« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бейсенбіде Қызылордада №9 политехникалық колледжде мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың бюсті ашылды. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, М.Ықсановтың қызы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнәр Ықсанова және қайраткердің әріптестері мен жерлестері қатысты.
Алғаш болып сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев шараның маңызына тоқталып, жылы лебізін арнады.
– Құрметті зиялы қауым! Қазақ қашан да өткенге салауат айтып, болашаққа аманат жүгін қалдырған. Сондықтан да ел тарихында асылдарын ардақтап, ұлыларын ұлықтай білген. Өткенін бағалай білу өнегелі ұрпақтың ісі, елдіктің белгісі. Заман өзгерген сайын өткен қоғам да, сол қоғамда өмір сүрген адамдардың дабейнесі өзгеруі мүмкін. Десек те, жар құлағы жастыққа тимей, ел мүддесі үшін аянбай еңбек етіп, көп мақсатқа күш-қайратын жұмсаған азаматтарын елі мәңгі естен шығармаған. Міне, артына өшпес із қалдырған тұлғаның бірі мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Біләлұлы Ықсанов. 1926 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында дүниеге келген Мұстақым Біләлұлы бүкіл саналы ғұмырын халқының игілігіне жұмсап, елінің жарқын келешегіне арнаған азамат.
Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Адам мәңгі жасамайды, мәңгі жасайтын оның ісі» деген ұлағатты сөзімен айтсақ, Мұстақым Біләлұлы өнегелі өмірімен, өрнекті тіршілігімен, қажырлы қайратымен, ұлтжанды мінезімен ел есінде мәңгі сақталған тұлға. Ол Қызылорда облысының өсіп-өркендеуіне, жаңаша дамуына, тұрғындардың берекелі де бақуатты өмір сүруіне айрықша еңбек сіңірген адам. Сыр өңірінің ырысының артып, берекесінің тасуына тікелей ықпал жасады. Бүгін, міне, ізіне ізгілік қалдырған ардақты азамат Мұстақым Біләлұлының есімін ұлықтау үшін облыс орталығындағы №9 политехникалық колледжді Ықсановтың атымен атап, ескерткіш бюсін ашып отырмыз. Бұл шара қасиетті де киелі, Алаштың анасы атанған Сыр елінің азаматының қадірін, жасалған еңбектің бағасын білетіндігінің дәлелі емес пе?– дей келе, жиылғандарды бюсттің ашылуымен құттықтады.
Сондай-ақ, жиында облыс ардагерлері атынан дербес зейнеткер, облыстың құрметті азаматы Абдолла Дәулетов, Батыс Қазақстан облысы М.Ықсанов атындағы қордың төрағасы Асқар Атаев және Батыс Қазақстан облысындағы №36 М.Ықсанов атындағы орта мектептің директоры Әзима Ғұбашева сөз алып, Мұстақым Біләлұлының қайраткерлік тұлғасы жайлы әңгімеледі. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен қайраткердің қызы Гүлнәр Ықсанова бюсі салтанатты түрде ашқан соң, гүл шоқтары қойылды. Жиылғандар М.Ықсановқа арналған аудитория-мұражаймен танысты.
Тағылымды шара онан әрі облыс әкімдігінің мәжіліс залында М.Ықсановтың өмірі мен еңбек жолына арналған танымдық конференциямен жалғасты. Жиынға Батыс Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облысынан өкілдер қатысты.
Конференцияны ашқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ауқымды шараның мақсаты жайында айтып өтіп, М.Ықсановтың қызмет жолы, оның ішінде Сыр өңірінде басшылық жасаған кезінде атқарған ізгі істеріне тоқталып өтті.
– Біз өткенімізді саралап, келешегімізді бағамдай білетін халықтың ұрпағымыз. Сондықтан өз кезегінде халық үшін еңбегін аямай, елім деп жастық күш-жігерін жұмсаған ұлыларымызды ұлағаттап отыру азаматтық парызымыз деп білеміз. Бүгін біз мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Біләлұлы Ықсановты еске алып, оның өмірі мен еңбек жолына арнап танымдық конференция өткізіп отырмыз. Құрметті қонақтар, Алаштың анасы атанған Сыр еліне қош келдіңіздер!– дей келе, Қырымбек Елеуұлы М.Ықсановтың Сыр топырағындағы елеулі ізі, ерен істері туралы баяндады. Онан соң қатысушылар М.Ықсановтың өмір жолы жайында дайындалған деректі фильмді тамашалады.
Баяндамалар кезегін Батыс Қазақстан облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар бастады. Мәлік Иманқұлұлы хабарламасын М.Ықсановтың есімін есте қалдыру бағытында ұйымдастырылып жатқан шараларға ризашылығын білдірумен бастады.
– Бүгін Қызылорда қаласындағы білім ордасына мемлекет және қоғам қайраткері М.Ықсановтың есімі берілуі және оқу ордасының алдында ағамызға арнап ескерткіш бюсттің орнатылғанына, бүгінгідей танымдық конференцияның ұйымдастырылғаны үшін облыс әкімі және Батыс Қазақстан облысы делегациясы атынан зор ризашылығымызды білдіреміз,– дей келе, М.Ықсановтың өмірі, туған жерінде қалдырған игілікті ізі жөнінде әңгімеледі.
Өз кезегінде бұрынғы Су шаруашылығы мемлекеттік комитетінің төрағасы Нариман Қыпшақбаев Мұстақым Біләлұлының су маманы ретінде атқарған істеріне тоқталса, Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Өмірхан Көзбасов М.Ықсановтың Оңтүстік Қазақстан облысының дамуына қосқан сүбелі үлесі жайында айтып өтті. Қоғам қайраткері Сабыр Арыстанбаев оның қайраткерлік қырын, іскер әрі ұйымдастырушылық қабілетін әңгімеледі. Мұстақым Ықсанов 1952 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтын бітірген соң Алматы қаласындағы Фрунзе аудандық комсомол комитетінің хатшысы болады. Содан соң өз мамандығы бойынша су құрылысы және техника саласына жұмысқа ауысады. Ол Жетісай құрылыс басқармасының қатардағы қызметкері болып бастап, басқарма бастығы дәрежесіне дейін көтеріледі. 1958 жылы Бетпақдала ирригация құрылысы тресінің бастығы қызметіне жіберіледі. 1961-1966 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Ильич аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Оңтүстік Қазақстан өлкелік су шаруашылығы басқармасының бастығы, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. Ол Сыр өңірін басқарған тұста қордаланған мәселелердің шешімін табуға ұйытқы болды. Әсіресе, ауылшаруашылық саласының өркендеуіне мүмкіндік жасады. «Дала академигі» атанған Ы.Жақаев осы жылдар ішінде күріштен рекордтық өнім алып, аты әлемге танылды. М.Ықсанов биліктің өзге салаларында жемісті еңбек етіп, Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.
Конференцияны қорытындылаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев елі үшін аянбай еңбек етіп, артында өшпес із қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың есімі елі барда, халқы барда ешқашан ұмытылмайтынын, ол кісінің өнегелі өмір жолы кейінгі жас ұрпаққа үлгі екенін айтты.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |