« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Серікбай Өмірзақов жүргізіп отырды.
Семинарды ашқан облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов оған қатысушыларға сәттілік тілеп, бұл басқосу облыстың балық шаруашылығын дамытуға зор үлес қосатынына сенім білдірді. Жалпы семинардың басты мақсаты Арал өңірінде жасыл экономика принциптері негізінде балық шаруашылығын тұрақты дамытуды қалыптастыру жөнінде өзара пікір алмасып, бірлескен ұсыныстар әзірлеу көзделген. Шындығында, бүгінде облыста балық шаруашылығын дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Елбасының бастамасымен қолға алынған "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтап қалу” жобасының бірінші кезеңі жүзеге асумен облыста балық шаруашылығын дамытуға зор мүмкіндік ашылды. Соңғы бес жылда облыста балық аулау 4,5-5 есе, ал, Кіші Арал теңізінде 17 есеге артты. Бүгінде Көкарал бөгетінің салынуымен Арал теңізінің қалыпқа келуі мен оның шаруашылық жүргізу маңыздылығы арта түсті. Кіші теңіздің тұщы сулы аймағында өсетін балық түрлері көбейді. Облыста балық шаруашылығын дамытуға су қоры жеткілікті. Бұл балық шаруашылығы мен оны аулауды жеделдетіп дамытуға жол ашады.
"САРАТС-2” жобасы іске асқанда бұл сала жұмысы қазіргісінен де жандана түседі. Бүгінде облыс басшылығы балық шаруашылығын, соның ішінде тауарлы балық өндіруді арттыру мен оның өнімін молайтуды, көлдерде тауарлы шаруашылықтарды құру мен балық өнімін өндіруде бұрын пайдаланылмаған қорларды қажетке жаратуды міндет етіп қойып отыр. Мұнан басқа суды аз пайдаланып, одан жақсы өнім алатын қазіргі заманғы технологияларды ендіру мен балық шаруашылығына бекітілген су қоймаларының санын арттыру мен оны ұзақ мерзімге пайдаланып, балық аулау көлемін арттыру да жоспарланып отыр. Қалай айтқанда да, біздің облыста балық шаруашылығы саласын дамытуға зор мүмкіндіктер бар.
Мұнан кейін сөз алған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің бас сарапшысы Алмас Асылбеков қазіргі балық шаруашылығының жағдайы мен оны болашақта ұлттық деңгейде дамыту жайына және бұл бағыттағы нормативтік-құқықтық мәселелер жөнінде айтып берді. Ал өз кезегінде Қазақстан Республикасы Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қордың атқарушы директоры Медет Оспанов семинарды ЕҚЫҰ-мен бірлесіп өткізіп отырғанын жеткізді. Баршаға белгілі бұл ұйым 50-ден астам мемлекеттің басын біріктіріп отыр. Осы өткізіліп отырған ғылыми-зерттеу институтындағы тренинг-орталықты ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығы арнайы қазіргі заманғы техникалармен жабдықтап, ашып отыр. Алдағы уақытта мұнда ұйымға кіретін мекемелердегі қызметкерлердің біліктілігін арттыруға да көңіл бөлінетін болады. Ал бүгінгі басқосудың мақсаты су қорларын қалай пайдалану керек, сондай-ақ, балық қорын молайту мен Кіші Арал теңізін сақтау мәселелері негізгі әңгіме өзегіне айналмақ. Әсіресе, бұл жолы тауарлы балық шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Сондықтан да оған облыс басшылығы мен балық шаруашылығы саласының мамандары ерекше қызығушылық танытуда. Осы мақсатта семинарға ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары мен тәжірибелі сала мамандары қатыстырылуда. Сөз жоқ қазіргі пікір алысулардың қызғылықты болуы соншалық, алдағы уақытта ол нақты шешімдер қабылдауға жол ашады.
– Қоғамда адам мен табиғаттың тікелей байланыста болатынын сезіне білу керек, – деді өз баяндамасында ЕҚЫҰ-ның Астана орталығының елшісі Наталья Зарудная. – Бұл біздің жасыл экономикаға көшуімізге кеңінен жол ашады. Осы мақсатқа жету үшін үздік тәжірибелерді қолданысқа енгізіп, жаңа технологиялар мен ғылыми жұмыстарды ұтымды пайдалана білу керек. Сонымен қатар жұмыс істеу барысында ұлттық және өңірлік деңгейдегі әріптестікті нығайтудың да маңызы зор. Осы мақсатта ЕҚЫҰ-ның қолдауымен Қызылорда қаласындағы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтынан тренинг орталығы ашылды. Енді қызығушылық танытқандар болса, осы орталықтан су ресурстарын басқару жөніндегі ақпараттарды біле алады. Оның облыс экономикасын дамытудағы алар орны ерекше болмақ.
Алдағы жылды Қазақстан Су жылы деп жариялады. Бұл құптауға тұрарлық жайт. Өйткені бұл бағытта өңірлерде халықаралық нормаларды сақтай отырып, үздік деген тәжірибелерді бірлесіп жүзеге асыруға жол ашылады. Бірлескен істің Арал өңірі үшін тигізер пайдасы мол болмақ. Климаттың қолайсыз жағдайы мен өндіріс саласының тынымсыз жұмыс істеуі ішетін су қорының азаюына және табиғаттың ластануына әкеп соқтыруда. Сондықтан да бүкіл әлемде күрмеуі қиын мәселеге айналған бұл мәселе адамдардан нақты шешімдер қабылдауға мәжбүр етуде.
Семинарда "Шарткен ата” қоғамдық ұйымының директоры, бұрынғы Балық министрі Құдайберген Саржанов бұл өзекті мәселенің нақты уақытында көтеріліп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, тұрақты балық шаруашылығын дамытудың маңызы зор. Осы орайда Арал өңірінде балық өсіруге ыңғайлы көлдер жүйесі жетерлік. Тек оларды осы салаға бейімдеп, жұмыс істете білу керек. Ондай көлдерге шабақтарды жіберіп, жемін уақытылы беріп тұрса, онда ол жерлерден аз ғана уақыт ішінде төрт-бес мың тоннаға дейін балық аулауға болады. Ал бұл істі жүйелі жүргізу үшін біріккен кәсіпорындар ашудың да маңызы зор. Қалай дегенде де, біз Қызылорданың күрішімен мақтанамыз. Облыстың балық шаруашылығын да сондай деңгейге жеткізуге болады. Негізі Аралдың балығымен асқақтаған кезі өткен өмірде сайрап жатыр. Сондай биіктікті қайта қалпына келтіру керек. Өйткені Арал теңізі, оның балығы біздің мақтанышымыз болып қала береді.
Жалпы семинарда өз ұсыныс-пікірлерін білдірген ғалымдар мен сала мамандары климаттың өзгеруі жағдайында балық шаруашылығын дамыту мен Арал-Сырдария бассейнде балық кластерін дамытудың барысы және Кіші Арал теңізінде балық түрін көбейту мәселелері жөніндегі ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, жиында ауыл және балық шаруашылығын дамытуда жасыл экономика принциптеріне бейімдеу мен жергілікті жерде балық аулау барысында экологиялық таза жабдықтарды пайдалану жайы, Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзенінің төменгі ағысында экологиялық жүйені сақтау және тауарлы балық өндіруді арттыру мәселелері де назардан тыс қалмады. Жалпы бұл семинар Арал өңірінде балық кластерін дамытуға жаңа қарқын береді деп күтілуде.
Осы күні семинарға қатысушылар Сырдария ауданының Шіркейлі ауылындағы "Мәді Қажы” ЖШС-ның "Мал бордақылаудың жаңа моделін жүзеге асыру және жасыл технологияларды қолдану арқылы жем өндірісін ұлғайту” пилоттық жобасымен танысты. Бұл жобаны серіктестік облыс әкімдігі, ПРООН, Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясымен, "Қуат” және Буроводстрой” ЖШС-мен тәжірибе ретінде жүзеге асырмақшы. Осы мақсатта күн және жел көздерінен электр энергиясын өндіретін генераторлар, тұқым сатып алынып, ұңғыма қазылған. Сөйтіп, су көтергіш насостар мен резервуарлар іске қосылып, суғару пункттері салынған. Қазір мұнда 100 бас мал бар. Алдағы уақытта оның саны арттырыла түседі. Облыста жасыл технологияны ендіруге бағытталған бұл жоба семинарға қатысушылардың көңілінен шықты. Әрі мұндай жобаларды балық шаруашылығы саласын дамыту үшін өндіріске енгізу қажеттігі де айтылды.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |