« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасы өзінің "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауында толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса біліп, барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіс екенімізді, бірлігіміз бен этносаралық келісімді өзіміз сақтауымыз қажеттігін баса айтты. Ол "Мен жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты!” деп атап көрсете келіп, жастардың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы екенін нақтылаған. Ел Президенті жастарға үміт артып, олардың елді бұрынғыдан да зор биіктерге жетелейтініне сенім білдіреді. Міне, ертеңгі ел экономикасын еселейтін маман бүгінгі мектеп оқушысы саналады. Оларға сапалы білім, саналы тәрбие беру – мұғалім қауымының басты міндеті. Осы орайда қаладағы "Мұрагер” мектебі жайында айтпай кетуге болмайды.
Алғашқы іргетасы сонау 1919 жылы қаланған мектеп тура жарты ғасырдан кейін ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын білім ордасы болса, 2007 жылдан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығымен үш тілде тереңдетіліп оқытылатын дарынды балаларға арналған арнаулы сыныптары бар "Мұрагер” мектебі болып өзгертілді. Екі ауысымда оқитын мектепте 1612 оқушы 56 сыныпқа топтасқан.
– Мектеп өз жұмысын білім ордасының жылдық жоспарына, мектептің даму бағдарламасына сәйкес жүргізеді,– деді мектеп директоры, "Шапағат” медалі мен "Ы.Алтынсарин” төсбелгісінің иегері Зәуре Баймағанбетова.– Мектебіміз қала мектептерінің алдыңғы қатарынан көрініп, білім додасы көшбасшыларының бірі болып келеді. 1995 жылдан бері мектептің 63 түлегі Халықаралық білім Кеңесінің FLEX-ACCELS бағдарламасының жеңімпазы болып табылды. Олар АҚШ-та тегін білім алуда. Биылдың өзінде тағы 5 түлек алыстағы Америкада білімдерін жалғастыруға мүмкіндік алды. Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ұйымдастырумен өткен пәндік олимпиадаға 3 оқушы қатысып, 11 сынып оқушысы Ақмарал Әлиасқарова 50 пайыз жеңілдікке ие болды. Қаз ЗГУ-дың ұйымдастыруымен өткен пәндік олимпиадаға қатысқан 11 сынып оқушылары Нұрбике Қаратай мен Төлеген Айбек білім грантына иеленді. Тағы бір айта кетерлігі, Мәскеу қаласындағы Ұлттық технологиялық зерттеу университетінің ұйымдастыруымен өткен емтиханға мектептен 60 оқушы қатысып, оның 16-сы білім грантын жеңіп алды.
Үш тілде оқытатын, республикалық таңдаулы 100 мектеп қатарындағы "Мұрагер” мектебінде 150 мұғалім жұмыс істейді. Олардың 28-і – жоғары санатты, 33-і – І санатты, 23-і ІІ санатты мұғалімдер қатарында. Гүлбану Аяпова мен Людмила Егай "Қазақстан Республикасының білім ісінің үздігі” атағына ие болса, ұжымның 6 ұстазы облыс әкімінің әр жылдағы грантының иегері танылды. Демек, ұстазы ізденімпаз болса, шәкіртінің алғыр болатыны анық болғаны ғой.
"Тұлпар дүлдүлдігімен, адам білгірлігімен озады” дегендей, мектеп ұжымы жыл сайынғы білім додасында шашасына шаң жұқтырмайды десе болғандай. Мәселен, мектептің әр жылдары иеленген атағының өзі көп жайтты ұқтырғандай. "Жылдың үздік инновациялық мектебі”, "Білім бәйтерегі”, "Үздік білім ордасы”, "Ұстаз ұлағаты”, т.б. атақтар "Мұрагер” мектебінің өресі мен шыққан биігін аңдатқандай. 2009 жылдан бастап "Қазақстанның үздік жүз мектебі” қатарынан берік орын алған мектеп түлектері соңғы жылдары қала бойынша ҰБТ-дан жоғары көрсеткішке ие. Биылдың өзінде мектеп бітірген 73 түлектің 7-і "Алтын белгі” иеленсе, 2-і "Үздік аттестат” иегері танылды. 45 түлек грант иегері атанса, 25 түлек ҚР-ның жоғары оқу орындарының мемлекеттік грантын, 16-сы, жоғарыда айтып өткеніміздей, Мәскеудегі Ұлттық технологиялық зерттеу университетінің грантын егеленді. Сонымен қатар мектеп түлектері шет елде алған білімдерін сәтті жалғастыруда. Олардың 14-і Қазақстанның менеджмент және экономика институтының студенті болса, 4-і «ПетроҚазақстан Кұмкөл Ресорсиз» мұнай компаниясының стипендиаты атанды.
Өзі дарынды балаларға арналған соң онда оқитындардың дені өзінің үздік оқуымен, білімділігімен көзге түсетіні анық. Биылғы жылдың өзінде ғана мектеп оқушылары Анталияда өткен халықаралық олимпиададан 8 күміс, 8 қола медальмен оралды. Осы жылы мектеп жалпы білім беретін пәндерден өткен республикалық олимпиадалардың кезеңдерінде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Мектеп оқушылары республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде – 36, облыстық кезеңінде 9 жүлделі орынды иеленді. Соның нәтижесінде республикалық олимпиадада 3 оқушы жеңімпаз атанды. 11 сынып оқушысы Елжан Жүніс география пәнінен қола медаль мен ІІІ дәрежелі дипломмен, 11 сынып оқушысы Данагүл Өсерхан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қола медаль мен Ш дәрежелі дипломмен марапатталса, 11 сынып оқушысы Дмитрий Мян Ресей мемлекетінің Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінің және Назарбаев университетінің білім гранттарына ие болды. Республикалық ғылыми жарыстардың облыстық кезеңіне 7 оқушы қатысып, оның 5-і жүлделі орынға ие болды. Олардың арасында Исламбек Мақышев пен Дана Жәкен бірінші орынға көтерілсе, Ажар Арыстан екінші, Татьяна Багрова мен Әйгерім Темірболат үшінші орынды иеленді. Тағы бір атап айтарлығы, арнаулы мектеп жыл сайын Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша қала бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізіп келеді. Мәселен, 2011 жылы орташа балл 107,4 болса, өткен жылы 98,3, ал биыл 97,6 болды. Бұл қала мектептері арасындағы үздік көрсеткіш саналады.
"Біліммен қаруланған адам – жеңімпаз адам” деген дана халық. Жыл сайын қалалық, облыстық олимпиадаларға қатысатын 50 мектеп арасында өз білімдерінің мықтылығын әркез дәлелдеп тұрған, шәкірттері республикалық, халықаралық сайыстардан жүлдесіз оралмайтын "Мұрагер” мектебі мен оның ұжымының ел болашағын тәрбиелеуде ерен еңбек етіп жатқаны аян. Білімі мен білігі, сауаты мен санасы биіктен табылған елдің өрісі кең, өркені мықты болатынын ескерсек, өркениетке ұмтылған еліміздің болашағы осындай ұжымдарда тәрбиеленген ұландардың ел ертеңін жарқын етері, туған жер даңқын алысқа жеткізері айқын. Олай болса, бүгінгі шәкірттерінің бойына шынайы адами құндылықтарды сіңіріп, әр тұлғаның ар, ұят, намыс негіздерін өмір бойы сақтауына негіз қалаған, оқушы зердесінің, білім алуға деген талпынысының дамуына, өзінің отбасына, отанына тек мектеп қабырғасында ғана емес, бүкіл өмір бойы пайдалы болуға ұмтылысын қалыптастыруға күш салатын мектеп ұжымына сәттілік тілейік.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |