолдануға ұсыныс беріліпті. Бұл тәсіл Ресейде кеңінен пайдаланып келген болатын. «Диаскинтест» арқылы гиперрергиялық нәтижелер көрсеткен контигенттік дерт ерте кезеңде анықталады. Бұл реакцияның манту сынамасынан ерекшелігі туберкулез жұқпасын жұқтырған яғни оң нәтиже берген балаларға жүргізіледі. Бұл Қазалыда маусым айынан бастап егілуде. Аурухананы сүт, нан, ет, айран өнімдерімен «РЗА» АҚ үзіліссіз қамтамасыз етеді. Науқастардың бос уақыттарын қызықты өткізуі үшін дойбы, шахмат ойнауға бөлме қарастырылған. Кітапхана жұмыс жасайды. Еңбекпен емдеу терапиясы кезінде науқастар ауладағы жер учаскелерін көгалдандыруға қызметкерлермен бірге белсене атсалысады.
Тұрғындар денсаулығын нығайту елімізде күн тәртібіне тұрақты қойылған. Қазақстан халқының өмір сүру ұзақтығын арттыру, ана мен бала денсаулығын қорғауды басты мақсатқа айналдырған тұжырымдамалар соның айғағы.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |