ТӨБЕБҰЛАҚТЫҢ ТӨЛ ПЕРЗЕНТІ

Жиі-жиі өтіп тұратын қаламгерлер басқосулары мен шығармашылық топ жиындарында туып-өскен ортасы теңізбен тағдырлас, Аралдан түлеп ұшқан талай азаматтар туралы әңгіме өрбітіп, сыр шертісулердің бірінде қарымды қаламгер Айжарық Сәдібеков ағамыздың өзімен бірге оқыған құрдас-досы, құландылық, балық шаруашылығының майталманы, бүгінгі күні жетпіс бестің торқалы төріне шыққан Қуандық Қазтуғанов туралы әңгімесін қызыға тыңдағанымыз бар. Ендеше сөз кезегін Айжекең айтқан әңгімеге берелік.

 

Жетіжылдық мектепті бітіргендер тұс-тұстан жамырасып Ауан орта мектебіне жи­налдық. Сегізіншілер алпыстан асады екен. Екі топқа бөліп оқытты. Жарау құрсақ, жала­ңаш-жалпы жүрсек те үш жылдың қалай өт­кенін білмей де қалдық. Көзді ашып-жұм­ғанша кәмелетке жетіп те қалыппыз. Алпы­сымыздың жары ұл, жары қыз. Кәмелетке жетті дегені болмаса, теңіздің тылсым мінезді бір түкпірінен сыртқы дүниеге аттап аяқ баспағандар. Бұл шикі өкпелерді алда не күтіп тұр... Лүпілдеген әрбір жүректе осындай бір беймаза толқу бар. Біз Қазтуғанұлы Қуандық екеуміз бастапқы күндерден-ақ бірыңғайлас жүрдік. Екеуміз де жуаспыз, қара шаруа балықшының баласымыз. Сабаққа дайындалмай келу күнә, өліп-өшіп оқимыз. Бізде уақытты елтең-селтеңмен бос өткізу деген болмайды. Темекі шекпейміз, тәртіпті тілалғышпыз. Содан да шығар, мұғалімдер екеумізге ылғи да оң көздерімен қарайтын. Тек, екеумізде бір айырмашылық болды. Қуандық менен сәл аласалау, мен сәл озаңдаумын.

Біздің кезімізде мектеп бітірушілердің мемлекеттік емтиханы бір сұрапыл еді ғой. Арғы замандарда ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың өркениетті дәстүрде оқи алмаған өкініші мен өшін бізден алатындай бір айда 9 пәннен емтихан тапсыртты. "Уh” деп ең соңғысынан құтылғанда, қылқиып мойнымыз, шүңірейіп көзіміз, сылынып сүйегіміз қалды. Аттестатты Арал қаласынан алатын болдық. Сол қарсанда Қуандық екеуміз қамыс қораның көлеңкесінде бұрыннан оңашада бір қозғап қоятын әңгімемізді тағы селдеттік.

Әңгімеміздің Тәрбие есімді қыздың құлағын шулатудан басталатын әдеті. Осы күні ойлап отырсам, бұл Қуандық бойы шарға болғанымен ерте есейген-ау деп ойлаймын. Әдетте, өзімізбен бірге оқып жүрген Аққағаз, Мекен, Кәдір, Миуа, Жібек сынды сұлу қыздарымызды бізден екі-үш жас үлкен ұлдар сыртынан сыпаттай қалғанда, Қуекең аузын ашпайды. Өз құпиясы өзінде. Сол құпиясын тек маған ғана оңашалап айтатын. Туған ауылы Құланды жерінде бір ғажайып періште қыз мектепте оқып жүрген көрінеді. Әке-шешелері оны да, Қуандықты да Төбебұлақтың қасиетті қайнарына шомылдырып өсірген. Екеуін атастырып, сөз байласқан. Қуекең ақ батаға адал, ортамыздағы отыз қыздың бірде-бірі­не қырындамайды. Тәрбиеге ғана үйленбек. Серт осы. Кім білген, әркімдердің-ақ ауыздарының суы құры­ған­ша айтып жүрген "кіршіксіз адал махаббаты” осы Қуекеңдей серттен таймау шығар. Соның айғағы, орта мектепті бір жылда бітірген алпыстан аса ұл-қыздың ішінен бірінші болып осы Қуекең үйленді.

Оның ерте есейгендігінің екінші бір белгісі—әуелден-ақ өзін қиынға салғандығы. Ол оқып-тоқып, әкім-қаралардың қатарына ілігуді армандаған жоқ. Әке-шеше қартайған, көп бейнет шеккен. Өкшесін басып інілері өсіп келеді. "Мектепті бітірген соң колхоздан бір қайық ау алып балықшы боламын. Сөйтіп әуелі інілерімді оқытамын. Өзім сосын-ақ оқи жатармын” дейтін ол.

Қуекең ойға алғанын орындап, өзінен кейінгі 16 жасар туған інісі Қуанышқалиды 10-жылдық бітірісімен жоғарғы оқу орнына аттандырып салды. Аға үмітін ақтаған бауыры қазір "Қызылорда облысының құрметті қайраткері”, "Арал ауданының құрметті азаматы”, комсомол, партия, кеңес жұмыстары: Қазалы ауданы атқару комитетінің торағасы, облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, облыстың бас экологы қызметтерінде болып, қазір де абыройлы еңбек етуде. Молдағали інісі де Құланды шаруашылығының абыройлы ардагер, ауыл азаматы. Тек Шалқарбайының жоқтығы болмаса, Сәрсенбай бастаған ұлдары мен Баян, Бибатпа, Марал, Күлпаршын қыздарының бәрі де кәсіби мамандар, жұбайларымен тату-тәтті шаңырақ иелері атанып, немере-шөберелері өркен жаюда. Ал, кенжесі Ерқосай Ләззат келін екеуі Қуекең мен Тәрбиені алақандарына салып аялауда.

Иә, Қуекең сонымен бұл сертінде де тұрды. Ал, бірақ, бір қайық ауға ие болып мемлекеттік жоспарды орындау дегеннің қандай қазабат екенін былайғылар біле бермейді. Оның ауыртпалығы тек балықшылар қауымына ғана аян. Сол Қуекеңді "Тәрбиеге үйленді, бір қайық ау алып, балықшылар қатарына қосылды” деген хабарды есіткенімізде, есіме дене тәрбиесі саба­ғы оралды. Көз ал­дымда пән мұға­лі­мі, қан майданның офицері марқұм Зә­­­кір ағайдың аңқыл­даған ақжарқын бей­несі тұрды. Біз­­ді құттайымыздан спорт пен дене тәрбиесіне кім дағдыландырыпты. Көбіміз осы Зәкір ағайдың саба­ғынан қиналатынбыз. Неше түрлі жаттығуларды жұқ­пай орындап көрсететін Зәкеңнің ең сүйікті бір шә­кірті болды. Ол осы Қуекең еді. Заңғар-ай, өзі қаршығадай болып алып 32 келілік шойын тасты отыз қаралы ұлдардың ішінде ең көп көтеретін. Турникке де ең көп тартылатын нөмірі бірінші "атлетіміз” осы Қуекең болды. Анау қара шойынды оң қолымен де, сол қолымен де көтергенде, қары қалтырап, табаны бір тайсайшы. Мыңқ етпейді.

Қуекеңмен мектептен кейін арада біраз жылдар өткенде дидарластық. Ол кез оның Арал ауданында маңдайалды балықшылар қатарына қосылған, Тәрбиенің ер ана атанған шағы еді. Бір түнді екеуміз көз ілмей өткіздік. "Мектеп қабырғасынан шыға сала жүрегің дауалап бір қайық ауды қалай алдың?” деймін досыма. "Әуелінде жауапкершілікті арта салуға бастықтардың да жүрегі дауаламады. Ал, менің қиындықтан шайтаным да сескенген жоқ. Дегенде, Айекем-ай, оңай болған жоқ қой...” деді күрсініп. Айтылмаған сыр қалмады. Теңіз майданында бесжылдықтардың озаты атанып аты шыққан ердің бұл күрсінісінде талай сырдың ұзақ сүресі бар-ды. Оны мен ғана, балықшының баласы ғана түсінер. Түсінер де толғанар. Теңіз тарландары не көрмеген?! Қыс­тың бір күнінде бір-ақ рет мұз құрсанып жатқан ұлы мұзарттың қиырына шығандап барып, ызғырық жел өтінде сүйменмен мұз ойып, мұздай суық суға күн батқанша қолды малып отырып балық аулап қайтыңызшы. Қандай күйде оралар екенсіз. Босбелбеу кәупектер балықшы бола алмайды. Балықшы төсегінен таң қараңғысында тұрады, түн жамыла оралады, былайғы қыруар қиындығы мен бейнетін айтпағанда. Қуекең соның бәрін бастан кешкен. Әнебір жылы дарияның аяғында, кәдімгі абыржының аласапыранында мұз астына кетіп те қала жаздаған, талай рет дауылдарға ұшыраған қияметтері де болған.

Айтарыңыз не, заманында табыстан тау тұрғызған Арал балықшылары тілсіз дүлеймен алысқан ерлер еді ғой. Олардың "теңізде болмаған адам – қасірет көрмеген адам” деуі өмір шыңдығы. Жаратылысында балықшы қауым табанды да төзімді жандар болады. Ондай жандар ары мен намысын алға салып жүреді. Жерлестері Қуандықтың туған ел, туған жер, ата-ана, сүйген жар, бір саптан жаралған бауырлары алдында ары да, жаны да таза екеніне куә. Оның табандылығы мен төзімділігіне Қазақстанның теңіздері мен көлдерін, өзендері мен дария толқындарын қоймай шарлаған ғұмыры куә. Бір данышпан: "Өмірді қалай бастағаныңды айтпа, қалай аяқтағаныңды айт” деген ғой. Теңізі тартылып, топырағы суалып, жері қуаңданған кешегі бір кеселді кезеңде ел іргесі сөгіліп жатты. Тірліктен береке қашып көңілді құлазытқан сол әрі-сәрі шақтарда да Төбебұлақ топырағынан табаны таймаған бұл Азаматты құландылықтар қалай ардақтаса да орынды. Жасай бер, Төбебұлақтың төл перзенті!

 

Айжарық СӘДІБЕКОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.


ҚОҒАМ 22 қараша 2014 г. 1 007 0