Дағдарыстың ең қауіптісі – саяси, экономикалық, әлеуметтік дағдарыс емес, рухани дағдарыс. «Қатарынан 40 жыл соғыс, 40 жыл аштық болмайды» деген халқымыздың басындағы бүгінгі күнгі экономикалық, тұрмыстық қиындықтар әлі-ақ өтеді.
Түптің түбінде жамау жаңарады, жара жазылады, өкпе басылады, көйлегіміз көк, тамағымыз тоқ болады, аштан өлмеспіз, көштен қалмаспыз. Ал бүгінгі қазақтың қайғы-қасіреті, трагедиясы рухани дағдарыс, рухани азғындау, адамдарды аздырып, тоздыруда, барлық адами, қазақи қасиеттерді құнсыздандырып, жақсылық атаулыдан жұрдай қылып, адамды құлқынның, нәпсінің құлақ кесті құлына айналдырып барады.
Мал құлағы сауыр. Қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған, адам есітіп, көз көрмеген, кісінің жанын түршіктіріп, иманын бір уыс ететін жабайы, жат, өрескел, теріс, өзіміз түгілі «итімізге ар, мысығымызға намыс» боларлық масқара жайттар, көріністер, әрекеттер кеңінен етек алуда.
Қазіргі заманда ұрлық-қарлық, зинақорлық, нашақорлық, маскүнемдік, жезөкшелік, өтірік-өсек, көзбояушылық, әділетсіздік, ретсіздік, жөнсіздік, қатыгездік, заңсыздық, алдау-арбау, зорлық-зомбылық, сыбайластық, жемқорлық, жікшілдік, жершілдік, рушылдық, топшылдық, қаншылдық, имансыздық, ұятсыздық, геометриялық прогреспен өсуде.
Аса қауіпті де, қайғылы да, қасіретті де жағдай әрбір ата-ананың бауыр етінен жаралған балаларының әке-шешелерін бақпай-қақпай қарттар үйіне апарып тастауы, сондай-ақ тірі әке-шешелері бола тұра балаларын жетімханаға апарып тастауы немесе тіптен көшеге тастап кетуі секілді санамызға сыймайтын, ойымызға орнықпайтын оғаш оқиғалар жиілеп барады.
Елімізде 66 қарттар үйінде 7747 панасыз қария өксігін жұтып, өлместің күнін кешуде. Олардың қатары бір жылда 2387-ге өскен. Басқа түгілі өзінің ең жақыны, ең жанашыры өзіне өмір сыйлаған әке-шешесіне, бауыр етінен жаралған баласының осындай сатқындық жасауы келешек ұрпақ, халық, қоғам, мемлекет үшін аса зор қауіпті құбылыс.
Қазақстанда 1990 жылы 41 жетім балалар үйінде 4700 бала тәрбиеленсе, қазір 65 балалар үйінде 10961 жетім балалар тәрбиеленуде, бұл барлық балалардың 12 пайызы. Республикада 46 мың жетім бала бар, оның 37 мыңы жеке адамдарға асырауға берілген, 8 мың бала 25 шет елге сатылып кеткен. Барлық жетім балалардың 70 пайызының әке-шешелері тірі, 30 пайызының әке-шешелері жоқ.
2005-2009 жылдар аралығында дүниеге келген 352 мың 400 баланың 21,8 пайызы некесіз туған балалар. Еліміздегі 5 млн. баланың 17 мыңы жағдайы төмен отбасыларында тәрбиеленуде. 11 мың бала ішкі істер органдарында тіркеуде тұрады, жылына 10 мың қаңғыбас бала есепке алынады.
Оның үстіне 30 мың сенімсіз, келешегі жоқ отбасыларында 2 баладан, барлығы 60 мың баланың өмірі, келешегі бұлыңғыр. Дүниеге келген балалардың 40 пайызы ауру, жастардың 80 пайызы әскер қызметіне жарамсыз. Әрбір жүз мың жастың 62-сі, жалпы 20 000 адам ВИЧ ауруымен ауырады. Баланың бір тамшы көз жасы әлемнің бар құндылықтарынан артық.
Еліміздің иесі де, киесі де жастарымыздың жағдайы осындай болғанда біздің келешегіміз, болашағымыз қандай болмақ?
Бүгін туған әке-шешесін, баласын айдың күні аманда, ел аман, жұрт тынышта қысылмай-қымтырылмай, қиналмай сатқан адам, ертең халқын да, елін де, жерін де, отанын да ойланбай сатпасына кім кепіл?
Мұндай жауыздық пен безбүйректікті, қатыгездік пен имансыздықты әлемдегі бірнеше жүздеген ұлттардан, ұлыстардан тіптен аң-құс пен жан-жануарлардан да кездестіре алмайсың.
Тарихта анасының алдындағы бір абайсыздағы ағаттық қылығы үшін текті айғыр жардан құлап өледі, балапанын қорғаймын деп торғай екеш торғайда әбжыланның аузына өзі барып түседі, қарлығаш та анасынан бір-екі бұтаққа төмен отырады. Өмірдің, тіршіліктің, жаратылыстың құдіретті, қасиетті, киелі заңы, ұлы махаббаты осындай. Соның арқасында табиғат, тіршілік өмір өзінің жарасымды жалғасын тауып келеді.
Қазақстан маскүнемдіктен әлемде 8-ші орынды алады, Ресей 22-орында, арақ ішуді орыстардан үйрендік деп жүріп, қалай озып кеткенімізді өзіміз де байқамай қалыппыз. Алкоголизмнің қауіпті шегі жылына адам басына 8 литр таза спирт ішу болса, бізде бұл көрсеткіш 12 литрден келеді екен. 11-24 жастың арасындағылардың 80 пайызы, ауылдағылардың 90 пайызы ішімдік ішеді. Бізде еркектердің 65-70 пайызы, әрбір екінші әйел арақ ішеді, темекі шегетін жастардың саны үш есе, халықтың темекі пайдалану көлемі 4 есе өскен. Ел бойынша наркологиялық мекемелерде 235436 адам маскүнемдік дерті бойынша есепте тұр. Әрбір 100 мың адамның 144-і маскүнем. Балалар 12 жасынан сыра, 14-15 жасынан шарап, 16 жасынан арақ іше бастайды.
Бұзақылық, ұрлық-қарлық, әйел зорлау, адам өлтіру бойынша қылмыстың 40 пайызы маскүнемдердің үлесіне тиеді. 2007-2010 жылға дейін арақ ішетін жастардың саны он есе, маскүнем жастардың саны екі есе өскен.
Қазақстанда 5 млн. отбасы бар, оның ішінде 3-4 адамнан тұратын отбасылар 70 пайыз, бес адамнан артық отбасылар 26 пайызды құрайды. Он адамнан артық мүшесі бар отбасылар небәрі бір-ақ пайызды құрайды.
Қазақстанда соңғы бес жылда (2005-2009жж) некеге тұрғандар саны 683 мыңға жетсе, 179 800 ажырау тіркелген. Яғни, некеге тұрғандар 14,4, ал ажырасушы жұптар 21,6 пайызға жеткен. 2008 жылы жүз отбасының 26-сы ажырасқан. Ажырау көрсеткіші қалада ауылдағыдан үш есе көп.
Отан от басынан басталады десек, бізде әрбір төртінші отбасы ажырасуда, әрбір тоғызыншы отбасы толық емес.
Толық емес отбасы 487 мың 100 болса, жеке басты әйелдер саны – 444 мың 800, жеке басты еркектер саны – 42 мың 300, 360 мыңның үстінде кәрі қыздар бар.
1999 жылы ЗАГС босағасын аттамаған жігіттер – 29 пайыз, қыздар – 22 пайыз, жесірлер – 15 пайызды құрайды.
Қазақстанда 300 мыңның үстінде наркомандар бар, соңғы 15 жылда олардың саны 10 есеге, жастар арасында 18 есеге өскен, оның сыртында есепке алынбағандары қаншама десеңізші?! Әрбір нашақор бір жылда осы қауіпті індетке 13-15 адамды тартады екен. Нашақорлардың қатарында 1670 жасөспірімдер бар.
Соңғы жылдары елімізде жеткіншектердің өздеріне қол жұмсап, туыстарын да, бүкіл қоғамды да дүр сілкіндіруі белең ала бастады. 100 мың адамға шаққанда: бірінші орында Латвия – 96-99, екінші орында Венгрия – 88, үшінші орында Қазақстан – 53.
Жастарымыздың өзіне-өзі қол салуы – бүгінгі күннің ең басты, ең өткір, ең өміршең күрделі проблемасы.
Жер жүзінде әрбір 20 секунд сайын өзіне-өзі қол салса, әр екі секунд сайын өзіне-өзі қол салуға ұмтылады екен. Соңғы он жылда осы дерт үш есеге артқан. Мұсылмандар арасында бұл ауруға шалдыққандар өте аз. 100 мың адамға шаққанда бұл көрсеткіш мұсылман елдерінде – 10, Европада – 11, Қытайда 25-26, Қазақстанда – 30.
Статистика бойынша әлемде жыл сайын шамамен бір миллиондай адам өзіне-өзі қол жұмсап, 20 миллиондай адам өзін-өзі өлтіруге әрекет жасайтын көрінеді. Ал Қазақстан өкінішке орай, өзін-өзі өлтірушілердің саны жағынан әлемде үшінші орынға, тіпті қыз балалар жағынан бірінші орынға шығыпты. Жылына 4000 адам асылып өледі, көбісі жастар.
Өзіне-өзі қол жұмсау ісі, көбінесе, үмітсіздіктен, мақсатсыздықтан, келешекке деген сенімсіздіктен, жан тынышсыздығынан, төтенше қиындықтан, тығыраққа, тұйыққа тірелуден, тарығу мен торығудан туындайды.
Бұл проблеманың оң шешімін ислам дінінен іздеген дұрыс. Мейлі ол әйел болсын, еркек болсын, кәрі болсын, жас болсын, әрбір адам қадірлі және құрметті, әлемде теңдесі жоқ құндылық, құбылыс.
Демек, адам өз өмірін оп-оңай қия салатындай сұраусыз, іздеусіз бостан-бос жаратылыс емес.
Ислам қағидалары тұрғысынан алғанда өзі-өзі өлтіру кешірілмейтін күнә. Өмір деген Алланың адамға берген сыйы, ұлы аманаты.
Соңғы жылдары 2 мыңнан астам қазақ қыздары шет елге тұрмысқа шықса, өз елдерінде басқа ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығып жатқан қазақ қыздарының есебі жоқ. Қазақ қыздары бүгінде әлемде мазақ қыздарына айналды, бір ғана Алматының өзінде 25 мың қыздар жезөкшелікпен айналысады, есепке алынбағаны қаншама?
Қазіргідей жаһандану заманында біздей ат төбеліндей аз ұлттар үшін бұл өте қауіпті процесс.
Тәуке ханның «Жеті жарғысында» әрбір ұлттың, әрбір адамның тегі, қаны, жаны, тәні, ары таза, жүрегі мейірімді, иманды, ұлтжанды, парасатты туған халқының лайықты азаматы болып өсуі үшін аралас некеге тыйым салынсын, өйткені есек пен байтал шағылысып, дүниеге қашыр келеді. «Ол төрт түлікке жатпайды, өспейді, өнбейді, иттің күнін кешеді, өлгеннен кейін оның етін ит те, құс та жемейді» делінген.
Аборт – ғасырлық қылмыс. Қазақстанда жылына 300 мың әйел баласын жасанды жолмен алып тастайды, 10 мың жасы кәмелетке толмаған қыздар екіқабат болып, оның 5000 мыңы аборт жасатуда. Ең сұмдығы еліміз бойынша тұрмыс құрмаған жас қыздардың 70 пайызы «теңін» төсекте тауып үлгерген.
Бұл көрсеткіш Еуропа елдерінен үш есе, Өзбекстаннан бес есе көп. Ал ана құрсағындағы кеудесінде жаны бар шарананы кесіп, бөлшектеп алып тастау – күнәнің күнәсі, қылмыстың қылмысы, қатыгездіктің қатыгездігі.
Бір әйел жасанды жолмен 28 түсік жасатқан. Бұл не деген сұмдық?!
Бұл адам өлтіруден де ауыр қылмыс. Адамға өмірді Алла тағала сыйлайды, өзі береді, өзі алады, басқа ешкімнің де құқы жоқ.
Баланы қасақана алдырып тастаудың және жыныстық жолмен жұғатын аурулардың салдарынан жұбайлардың 17 пайызы бедеулікке ұшырайды екен. Жасанды түсік жасатқаннан кейінгі жүктілік ана жатырындағы баланың өсіп-жетілуін 3,7 есеге дейін азайтып жібереді. Ондай жағдайда нәрестелердің әрбір үшіншісі жеңіл салмақпен дүниеге келсе, 77 пайызы анемия дертіне шалдығады екен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын 80 млн.-ға жуық әйелдердің жоспарсыз жүкті болатынын, оның 20 миллиондайы өз баласына өзі үкім кесетінін жариялады. Шамамен 68 мың ана аборт кезінде көз жұмады екен. Мұсылмандық дінімізде құмырсқа екеш құмырсқаны да өлтіруге рұқсат етілмейді.
«Жарлылықтан балаларыңды өлтірмеңдер, сендерді, оларды біз ризықтандырамыз» дейді «Әнғам» сүресінің 151-аяты.
Әлемнің 27 елінде жасанды түсік жасауға рұқсат етілмейді, 15 елде ананың өміріне қауіп төнгенде ғана рұқсат етіледі. 1524 жылы Англияда, арада тоғыз жыл өткесін Германияда, тура қырық жылдан соң Францияда, 1649 жылдан бастап бір ғасыр бойы Ресейде жасанды түсік жасаған аналар өлім жазасына кесілген.
Қазіргі уақытта халқымыздың жармысынан көбін әйелдер құрайды. Ер адамдар әйелдерге қарағанда он жас кем жасайды, жүрек ауруынан 3,5 есе көп өледі.
Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы 25 мың ер адамды тексеруден өткізген.
Әрбір екінші еркектің «жеке» өмірінде қиындықтары, әрбір үшінші еркектің ұрпақ жалғастыруға қабілетсіздігі анықталған. Ал жартысына жуығының ағзасында түрлі жұқпалы аурулардың белгілері байқалған. Қазақстанда белсіз еркектер 50 пайызды құраса, бедеу әйелдерінің үлес салмағы да 50 пайыз.
1-16 жасқа дейінгі тексерілген 458 баланың 414-де, яғни, 90 пайызында патология табылған. Тек 44 баланың, яғни 9,7 пайызының дені сау болған. Мемлекеттің басты байлығы – дені сау адам. Осылай кете берсе, Тоқсанбай, Сексенбай, Жетпісбай түгілі Алпысбайға да зар болып, «әйелдерді бағыңдар, баптаңдар, еркектерді сақтаңдар» деп ұран тастайтын уақыт та қашық емес сияқты.
Қазір елімізде 46 конфессия, 4551 діни бірлестік бар. Тәуелсіздік жылдарында діни бірлестіктер саны 7 есе өсіп кеткен. Он бір пайыз қаракөз мұсылмандар басқа дінге өтіп кеткен. 39572 қазақ христиан, 2000 қазақ иудизм, 744 буддизм діндерін қабылдаған.
100 мыңның үстінде қазақ азаматтар ешқандай дінде жоқ.
Түрмелердің саны бойынша жан басына шаққанда Қазақстан дүние жүзінде үшінші орында. Түрмеде жатқандардың 80 пайызы 25-ке дейінгі жастар. Қазақстанда қылмыстың 7-8 пайызын әйелдер жасайды. Тек әйелдерге арналған бес түрме бар. Бірнеше жүз баллар түрмеде туып, түрмеде өсіп жатыр. БҰҰ статистикасына сәйкес 2011 жылы Қазақстанда 100 мың адамға шаққанда 11 кісі өлімі тіркелген. Бұл – азаматтардың өз ажалынан емес, кісі қолынан ажал құшу көрсеткіші. Ал Қытайда 100 мың адамға шаққанда бір-ақ кісі өлімі болады екен. Қазақстан адам өлтіру жөнінен Мадагаскар, Мозанбик, Того, Мали сияқты елдерден де асып түскен. Атып кетті, асып кетті, өртеп кетті, өлтіріп кетті дегендей суық хабарды күн құрғатпай есітетін жағдайға жеттік.
Қазақстанда жылына 100 мың адамға шаққанда 3000-4000 қылмыс жасалады.
Өткенде Президент республиканың барлық жоғарғы дәрежелі басшыларын жинап, қатты ренжіп, сынап: «Кез келгеніңді қолыңнан ұстап, сотқа апара аламын» деген болатын.
Кейінірек Қ.Қожамжаров: «Әрбір бесінші шенеунік сыбайлас жемқор» деп жарияға жар салды. Осындай жағдайдың өзінде сотталған адамдар түрмеде орын жоқтығынан кезекте тұр.
Елімізде жылына 157 мыңның үстінде адам өледі. Дүниеден өтіп жатқандардың орта жасы қырық тоғызда, өмір сүру жасы 69-да.
Қазақстанда аналардың өлімі Америкадан бес есе артық. Өлімнің көбеюінен, бала туудың төмендеуінен соңғы 30 жылда халқымыздың табиғи өсімі үш есе кеміп кетті.
Ең сұмдығы, ең сорақысы адамдардың жанының, тәнінің, балаларының, арының, намысының, жерінің, байлығының сатылуы.
Бұл дегеніміз – елдігімізді, халықтығымызды, бар қазақи қадір-қасиетімізді, болашағымызды түгел сату деген сөз. Қазақ қай заманда болмасын, 40 жыл қырғын болса да мұндай өрескел жағдайларға жол берген емес. Еліміз бен халқымыздың ары мен намысы деп жүрген көпшілік зиялылар зияндыға айналды, ел мен халықтың тағдырына жауап беретін басшылар жұмған аузын ашатын түрі жоқ, ештеңе болмағандай, ештеңе сезбегендей кейіп танытады. Ең қынжынарлығы, осының бәрін ойлайтын, ойластыратын, реттейтін, басқаратын, бақылайтын әрі ұлттың тағдырына жауап беретін, қолында билігі, байлығы барлардың көпшілігі сол ретсіз, жөнсіз, жосықсыз, көргенсіз, көсегесіз жұмыстардың қақ ортасында авторы да актері болып жүр. «Тоң жағадан тозады, ел, халық ағадан тозады» дегендей ағалардың да жетісіп тұрғаны шамалы.
Мұндай жаппай азғындау еш заманда, еш қоғамда, еш жерде, ешқашанда жақсылықпен аяқталған емес. Халқымыздың рухани жағынан осыншама азғындау қарқыны ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздігімізге қауіп төндірмесе болғаны. Осыншалықты зиянды, қайғылы, қасіретті, қауіпті жағдайлармен күресуде, алдын алуда, болдырмауда мемлекет тарапынан экономикалық, саяси, рухани, әлеуметтік, құқықтық, тәртіптік, тәрбиелік шаралар жеткіліксіз, пәрменсіз жүргізілуде.
Мемлекет, қазіргі қалыптасқан қоғамдық жүйе бұл тарихи, тағдырлы мәселелерді оң шешуде дәрменсіздік көрсетуде.
Біз социализмнің де, капитализмнің де ең нашар, ең зиянды жақтарын өзіміздің әдеттегі сенгіштігімізбен, көнгіштігімізбен, еліктегіштігімізбен, ергіштігімізбен, қойдан да жуас, қояннан да қорқақ мінезсіздігімізбен тез қабылдап алдық. «Ұлтты ұлт ететін оның мінезі» деп Т.Рузвельт бекер айтпаған ғой. Мінезсіз халық азусыз, алжыған арыстан сияқты.
Капитализм – азшылық көпшілікті қанап, құл ететін имансыз қоғам. Онда бәрі де сатылады, бәрі де сатып алынады. Комунистік қоғам да барлық жұртты жаппай теңестіреміз деген қиялдың құрбаны болды. Бұл екі идеология да біздің тарихи, мемлекеттік, ұлттық мүдде-мұраттарымызды, табиғи, дәстүрлі талаптарымызды қанағаттандыра, қамтамасыз ете алмады. Ендеше біздің қатерлі қарқынмен ұлтсыздануымызды, рухсыздануымызды, арсыздануымызды, имансыздануымызды, мейірімсізденуімізді, қатыгезденуімізді, азғындауымызды тексізденуімізді қандай күш, қандай құдірет, қандай идиеология тоқтатпақ?
Енді не істеу керек?
Бірінші кезекте: Бүкіл ел,халық, қазақ болып, басшымыз бен қосшымыз, үлкеніміз бен кішіміз болып жоғарыда айтылған, әлі де айтылмаған қауіпті індеттердің, оқыс оқиғалардың, теріс процестердің табиғатына, өсу қарқынына, салдарына жауапкершілікпен, жанашырлықпен, терең талдау жасап, жан-жақты ойластырылған батыл, жедел де төтенше, қатаң да қатал, аяусыз, ымырасыз кешенді шаралар қолдануымыз қажет.
Бүкіл қоғам болып азғындардың аяғының астында жер жанатындай жасауымыз керек. Егер шын жұмылса, оған қоғамның, халықтың күші де, құдіреті де, еркі де, жігері де жетеді.
Екінші кезекте: Осындай мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздігіңізге тікелей кері әсер ететін жағымсыз жағдайлардың пайда болып, қоғамда, адамдар арасында өрістеуінің алдын алатын, мүлдем болдырмайтын, тамырына балта шабатын ең қатал шешімдер қабылдап, заңдар шығарып, оның орындалуын мемлекет және бүкіл халық болып қамтамасыз ету керек.
Үшінші кезекте: Бұрын «ел болам десең, бесігіңді түзе» десек, енді «есігіңді де түзе», «терезеңді де түзе» дейтін жаһандану заманы туды. Бүкіл дүниежүзімен қатысатын, араласатын болдық. Қазір бүкіл әлемнің қалталылары, шетке шыққан шегірткелері, миссионерлері келіп, біздің ұлттық, рухани құндылықтарымыздың, қазақи қасиеттеріміздің күл-талқанын шығарып жатыр.
Сондықтан елімізге кімдер келіп жатыр, кімдер кетіп жатыр, неге келіп жатыр, неге кетіп жатыр, не пайдасы, не зияны бар? Осының бәрін мұқият таразылау, мүдделі бақылау, қатаң тәртіп орнату аса қажет-ақ.
«Терезеңді түзе» дейтініміз – сол арқылы елімізге қаншалықты тұрпайы мәдениет, теріс тәрбие, жат өнеге, жабайы үлгі, жағымсыз үгіт, кері насихат, зиянды идеология кіріп, санамызды улап жатыр десеңізші?!
Бұл да бір аса маңызды ұлттық мемлекеттік қауіпсіздігімізге тікелей байланысты кезек күттірмейтін, көкейкесті мәселелердің бірі.
Төртінші кезекте: Бізге мемлекеттік, ұлттық идеология қажет. Идеологиясыз іргелі мемлекет, қабырғалы халық болу мүмкін емес. Осы қыруар міндеттерді исламға негізделген идеология ғана атқара алады. Ол ұлттық идеологиямыздың сұранысын, мүдде-мұраттарын, мақсаттарын толық қамтамасыз етіп, мемлекеттік идеологияға негіз, өзек, арқау, темірқазық бола алады. Біздер үшін бұдан басқа тура, түзу, төте, таза, адал да дұрыс, ақ жол жоқ.
Идеология дегеніміз – сенім, сенім дегеніміз – дін, наным, мақсат-мұрат, тәрбие, темірқазық, қарақшы, компас, бағдаршам. Идеология – қалай өмір сүріп, қалай еңбек етеміз, біз кімбіз, қайдан шықтық, қайда барамыз, қалай, қашан барамыз деген сан алуан, сан қилы сұрақтарға жауап береді.
Ислам – ғылым, білім, мәдениет, өркениет, әдеп-ғұрып, салт-сана, байлам, түйін, шешім, махаббат. Бірақ келешекте қандай мемлекет боламыз, қандай халық боламыз, еліміздің иесі, жеріміздің киесі кім болады, әлемдік интеграция мен жаһанданудың құрбаны болып кетпейміз бе деген күдік пен күмән да жоқ емес.
Бесінші кезекте: Соған қоса, бізде жер, тіл, дін, отбасы, бала туу, адамдардың орта жасы, өлім, аналар мен балалардың жағдайы, ауыл, демография, ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздік, ұлттық ар, намыс, сана, саясат, экономика, әлеуметтік жағдайлар оң шешімін табуы керек.
Адамзат тарихында көптеген кіші ұлттар, ұлыстар тілінен, дінінен, төл тарихынан, әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрінен айырылып, жер бетінен жойылып кетті емес пе? Тілсіз, дінсіз, әдет-ғұрыпсыз, салт-сана, дәстүрсіз, тарихсыз, тағдырсыз халық болмайды.
Әр ұлттың өз болмысы өз ерекшеліктері бар. Оның әрқайсысы бүкіләлемдік, бүкіладамзаттық мәңгілік құндылық, құбылыс, болмыс болып табылады. Олардың ешқайсысын да еш жерде, еш заманда, еш қоғамда,еш жағдайда құртып, жойып жіберуге болмайды. Бұл – барша адамзатқа, тарихқа, уақытқа аманат, парыз, қарыз. Еліміздің иесі, жеріміздің киесі қазақ халқы болуы керек. Ол үшін кең-байтақ жерімізге, ұшан-теңіз жерасты, жерүсті байлығымызға еге болу үшін: оның игілігін, рахатын көру үшін қазақ халқы сан жағынан жедел, шұғыл өсуі керек. Демографиялық көрсеткіштерді бір пайызға көтеру үшін, экономикалық көрсеткіштерді 4 пайызға көтеру керек.
Мен ұлтымыздың болашағына, саулығы мен саламаттылығына, бүкіл болмысы мен қадір-қасиетін арттыруға қатысты өзекжарды ойларымды ортаға салдым. Алдағы уақытта бұл бағытта атқарылатын қыруар жұмыстар, сан алуан шаралар қайдан бастау алып, қандай құндылықтарға, қандай идеяға негізденуі керек?
Тағы да не істеу керек?
Ол халқымыздың терең тамырынан, тарихынан, тағдырынан, мыңдаған жыл жинақталған мол тәжірибесінен, дәстүрінен бастау алатын, исламның теңдесі жоқ құндылықтарынан, қағидаларынан, әлемдік тәжірибенің озық үлгілерінен бастау алатын ТӘРБИЕ ДЕГЕН ТӘҢІРГЕ негізделуі керек.
Ол аталарымыз, бабаларымыз, түпаталарымыз, текаталарымыз салып кеткен сара жол халқымыздың қанына, жанына сіңіп кеткен қазақи қасиеттерге жүгіну керек. Қазақтың өзі, жаратылысы, өмірі, бүкіл болмысы әлемде, адамзат тарихында теңдесі жоқ тәрбие мектебі.
Қазақ халқы ешқашан кең-байтақ туған жеріне дұшпандарын аттатпаған, ешкімге арын, намысын таптатпаған, ешкімнің ала жібін аттамаған, қой аузынан шөп алмаған, ешкімнің алақандай жеріне, тырнақтай байлығына көз салмаған, тұз-дәмін ақтаған, баласын, байлығын, жерін сатпаған, жақсылықты жақтаған, жамандықты даттаған, бірін-бірі атпаған, жетімі мен жесірін жылатпаған, өздері аттан түспеген, қазаны оттан түспеген, қонағы тыйылмаған, дастарханы жыйылмаған, қонағын құдайдай сыйлап, егер алтын босағасын аттап үлгерсе, дұшпанын да төрге шығарған қабырғалы, омыртқалы, арқалы, «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп жүрген әлемде теңдесі жоқ ғажайып халық.
Әрине, жоғарыда баяндалғандай осыншалықты күрмеуі көп, күрделі халықтық, қоғамдық, мемлекеттік, заманауи өткір проблемаларды шешудің дайын кешенді бағдарламалары, жоспары, ережелері, нұсқаулары, рецептері ешкімнің де қолында жоқ, болуы да мүмкін емес. Мен де осы бір баяндаманың аясында осындай жауабынан гөрі сұрағы көп тарихи, тағдырлы проблемаларды шешудің жолдары мен әдістерін мұрнынан тізіп, құлағымен жетелеп, оның құпиясын, сыры мен қырын сиқырлы кілтін сіздердің қолдарыңызға ұстатамын деуден аулақпын.
Дегенмен де, қайсыбір проблеманы шешуде адамзат тарихының тағылымдарын, ислам дінінің қасқабас қағидаларын, әлем халықтары мен мемлекеттерінің біздің менталитетімізге сай келетін тәрбиесі мен тәжірибесінің озық үлгілерін қабылдап, қолданатын шараларымызға негіз етіп алғанымыз дұрыс қой деп ойлаймын.
Адамзат тарихында жоқ нәрселерді іздемей, қисыны жоқ қиялдардың құрбаны болмай, өмірде болған, бар құндылықтардың ішінен өз қажетімізді таңдай, таба, тани білуіміз керек. Ол қандай құндылықтар, қандай тәжірибелер?
Біз Қасымханның қасқа жолымен, Есімханның ескі жолымен, Абылайханның ақ жолымен, Тәуке ханның «Жеті жарғысымен» ел болған, халық болған қазақпыз. Дана қазақ, дара қазақ осындай алтын құрсақ, кең-байтақ қазыналы, жеріне, еліне, ат төбеліндей ғана халқына түрмесіз-ақ, үш адамға бір адамнан келетін тәртіп сақшыларынсыз-ақ, даланың даналық заңымен-ақ еге болған.
Қазақ бар заңын, ұранын, үндеуін тәртібін, тәрбиесін іс-қимылын, тірлігін, тіршілігін төрт-ақ сөзге сыйдырған.
Ол: Аттан, Алаш, Асар, Алас, деген ат төбеліндей, азғантай қазақтың жер бетінде қазақ болып қалуын қамтамасыз еткен, тағдырлы, қасиетті, киелі сөздер.
Міне, қазақты қазақ еткен ұрандар осындай болған.
Аттан дегенде бүкіл ауыл, аймақ азаматтары белдеудегі байлаулы аттарына мініп, қару-жарақтарын асынып, ауылын, мал-мүлкін, халқын, ата-қонысын сырт жаудан, ұры-қарыдан, барымташылардан қорғаған.
Алаш дегенде бүкіл қазақ бір кісідей жұмылып, атқа қонып, елін, жерін, халқын қасық қаны қалғанша қорғаған. Қазақтың әрбір алақандай жері қанмен суарылған.
Қазақ халқы аттың жалында, түйенің қомында, аттары ауыздықпен су ішіп, өздері тілерсектен қан кешіп, төрт ғасырға жуық, үздіксіз жоңғарлармен, қалмақтармен, монғолдармен, арабтармен, парсылармен, өзбектермен, орыстармен, Кирмен, Македонскиймен соғысып, жан беріп, жан алысып, мың өліп, мың тіріліп, XІX ғасырға дейін 4,2 млн. шаршы шақырым киелі қазақ жеріне, атажұртқа еге болып келген. Біз болсақ XX ғасырда түрлі объективті, субъективті себептермен мың жарым шаршы шақырым жерімізден айырылдық.
Асар дегенде аяқ, ауыз жетер жердегі қазақ өз еркімен, өз ықыласымен біріне-бірі келіп, тегін үй, қора-қопсы, егін егу, жинау, мал азығын дайындау, су жолдарын салу, тағы да басқа өміршең халықтық мәселелерді бірігіп, бірлесіп шешетін болған.
Алас заңының күшімен, құдіретімен қазақ елдегі тәртіп бұзушылармен, ұрылармен, қарылармен, бұзықтармен, барша заңсыздықтармен, жөнсіздіктермен, ретсіздіктермен, әділетсіздіктермен күрескен, тамырына балта шапқан.
Оларды ант ұрған, қарғыс атқан, қарабет деп өгізге, есекке, сиырға жайдақ, теріс қаратып мінгізіп, бетіне күйе жағып, мойнына қара құрым киіз кигізіп, ауылды аралатып, бүкілхалық топырақ шашып, онымен ешкім де сөйлеспей, қарым-қатынас жасамай, етегін кесіп, елден кетуіне, елден аластауға мәжбүр еткен.
Қазақ тарихында ұлттың қанының, жанының, арының тазалығын қамтамасыз ету мақсатында ары таза емес қыздарды сиырға, есекке теріс қаратып мінгізіп, қолына тесік қазан, тесік құман ұстатып, төркініне апарып тастап, қалыңмалын қайтарып алатын болған. Міне, осындай масқара, өлім жазасынан да ауыр, қатаң шаралардан кейін аяғыңды қия басып көр.
Қандай ақылды, ауыр, әсерлі, әділ, жан-жақты ойластырылған ар жазасы, намыс жазасы десеңізші, осыдан кейін кім тәртіп бұзады?
Сондай-ақ, атам қазақ жетімі мен жесірін жылатпау, демографиялық өсімді қамтамасыз ету үшін: «әмеңгерлік», «он үшінде отау иесі» заңдарын даланың даналығымен ойлап тапқан.
Туабітті жауынгер, жаужүрек қазақ 400 жылдай аттан түспей елін, жерін, қорғап жүргенде, атқамінер азаматтардың табиғи жетімсіздігі байқалады. Ол заманда жер, су, ауа, тамақ таза, жастар ерте жетілетін болған. Дана қазақ елдің келешегі, болашағы үшін, 13-де отау иесі деген заңды іске асырады. Соның өзінде бірінші баласы ұл болса, ол он бес жылдан кейін атқа қонып, ел, жер қорғайтын болған.
Жауынгерлер өлім мен өмірдің ортасында, жорықта жүргенде артына алаңдамай, отбасын, жарын, балаларын олардың болашағын ойлап сарыуайымға салынбауы үшін «әмеңгерлік» заңы іске асырылды. Осы заңның арқасында қазақ қоғамында жесірлер мен жетімдер проблемасы әлемде теңдесі жоқ оң шешімін тапты. Соның арқасында қазақ халқы жесірі мен жетімін жылатпаған бірден-бір ұлтқа айналды.
Ел арасындағы ұрлық-қарлықты, барымтаны болдырмау бағытында экономикалық шаралар ұтымды пайдаланылған. Егер кісен ұрласаң; «Кісен атты сақтайды, ат ерді сақтайды, ер елді сақтайды» деп билер кісен ұрлаған адамға ат төлеткен. Қазақтың ардақты қыздарының бірі Ұлбике ақынды күйеуі Бойтан қызғаныштан ұрып өлтіреді. Сонда Қалтай Мұхамеджановтың төртінші атасы Күдері Қожа Бойтанды өмірлік құлдыққа және бас құнын, аяқ құнын, дене құнын, өнер құнын төлеуге билік жасапты. Бұл сол заманның өлшемімен патшаны иә оның қолбасшысын өлтіргенде төленетін құнға тең, қазақ тарихында теңдесі жоқ биліктің үлгісі болып есептеледі.
Тәуке ханның «Жеті жарғысында» «Ата-анаңды сыйлағаның, Алланы сыйлағаның», «Ата-анаңды сыйлағаның, бүкіл адамзатты сыйлағаның» деп, әке-шешесін сыйламай, тіл тигізген баланы өлім жазасына кесетін болған.
Ертеректе қанға қан, жанға жан, тұяққа тұяқ, құлаққа құлақ деген де замандар да болған. Қанша жабайы болса да, ешбір қылмыскер жазасыз қалмаған.
Ислам дінінің қағидалары да адамдарды өтірік айтпауға, ұрлық, қиянат жасамауға, адам өлтірмеуге, ақшамен ақша жасамауға, ысырап жасамауға, жұмысшының еңбекақысын көйлегінің тері кепкенше төлеуге үндейді, шақырады, талап етеді. Не деген басшылыққа аларлық, өнеге боларлық тамаша тәрбие-талап десеңізші.
Адам бойындағы барлық кемшіліктермен, келеңсіздіктермен күресудегі теңдесі жоқ құдіретті күш – Тәрбие деген тәңір бар. Адамды Алла жаратты, оны қайта жарататын тәрбие. Әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз білім адамның дұшпаны, ол басыңа қайғы келтіреді» деген. Идеологиясыз, тәртіпсіз, тәрбиесіз, тәжірибесіз, тексіз түк те болмайды.
Адамның басқа жаратылыс иелерінен артықшылығы оның ақыл-ойы, сөзі мен санасы, пайым-парасаты, білімі, білігі. Адамды адам еткен еңбек. Менің оған қосарым адамды адам етіп қалдыра беретін де еңбек.
«Бір жылдығыңды ойласаң, дән ек, жүз жылдығыңды ойласаң, ағаш ек, мың жылдығыңды ойласаң, адам тәрбиеле» дейді халық даналығы.
Ұлт пен ұлысты қалыптастыратын, елдің, жердің болашақ иесі де, киесі де жастарды тәрбиелейтін отбасы, ата-ана, орта, мектеп. Елбасымыз: «Бәрі де мектептен басталады» дейді.
Қалай дегенде де тәрбие мен білімнің тұғыры, темірқазығы отбасы. «Отан отбасынан басталады», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтылмаған. Қазақта көргенің бар ма, көргенді, көргенсіз деген сөз де бар. Көргенсіз деген сөз естіген құлаққа жағымсыз, ауыр, ащы сияқты, бірақ та ойланып қарасаңыз, үйі жоқ адамды үйсіз, малы жоқ адамды малсыз, жұмысы жоқ адамды жұмыссыз, білімі жоқ адамды білімсіз, т.б. дейміз, оған ешкім де өкпелемейді, олай болса, көргені жоқ адамды көргенсіз демей не дейміз?
Сөз жоқ, бірінші тәрбиешің де, үлгің де, өнегең де, идеалың да әкең мен шешең. Әкеден артық дана жоқ, әкеден артық пана жоқ, әкеден артық орман жоқ, әкеден артық артық қорған жоқ. Ең жақының, ең жанашырың, құдайдың құдіретімен саған өмір сыйлаған –анаң, бірінші ұстазың – анаң.
«Ат – биеден, алып анадан», «Әкені көріп ұл өседі, шешені көріп қыз өседі» дейді халық даналығы. Атадан өсиет, анадан қасиет болмаса, ел азады, халық тозады. Қариясы жоқ қауымның жастары болар диуана. Елімізде осындай мемлекеттік, халықтық маңызы бар тәртіппен тәрбие мәселесін қалыптастыруда ардагерлер ерекше жауапкершілік пен жанашырлық танытып, қыруар жұмыстар атқаруға міндетті. Өйткені жақсы да, жаман да, тәртіпті де, тәртіпсіз де бәрі-бәрі ардагерлердің балалары, ұрпақтары, әулеті, төңірегі, қарға тамырлы қазақ, ағайыны, жекжаты, бөтен ешкім жоқ, ешкім де аспаннан түскен жоқ. Олай болса, бұл өмірлік, өзекті мәселеге ардагерлер қалай бейтарап, немкетті, немқұрайлы, бейжай қарай алады. Біз үлкенін сыйлап, үлкенін тыңдап, үлкеннің төңірегіне топтасып ел, халық болған қазақпыз. «Ханды құдай ұрарда, халқыменен қас болар, байды құдай ұрарда байлығына мас болар, шалды құдай ұрарда қартайғанда жас болар» демекші жетпісінде желпілдеп, желкілдеп жүрген шалдар, «Өзің құл боласың, кімге пір боласың?» дегендей кімге үлгі, кімге өнеге бола алады?
Баланы ұлша тәрбиелесең ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең құл болмақшы.
«Жақсы бала – ата-анасының бағы, жаман бала – ата-анасының соры», «Жақсы бала ата-анасының басын төрге сүйрейді, жаман бала ата-анасының басын көрге сүйрейді» деген де өмір шындығы. Римнің психология институтының бірінде жасалған тәжірибеде баланың болашақтағы қабілеті, қызмет-мақсаты 2-3 жасында-ақ қалыптасатыны айтылады. Олай болса, бала тәрбиесін қай жастан бастаған дұрыс деген заңды сұрақтың туары сөзсіз.
Бір екіқабат келіншек данагөй қарияға келіп: «Ата, бала тәрбиесін қай кезден бастаған дұрыс?» деп сұрақ қояды. Қария: «Ішіңдегі бала неше айлық» дегенде, келіншек: «Алты айлық» дейді. Сонда қария: «Балам онда сен алты айға кешігіпсің» деген екен.
Шындығында ақылды еврей халқының жас, болашақ ата-аналары дүниеге дені сау, ақыл-есі бүтін, болашағы жарқын ұрпақ келтіру үшін алдымен өздерін дайындайды. Арақ ішпейді, темекі шекпейді, өздерін өздері бағады, қағады, баптайды. Әрине, дені сау ата-анадан, дені сау бала туады. Бізде 40 пайыз баланың ауру болып тууына кім кінәлі? Біз не істеп жүрміз, ойланайықшы ағайын!
Дүние есігін ашқан сәттен бастап сәбиіне еркіндікті, мейірім мен махаббатты мейлінше көп берген отбасының балалары өмірде, қызметтік өсу жолында кедергіге аз ұшырайды. Өзіне деген сенімділігі мықты қалыптасқан бала кез келген қиындықты жеңе біледі, алға ұмтыла береді.
Ал керісінше, қатал тәрбие мен шектеулері көп отбасынан шыққан баланың өмірлік жолы да өте ауыр, қиындықтары мен кедергілері көп, тіптен кейде ішкілікке салынып, қаңғыбасқа айналатындары да аз емес. Осындай қорытындыға келген психолог мамандар әрбір баланың сенімділігін арттыру арқылы оның болашағына үлкен үлес қосатынымызды айтады.
Осы ретте «Баланы бес жасқа дейін патшаңдай сыйла, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бестен кейін досыңдай сырлас» деген қазақи, әлемдік даналық еріксіз ойға оралады.
Еврейлер баласының қолын қақпай, алған бетінен қайтармай, жел болып тимей, «сен ақылдысың, сен бәрін білесің, сен бәрін дұрыс жасайсың» деп еркіндікке, сенімділікке тәрбиелейді. Кезінде әлемнің үштен бірін билеген, туабітті ақсүйек, аристократ халық – ағылшындар: «Ағылшын баласы ешқашан да құл, қызы ешқашан да күң болмайды» деп ұрпақтарын тәуелсіздікке, дербестікке, өзіне-өзі сенуге, өзін-өзі сыйлауға тәрбиелейді.
Немістер балаларын «сендер әлемдегі ең талантты, ең тәртіпті, ең текті ұлттың өкілісіңдер. Дүниедегі бар жақсылықтың, жақсының бәрі немістікі, өзің өндірген тамағыңды же, сусыныңды іш, киіміңді ки, мәшинеңді мін, өзің шығарған қағазға, өзіңнің қаламсабыңмен жаз, бәрі де өзіңдікі болсын» деп тәрбиелейді. Шындығында да, сырттан тасымалдайтын импорт мөлшері 20 пайыздан асқан ел, тәуелсіз ел емес.
Ұлдарын әскери қызметке шығарып саларда түріктер: «Отан үшін, ел үшін, жер үшін қаза болуың да мүмкін» деп шыны киімін беріп жіберу арқылы оларды ел, жер, отансүйгіштікке, батылдыққа, батырлыққа тәрбиелейді. Сондықтан да түріктер үш теңіздің ортасындағы пейіш жерге ешкімнің де ешқашанда аяғын аттатпай еге болып, тарихта ешкімге тәуелді болмаған, колония болмаған үш мемлекеттің бірі екендігі әлемге аян.
Ал айналайын біздің қазақтардың: «Сен адам болсаң, мұрнымды кесіп берейін» деп баласының таудай талабы мен талантын талқандап, жігерін құм қылатыны өкінішті-ақ.
Қазекең бұрын баламды әскерден қалдыр десе, қазір әскерге ал деп бар малын сарп етуде.
Бұрыннан да баласын оқытуға құмар қазақ соңғы жылдары бұл іске бел шеше кірісті. Елімізде 150-дей жоғары оқу орны бар, 60 миллионнан астам халқы бар Ұлыбританияда 89-ақ, 16 миллион-ақ халқы бар бізге 150 оқу орны неге керек? Әсіресе, жекеменшік оқу орындары көбейгелі бері қос-қос диплом алу сәнге, жарысқа, жалған бәсекеге айналды. Біздің қазақ әйтеуір диплом алу үшін бар жиған-терген малын тәрк етуде.
Қазақстанда диплом болса, қызметте, шенде, шекпенде, пәпкі де, шапкі де б
ҚОҒАМ
09 қараша 2013 г.
4 142
0